МАҢДАЙЫ ТЕРЛЕМЕГЕННIҢ ҚАЗАНЫ ҚАЙНАМАЙДЫ

0 245

Қым-қуыт қала өмірінде тырбаңдап тіршілігін жасап, нәпақасын адал еңбектен тауып жүрген еңбекқор жандардың ісі елеуге тұрарлық. Ащы еңбектен тәтті нан жегізген тер иісі – тірлік иісі. Газетіміздің өткен сандарында жарияланған мақаламызға кәсібі көзге көріне бермейтін еңбек иелері арқау болған. Сол жазбамыздың жалғасы – бүгінгі әңгімеміз етікші, тігінші және шаштараз жайында болмақ.

ERA_8097

Ерінбегеннің есебі түгел

Біздің ұшымен, білектің күшімен күнкөріс қамын жасаған етікшінің еңбегі көбіне ескерусіз қалады. Ертегідегі етікші секілді қазіргі етік­шілер де төрт теңге пайда тауып, төрт теңге зиян қылады. Яғни,тапқан табыс күнделікті ішіп-жемнен артылмайды. Кейіпкеріміз Мұхтар ұстаның әңгімесінен осыны аңғардық.

Базар маңынан орнын сайлап аяқкиім жөндеумен айналысатын Мұхтар Жаңабаевтың бұл кәсіпке келгеніне он жылдан аса уақыт болған. Қырық алты жастағы қырқа асқан бұл кісі – төрт бала тәрбиелеп отырған отағасы. Кеңестік кезеңде инспектор болып қызмет істеген. Кейін тәуелсіздік алған тұста бәрі тарап, жұмыссыз қалды. «Халықтың қалтырап өмір сүріп, елдің аяққа тұрып кетуінің өзі күмәнді қиын күндер еді ол кез. Үйдің арқасүйері, асыраушысы болған соң қарап отырмай қарекет қылдым, ауылда егін ектім. Бұл кәсіппен 2005 жылдан бастап айналыстым. Енді бастаған кезімде егіншіліктен алыс­тамадым. Жазда ауылда егін егіп, қыста Астанаға келіп етікші болдым. Ал, қазір қысы-жазы осындамын.
Әйелім үй шаруасында, балаларға қарайды. Үлкен балам – студент, ақылы бөлімде оқиды. Соның бәріне тартқылап жеткіземіз, әйтеуір…» дейді етікші Мұхтар.

Ұстаның сөзінше, жазға қарағанда қыстағы іс өнімдірек. Қыстық аяқ­киімдердің салмағы ауыр болған соң жұмыс та ауырлайды, ақшасы да – ауқымды. Етіктердің көбінесе, табаны, өкшесі, бекітпесі жөнделеді. Бұл – 15-20 минуттық шаруа. Кейде жөндеуге жарамай қалған етіктерге жаңа табан салуға тура келеді. Ондай іс нәтижесі келесі күні дайын болады. «Аяғын көріп, асын іш» дегендей, көп адамды ұста аяқкиіміне қарап танып, ажыратып жатады. «Мысалы, мына қолымдағы етік – италяндық аяқкиім. Бұлардың табаны да таза теріден, ал өкшесі ағаштан жасалады» дейді шебер.

Ұстаның өрісі көрігінен төсіне дейін. Өз ісінің шебері бұл ұста «Аллаға шүкір, еңбегім – адал» дейді.

– Осы маңайда ебі жоқ етікші болып істейтін көп адам бар. Алдына аяқкиімін жөндетуге келгендерге сапасыз қызмет көрсетеді. Істеген ісінен шикілік шығып, тұтынушыларды ренжітіп жатады. Ал мұндай жағдайлар біз ұстаған бізге де ықпалы етеді, – деп кейбір осы саладағы әріптестеріне көңілі толмайтынын байқатты.

 ERA_8123

Тігіншіні инесі асырайды

Ісмерлік те – іскерлік. Келесі ке­йіпкеріміз тігінші Раушан Махтина құрақ құрап, іс тігеді. Бала кезінде қызығушылықпен кіріскен тігіншілік кейін келе кәсіп көзіне айналады.
«Бұл жұмысқа 1999 жылдан, 20 жасымнан бастап шындап кірістім» деп бастады әңгімесін Раушан:

– Туған жерім – Қостанай облысы, Торғай ауданы. Ауылда жүріп мектеп формасын, ба­ла­лардың концерттік киімдерін тіктім. «Аққу», «Қара жорға», «Қамажай», «Жылан» билеріне арнап тіккен киімдерім әлі күнге дейін мектеп гардеробында тұр, кәдеге жарап жатыр.

Кейін Астана қаласына көшіп келдік. Күйеуім Жангелді Махтин құрылысшы болып істейді. Өзім осында Ләззат Бейсенбаева апамен бірлесіп, тігін шеберханасында жұмыс істеп жүрмін. Бәрі бала-шағаның қамы үшін ғой, – дейді тігінші.

Раушан – үбірлі-шүбірлі ана, төрт бала тәрбиелеп отыр. Тігіншілікті өнер деп білетін еңбеккер ана тапсырыспен киімдер тігеді. Астанаға келгелі кең көлемде тапсырыс алып, арнаулы жұмыс киімдері мен әскери киімдер де тігіпті. Ал, шеберханада көбі қысқарту, жамау, пішу жұмыстары істеледі.

Ісіне шын берілген ісмер Раушан «Көңілсіз жұмыс – өнімсіз. Бар ынта-ықыласпен істеген іс қисық болмайды. Жіптің инесіз күні жоқ болса, бізге де тігіншіліктен басқа жұмыс жоқ» деп сөзін түйіндеді.

 Ореке1352

Шаруасы шалқыған шаштараз

Шаш – адамның шырайы. Келбеті­нің келісті болуы үшін адамдар түрлі шаш үлгісін қояды.

Осыдан екі ай бұрын өзім әрдайым шашымды қидыратын Мықтыбек атты шаштаразға барғанымда орнынан таппадым. Сонда істейтін әріптестері жұмыстан шығып кеткенін айтты. Қалтамда жүрген визиткасын алып, телефонына хабарласып, мекенжайын анықтадым. Жаңа жұмыс орны «Барыс» шаштаразы екен.

Сонымен, іздеп бардым. Мықтыбек өте көңілді, жақсы жаңалығымен қарсы алды. Жеке шаштаразын ашыпты. Бұл көптен бері ойға алып жүрген жоспары болатын. «Құтты болсын!» айтып, шаштараздың атауын неге «Барыс» деп қойғанын сұрадым. Сөйтсем, мен ойлағандай бұл атаудың ешқандай аңға қатысы жоқ екен. Жүйелі сөйлейтін жігіттің сөз саптауы жақсы еді. «Ырымдап, ниет етіп, «осы ісім ырысты болсын» деген оймен «бар» және «ырыс» сөздерін біріктіріп, «Барыс» деп қойдым» дейді Мықтыбек марқайып.

Мықтыбек Базарбеков – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Көп балалы  отбасының  кенжесі.  Алдында екі ағасы, үш әпкесі бар. Екі ағасы да шаштараз екен. «Шаш қию да – өнер. Сұранысқа ие мамандық. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген мақал бар. Жасымнан түрлі жұмысты істеп көрдім. Колледжде бағдарламашы мамандығы бойынша білім алғанмын. Бірақ ол дипломмен мардымды жұмыс табыла қоймады. Өскеменде әскерде болып, Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң өз бетіммен жұмыс тауып, істеп кеттім. Алғашында базарда тұрып бір дүңгіршекте донер кебаб жасайтын аспаз болдым. Содан соң, саудамен айналыстым. Ақырында осы кәсіпке келіп, тұрақтадым» дейді шаштараз жігіт.

Асабалық өнері де бар екен. Кезінде әкесі, әкесінің інілері асабалықпен айна­лысқан. «Құдалық, кішігірім тойларды басқара аламын» дейді мақалдатып сөйлейтін Мықтыбек. Шаш қиюға саусақтары жүйрік жігіттің тілге де жүйрік екеніне көзім жетті.

Еңбек – ердің несібі. Нәсібін осы кәсіптен терген Мықтыбектің алға қойған мақсаты айқын. Жақсы бас­тама – істің жартысы. Осы кішігірім шаштаразын келешекте үлкен сән салонына айнайдыру ойында бар.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =