МАҢДАЙАЛДЫ КӘСІПКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

0 330

Астана күні мерекесіне орай биыл алғаш рет елордада үздік кәсіпкер, үздік меценат пен үздік инвестор анықталып, оларды Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов арнайы марапаттады.

– Кәсіпкерлік – ел экономикасының бойына қан жүгіртетін ең қажетті саланың бірі. Оның халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызы үлкен екендігін қоғам да толықтай түсінді. Қазіргі таңда елорданың экономикалық өсімі жаман емес. Айталық, жалпы аймақтық өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда, соңғы бес айдың ішінде 3,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 4 пайызға ұлғайды. Елордада белсенді жұмыс істеп жатқан орта және шағын бизнес субьектілерінің саны 56 мыңнан асты. Ал, соңғы бес айдың ішінде бюджетке түскен түсімдер былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қала экономикасының қарқынды дамуына сіздердің де үлестеріңіз көп, құрметті кәсіпкерлер! – деді құттықтау сөзінде Иманғали Нұрғалиұлы.

Алдында өткен Кәсіпкерлер жиынында Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан кәсіпкер азаматтар марапатталатыны айтылған болған. Осы уәдеге сай, Астана қаласының әкімдігі қалалық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өзгеге өнеге ретінде үздік кәсіпкерлерді марапаттап отырғанын айтқан қала басшысы олардың шаһар үшін жасаған жақсылығына жан-жақты тоқталып өтті.

Сонымен, биылғы «Үздік кәсіпкер» атағына «ALIT» ЖШС бас директоры Нұрлан Әлжанқұлов ие болды. «Бұл компанияның негізі 1992 жылы қаланған. АЛИТ – құрылыс материалдарын өндіретін бірінші отандық компания. Олардың шығаратын құрылыс материалдарының 95 пайызы – отандық өнім. Астанадағы барлық құрылыс ұйымдарымен жұмыс істейтін компания өнімдерін әлемдік стандартқа сай сапалы жасауға, сан түрлендіруге барын салып келеді» деді қала әкімі.

Ал, «Үздік меценат» болып, «Bi group» холдингінің президенті Айдын Рахымбаев танылды. Құрылыс саласында көшбасшы компания ретінде жақсы таныс ірі инвестициялық холдинг ұжымы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезінетінін елорда әкімі ерекше атап өтті. Олар 2004 жылы «Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қорын құрып, мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша қолғабыс етіп келеді. Осы «Жұлдызайдан» қанаттанып ұшқан талай өрен денсаулығына қарамастан халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Астанадағы Балалар үйлеріне, мүгедек балалар орталықтарына демеуші болудан танбай келе жатқан компания жыл сайын 250 жеткіншекті республикалық сауықтыру орталықтарына жіберуді жауапкершілігіне алған. Міне, осындай жомарттығымен аталмыш компания басшысы «Үздік меценат» атанып отыр.

«Үздік инвестор» аталымында «Жаннұр-Астана» ЖШС компания тобының президенті Болат Садық жеңімпаз болды. Бұл өзі сан-салалы 25 компанияны біріктірген серіктестік. Оның ішінде сауда үйлері де, супермаркеттері де, көліктік-логистикалық қызметі де, күзет-заңгерлік қызметі де бар. Тіпті, кулинарлық-кондитерлік өнімдер шығарумен де айналысып, коммерциялық тұрғын үйлерді де салып жатыр. «Жаннұр-Астана» бүгінде «Хан ауылы» атты мейрамханасы бар, көлемі 45 мың шаршы метрлік алып кешенді салуға инвестиция құйды. Сондай-ақ, «Мыңжылдық аллеясы» мен Сейфуллин көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үй кешендері осы компанияның қаржысымен салынуда.

Олар Астанадағы ғана емес, күллі Қазақстандағы көптеген жобаларға инвестиция құйып келеді. Осындай инвестициялық ерекшелігімен «Жаннұр-Астана» үздіктердің қатарынан көрініп отыр.

Жалпы байқау екі кезең бойынша өтіпті. Алғашқы өтінімдерді қабылдау кезеңі 5 маусым мен 25 мау-сым аралығында жүргізілген. Кейін 5 шілдеге дейін іріктеу кезеңі өткізіліп, жеңімпаздар анықталған.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + twenty =