Мәнді-мағыналы муралдар

0 39

Бір кездері елімізде ғимарат, үй қабырғаларына бейнеленген суреттер, бояумен жазылған сөздер вандализм ретінде қабылданып, көптің наразалығын тудыратын. Ал қазір ол бейнелеу өнерінің заманауи үлгісі саналады. Себебі уақыт өте стрит-арт өнері жаңаша сипат алды, суреттердің мән-мағынасы артты. Қаладағы көпқабатты үйлердің қасбеттеріндегі, көпір астындағы көркем туындылар астананың ажарын ашты. Ұлы тұлғаларымыз бен ел мақтаныштары бейнеленген муралдар тарихымызды жаңғыртты. Осы орайда Қазақстанға стрит-арт өнерін әкеліп, дамытып жүрген қылқалам шеберлерімен әңгіме өрбіттік.

Олар Таңсықбаев атындағы сәндік және қолданбалы өнер колледжі мен ­Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері – Ержан Танаев пен Әли Закир. Қос талант стрит-арт өнерімен 2007 жылы Алматыда өткен «Snickers UrbanиЯ» фестивалінде танысады. Көше өнерінің бар бағытын қамтыған шарада граффитиден байқау өтеді. Сондағы кәсіби мамандардың жұмыстарынан шабыт алған екі дос келесі жылы аталған феситивальге өз туындыларын ұсынады. Уақыт өте келе олар мурал салуды қолға алған.
Ержан Танаевтың айтуынша, ең бірінші муралды Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Талдықорған қаласында салған. Одан кейін ұлы тұлғаларымыз бен Геннадий Головкин, Айдын Айымбетовтің бейнелерін салып, көптің ықыласына бөленді. Олардың елордадағы алғашқы жұмысы «Текемет» деп аталады, бірақ жергілікті тұрғындар «Тюльпан» дейді. Оны бас қаладағы «ҚҰЛАНШЫ» өнер галереясы ұйымдастырған фестиваль аясында бейнелепті.
«Түрлі фестиваль, байқауларға қатыс­тық. Студент болған соң сурет салуға қажетті құралдар алуға қалта көтермейтін. Содан байқауларда барымызды салып, бас жүлделерге ие болып, керек-жарағымызды өзіміз сатып алдық. Тәжірибе үшін талай ақысыз суреттер салғанбыз. Табыс бірден түспейді. Көп еңбектену керек. Кейде көшеге шығып, иесіз үйлердің қабырғаларына жан рахаты үшін бейнелер салып тұрамыз» дейді Ержан.

Жігіттер 2007 жылы «Tigrohaud Crew» деген атпен топ құрып, республика бо­йынша мурал-артты алғашқылардың бірі болып қолға алады. Әу баста өз ойларын қабырғаға бейнелеп, хобби ретінде сурет салып жүреді. Жылдар өте келе қызығушылықтарын кәспке айналдырып, бүгін соның нәсібін көріп отыр.

Әлидің айтуынша, орта есеппен бір муралға 3-4 күн қажет. «Алдымен, жобаның эскизі жасалады. Тапсырыс берушімен толық келісім жсалып, екі жақ мақұлдағаннан кейін ғана іске кірісеміз. Бірінші кезең түнде басталады. Проектордың көмегімен қабырғаға суретті түсіріп, контурларын белгілейміз. Келесі күні бояумен айналысамыз» дейді ол.
Студенттік кездерде рұқсат етілмеген жерге сурет салып, «Қабырғаны неге бүлдіресіңдер?» деген ұрысты есіткен кездеріміз де болды дейді Әли. «Бұрын қабырғаға ұнатқан қызымның портретін салып жатқанымда қарама қарсы үйдің тұрғыны тәртіп сақшыларын шақырған, сол кезде бір рет ескерту алғаным бар. Басқа заң бұзып, айыппұл төлеген жағдай орын алмаған».
Көшеде әрі биіктікте тұрып қабырғаға сурет салудың кедергісі көп. Дегенмен өз ісін сүйетін жандарға қызықтары да табылады. «Абай атамыздың портретін күннің суығында, жаңбыр мен қар аралас, желді күндері салдық. Күні бойы жұмыс істеп, кешкісін тоңып үйге қайттық. Ертеңіне жұмысқа келсек, самаурынын көтеріп, бір жүргізуші кісі күтіп тұр. Бізге ыстық шәйін ұсынды. Мәз болып қалғанбыз, сол кісіге алғысымыз шексіз. Биікте тұрып сурет салғанда бейнені тұтастай көре алмағандықтан бірнеше рет жерге түсіп, қайта шығуға тура келеді. Туынды ойдағыдай шығу үшін ештеңеге алаңдамау керек. Биіктіктен қорқып, қолың дірілдейтін болса, сурет сала алмайсың. Ептілік, сабыр, төзімділікті талап ететін өнер түрі деп білемін» деп тарқатты Әли.
Ұлы тұлғалардың суретін салу кезінде түпнұсқа суреттердің болмауы қиындық тудыратыны анық. Сосын кішкентай бейнені үлкейткен кезде бет-әлпетінің пішіні өзгереді. Ұқсастықты 100 пайыз­ға сақтау үшін, өте мұқият болу қажет екені тағы бар.
Бүгінде қылқалам шеберлерінің қоржынында 30-ға жуық туынды бар. Оларды Талдықорған, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе қалаларының көшелерінен көруге болады. Десе де олар мұнымен тоқтамай, шетелге шығуды көздейтіндерін айтты. «Жақында Германияға жұмыс бабымен шақырту алдық, алайда эпидахуалға байланысты бара алмадық. Негізгі мақсатымыз – әлем елдеріне өз еліміздің атын таныту, тәжірибе алмасу. Алдағы уақытта әлем мойындаған өнерпаздар қатарынан көріну үшін аянбай еңбек етеміз. Шетелге шығып, ұлттық нақыштағы туындыларымызды дәріптейміз» дейді Ержан Танаев.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × four =