МӘМС-тің мәмілесі қандай?

0 31

Биыл елімізде дәрігерлер жалақысы 30 пайызға, ал орта медицина қызметкерлері жалақысы 20 пайызға көтеріледі, жасанды ұрықтандыру шараларын жасауға бөлінетін квота саны 7 есеге, яғни 7000-ға артады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы директоры Нұрлыбек Қабдықапаров онлайн форматта өткен брифингте хабарлады.

Қазіргі уақытта елордалықтардың 82 пайызы – МӘМС жүйесінің қатысушылары. Бір жылдың ішінде сақтандырылған тұрғындар саны 43311 адамға көбейді: 2020 жылдың қаңтар айында 922893 адам болса, 2021 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш 966204-ті құрайды.
Қордың 2021 жылғы қыз­метінің негізгі бағыттары:
– алғашқы медициналық-санитарлық көмектің басым бағыттарын дамыту, жақын жерден көмек алу қолжетімділігі, скрининг бағдарламалары;
– тұрғындарға ауруды басқару бағдарламалары туралы ақпараттандыру, мейіргер ісі мен патронаж қызметін дамыту, ем­деу-диагностикалау кезеңін ұйымдастыруда мейіргер ісін жандандыру;
– ауылдық жердегі денсаулық сақтау ұйымдарына қолдау көрсету (МӘМС жүйесінде қаржыландыруды арттыру), ПМК қамту;
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жоғары технологиялық медициналық көмек шараларын қаржыландыруды арттыру;
– қашықтан медициналық көмек алу қызметін дамыту;
– «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ерекше күтімді қажет ететін балаларды медициналық оңалту шараларын қолдау;
– балалар денсаулығын қорғау, неонатальды скринингті қаржыландыру және психикалық-физикалық дамыту арқылы сырқат белгілерін ерте анықтау және оның дамуына жол бермеу, мектептегі медицинаны одан әрі дамыту;
– мамандандырылған медициналық көмек пен жоғары технологиялық диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, академиялық медицинаны дамыту, т. б.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, әлі 213 мыңнан аса астаналық қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
«Олардың ішінде 90,1 мыңы – жалдамалы жұмыс­керлер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер, бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударатындар, өз бетінше жарна төлейтіндер, жеке практикамен айналысатын адамдар жүйелі, тұрақты түрде аударым жасалмағандықтан, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр» деді ол.
Сонымен қатар сақтандырылмағандар арасында жыл соңына дейін сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін.
Жеңілдікті пайдалану үшін жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері туралы мәліметті қордың msb.fms.kz сайтына орналастырып, оларды сақтандыруы тиіс. Содан кейін жұмыскерлер ешқандай төлем жасалмаса да, сақтандыру пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдалана алады.
Соңғы деректер бойынша Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33585 ШОБ субъектілері тіркелген. Олардың ішінде 22178 субъект ақпараттық жүйеде өз деректерін жаңартқан, ал 11407-сі ақпараттық жүйеде өз деректерін әлі жаңартпаған. Осылайша 11407 кәсіпорынның жұмыс­керлері МӘМС жүйе­сінен тыс қалған.
ҚР Үкіметінің 2020 жылы 20 сәуірдегі №224 қаулысы бойынша жеке жұмыс істейтін тұлғалар, сондай-ақ, микро, шағын және орта бизнес субъек­тілері 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін қарамағындағы қызметкерлер үшін жарна төлеу міндетінен босатылған болатын.
Қор «Сақтандыру» ақпараттық жүйесіне енгізілмеген ШОБ қызметкерлері сақтандыру жүйесіне қарыз болып қалмас үшін бизнес нысандарына тиісті мәліметтерді 2021 жылдың І тоқсанының соңына дейін енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Қалада өткен жылдың қорытындысы бойынша COVID-19 және вирустық пневмониямен күрескен 38,2 мыңнан астам медицина қызметкеріне қаржылық қолдау көрсетілді. 2020 жылдың наурыз-желтоқсан айларының аралығында осы мақсатқа 14,1 млрд теңге бағытталды.
Көтермелеу сомасы еңбек жағдайларының қауіптілік дәрежесіне байланысты 20, 10 және 5 ЕТЖ құрайды.
Қазіргі уақытта Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы 2021 жылдың қаңтар айына да үстемақы төлеуді аяқтады: барлығы 3614 (бірінші қауіп тобында – 1107, екінші қауіп тобында – 1068, үшінші қауіп тобында – 1439) медицина қызметкеріне үстемақы төленген.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Сондықтан азаматтарды мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеруге және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда қордың байланыс телефоны: 1406 нөміріне немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы байланысуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eleven =