МӘМС: Алғашқы нәтиже

0 21

Кеше елордадағы бастапқы деңгейде медициналық көмек көрсететін үш емханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы жұмыс барысы таныстырылды. Медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, өткен жылдың қаңтарымен салыстыр­ғанда медициналық қызметтер санының өсуі шамамен 30 пайызды құрады. Жаңа жоба медициналық қызметтер көлемін ұлғайтып, қолжетімділігімен халыққа қолайлы болып отыр. Компьютерлік және магнитті-резонанстық томография сияқты қымбат қызметтерді көрсету 9 237-ден 14376-ға дейін, яғни 54 пайызға, салалық мамандарының консультациялық қабылдауы 26 пайызға және клиникалық зерттеулерге химия (биохимия) сұранған науқастардың саны 21 пайызға өскен.
Елордалық №2 емхананың балаларға арналған корпусында болғанымызда 18 жасқа дейінгі жеткіншектердің медициналық қызметтер және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін, бұрындары мамандардың жетіспеушілігінен айлап кезегін тосатындарға тиісті медициналық қызметтердің кешіктірілмей көрсетілетінін білдік. Сонымен бірге балаларды оңалту кабинеттері ашылып, науқас балалар ем алуда. МӘМС-тің тағы бір артықшылығы, ауыр науқастан тұрғандарды оңалтуға мүмкіндік ашылды. Мысалы, инсульттан кейін емделгендер өздері тіркелген емханалардан оңалту-бейімдеу шараларын алатын болады. «Медикер Астана» жеке клиникасында да тегін қызметтердің саны артып, сақтандыру жүйесінің қыз­мет сапасына оң әсер еткеніне көзімізді жеткіздік.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық мақсатында елорданың медициналық ұйымдарына медициналық қызметтерді айтарлықтай ұлғайтуды көздейтін 250 бірлік 3,6 млрд теңге сомаға жабдық, жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге мамандандырылған 52 бірлік көлік сатып алынған, жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. 2,5 мың маман біліктілігін арттырған, оның ішінде 875 дәрігер, 1600 орта медициналық персонал, 100 әкімшілік персонал, алыс және жақын шетелдерде 38 дәрігер білім алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды