Манас қазақша басылды

0 15

Кеше ұлттық академиялық кітапханада ақын, драматург, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжановтың «Манас. Семетей. Сейтек» кітабының таныстырылымы өтті.Барша адамзатқа бағалы мәдени мұра, көршілес қырғыз халқының «Манас» эпосын қазақ оқырмандарына түсінікті тілмен жеткізу – заман қажеттілігі. Өйт­кені миллиондаған жол жырды бүгінгі һәм келешек жастардың игеріп, оқып шығуы аса қиын. Эпосты қазақшалаған Баянғали Әлімжанов қырғыз жырының ырғақ, бояуын дәл жеткізіп, негізгі оқиға желісін, қуатты рухын, көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, арасында қара сөзбен баяндап, төрт есе ықшамдап, бір деммен оқылатын тартымды дүние жасаған.
«Манас», «Семетей», «Сейтек» деп аталатын аталы-балалы батырлар туралы ұлан-ғайыр жыр бір кітаптың ішінде тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл туынды екі ел арасындағы ынтымақтастық пен бауырластықты, әдеби-мәдени байланысты одан әрі нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Автордың айтуынша, бұл жинақ – Қазақстан және Қырғызстан тәуелсіздігінің отыз жылдығына тарту.
Жуырда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қырғыздың «Манас» эпосын Қазақстанда танытып, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Баянғали Әлімжановты «Достық» орденімен марапаттағаны мәлім.
Кітаптың тұсаукесеріне Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаев, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев, филология ғылым докторы, профессор Серік Негимов, Халық­аралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, тағы да басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + eighteen =