МӘМБЕТОВ МЕКТЕБІНДЕ ШЫҢДАЛДЫ

0 144

 

323212-(1)

1991 жыл. 15 қараша. Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры тарихына бұл дата мәңгіге таңбаланып қалды. Сол күні өнер ордасы Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен өз шымылдығын алғаш түргенде Ақтоқтының қазақ салтымен айттырған қосағы Жалмұқанның бейнесін отыздың бел ортасындағы актер Болат Ыбыраев сомдап шықты. Театрдың іргетасын қалаған режиссер Жақып Омаров бұл өнерпазды  бұдан бір жыл бұрын С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрынан арнайы алдырып, тұсаукесер қойылымдағы күрделі образды сеніп тапсырған еді.

…Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Актердің дарынын қапысыз таныған Жақып Омаров та, одан кейін театрға басшылық еткен Қадыр Жетпісбаев та, Болат Ыбыраевтың бойындағы өнерінің ашыла түсуіне үлкен үлесін қосқан атақты сахна шебері Әзербайжан Мәмбетов те бұл өмірде жоқ. Ал, баяғы Жалмұқанның бейнесінде сахнада жарқыраған жігіт бұл күндері алпыстың асқарына шығып, ел ағасына айналды. Желкесіне түскен шашы ақ қылауға боянғанымен сол бұрынғы қалпы. Міне, екеуіміз театрдың бір кабинетінде сұхбаттасып отырмыз. Негізгі әңгіме сахна, актерлік өнері жайында шертілуде.

Сұхбаттасымыздың сөзінен аңдағанымыз – бүгінгі күнде актер ретінде қандай биікке жетсе, соның бәрі бала кезінде анасынан алған тәрбиенің әсерінен екен ғой. Иә, анасы Күлән­дә қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін оқығанды жақсы көруші еді. Үйге қонақтар келгенде де, жайшылықта үлкен шаңырақ кешкі асты ішіп болған соң да «Қо­бы­лан­ды», «Алпамыс», «Қы­рық қыз» сынды жырлар басылған қалың кітапты алдына алып, қиял-ғажайыптар әлеміне жетелейтін. Сонда бала Болат сол жырлардың кейіпкерлерімен бірге тыныстайтын. Бойына актерге аса қажет романтикалық рухтың дәні сол уақытта себілді.

Есейгенде сол рух атой салып, Алматыдағы консерваторияның  театр факультетіндегі КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Наурызбаеваның шеберханасына түсті. Білікті ұстаздардың тәлім-тәрбиесін көріп, кейіннен С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына жұмысқа келді. Ол жерде Ж.Шаш­кина, Ә.Молдабеков, М.Сүртібаев, Р.Қойшыбаева, А.Мұсабекова, Қ. Сатаев, Ә. Абылаева, Ш. Жүнісов, Р. Омарханова сынды майталман актерлерге қарап, бой түзеді.

Айтпақшы, Алматыда қалуына да болар еді. Белгілі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркенов оны Балалар  мен  жасөспірімдер театрына (қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы театр) алып қалғысы келді. Алайда, Жақып Омаров болар да болмай Болат Ыбыраевты Қарағандыға алдырды. Сөзіміздің алдында айтқанымыздай, актердің Астанаға келуіне де тікелей сол кісі себепші болды.

Иә, актердің өмірі мен шығармашылығына үлкен әсерін тигізген екі адам болса, соның бірі – Жақып Омаров, екіншісі – Әзербайжан Мәмбетов. Біріншісін айттық, ал екіншісі өзінің Ш. Айтматов шығармасының желісімен қойылған «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасында және А. Чеховтың «Ваня ағайында» жауапты рөлдерді берді. Болат Ыбыраев алғашқысында Едігенің, соңғысында Войницкийдің бейнелерін сомдады. Әзекең актерді отқа да, суға да салып шындады. Кейіпкерлердің рухын сезіне түссін деп, актердің сахнада ауырып тұрғанына қарамай, рөл ойнатты. Ол өз жемісін берді. Мәмбетовтің мектебінен өткен Болат Ыбыраев атақты режиссердің көзі тірісінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Екі жыл бұрын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атанды.

Осынау атақтың иесі Болат Ыбыраев сахнадағы 40 жылдық ғұмырында алпыстан астам рөл сомдады. Алдағы жексенбі, 13 қыркүйек күні көрерменімен қайтадан қауышпақ. Өзінің бенефисін өткізіп, Едігенің рөліне еніп, сахнада атой салмақ. Сүйікті актерімен жүздесу үшін сол күні театрды бетке ал, көрермен қауым.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eleven =