Мәмбетов мәнері

0 106

Ш.Айтматовтың шығармасы желісімен «Ана-Жер-Ана» спектаклін сахналаған Әзірбайжан Мәмбетов бұл қойылымы үшін 1965 жылы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Осындай ұлы шығарманы қойған театр реформаторының шығармашылығы арнайы іргелі, терең зерттеулерді қажет етеді. Ә.Мәмбетов режиссурасы ешкімнің стиліне ұқсамайды, өзіне тән мәнерге құрылған. Ұлы актерлер шоғырын дайындаған дара режиссердің өнері қазақ елінің мақтанышына айналды.

Ә.Мәмбетов 1932 жылы 1 қыркүйекте Ресей Федерациясы, Волгоград облысы, Савинка селосында дүниеге келген. 1952 жылы Алматының көркем-театр училищесінің актерлік факультетін ойдағыдай аяқтайды. 1952-1957 жылдары Мәскеудің Луначарский атындағы ГИТИС-тің режиссура факультетінде оқиды. Оқу орнындағы ұстаздары КСРО халық әртістері Н.М.Горчаков пен А.А.Гончаровтан білім алады. Екі профессор да К.С.Станиславскийдің шәкірттері болған. 1957 жылы оқуын жақсы бітіріп, ­М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында бас режиссер, директор болып қызмет еткен. 1965 жылдан театрдың көркемдік жетекшісі, екі жүзге жуық спектакль қойған.

Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» қойылымы үшін 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Бұл қойылымын Чехословакияның Прага ұлттық театрының сахнасына шығарды. Ш.Айтматовтың «Ғасыр­дан да ұзақ күн» атты туындысын Е.Вахтангов атындағы Мәскеу академиялық театры сахнасына шығарса, М.Әуезовтің «Абайы» Ташкенттегі Хамза атындағы өзбек академиялық театрында сахналанған.

Қазақ театрының өткенін еске алсақ, сахна өнерінің дамуына үлес қосқан көптеген режиссердің есімдерін кездестіреміз. Сол топтың ішінен Ә.Мәмбетов өз орнын ойып тұрып алды.

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шығармашылық жолы Ә.Мәмбетовтің қызметімен тығыз байланысты. Оның режиссурасымен Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-­Анасы», М.Әуезовтің «Абайы», «Айман-Шолпаны», «Қарақыпшақ Қобыландысы», «Қарагөзі», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», тағы да басқа қойылымдары және әлемдік классикадан К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит», М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», У.Шекспирдің «Кориолан», Софоклдың «Эдип патша» тәрізді шығармалары сахналанды. Ә.Мәмбетов – қазақ елінің мәдениетін, ұлттық рухын көтеріп, режиссура, актерлік өнер, сценографияда тың жаңалықтар әкелген ұлы тұлға.

Режиссер өмірдің күнгейі мен көлеңкесін тап басып, спектакльдердің негізгі идеялық тақырыбын терең түсініп, бүгінгі күннің сын-қатер­лерін, жаңаның өміршеңдігін, болашақтың айқындығын көрсетеді. Ол сахналаған спектакльдерде ішкі қарым-қатынас, күшті динамика, жанрға тән талғампаздық, ойын оқиғасы, табиғи өзгеріс, орындаушылардың өнері туралы нақты сахналық компоненттер қалыптасып, бір арнаға бірігеді. Режиссердің шешімдері көрермендерін таңғалдырып отырады. Ә.Мәмбетов Мәскеуге бес рет гастрольдік сапармен барып, шығармашылық жұмыстың тамаша нәтижесін көрсетіп, қазақ театрын дүние жүзіне танытты.

1999 жылғы маусым айынан бастап ол Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына жетекшілік етті. Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр өнері және өнертану» факультетінің құрылуына да Әзірбайжан Мәдиұлының сіңірген еңбегі зор.

Осы жылдың қыркүйегінде Қазақ ұлттық өнер университеті оқу театрының дәлізінде театр өнерінің барометрі, ұлы реформатор, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Келесі 2022 жылы Ә.Мәмбетовтің туғанына 90 жыл толады. Соған орай театр фестивальдері мен ғылыми конференцияларға әзірлік басталды.

Бес жыл бұрын елорданың оң жағалауындағы Әлихан Бөкейхан көшесі Әзірбайжан Мәмбетов көшесі болып қайта аталды. Алаш көсемінің атындағы көше сол жағалауға көшірілді. Осылайша бас қалада әйгілі режиссердің көшесі пайда болды.

DSC_2330

Ә.Мәмбетов көшесі Ғ.Қараш көшесінен басталып, Ағыбай батыр, А.Иманов, Т.Рысқұлов, Кенесары көшелерін қиып өтіп, Абай даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 846,3 м. Бұл көше елордалықтар мен қала қонақтары демалатын сүйікті орынға айналды. Астананың «Арбаты» дәл осы көше бойында орналасқан. Биылғы жазда Нұр-Сұлтан қаласында жаяу жүргіншілер серуендейтін жаңа кеңістік ашылды. «Demalys Promenade» Кенесары мен Абай көшелерінің аралығында орналасқан Әзірбайжан Мәмбетов көшесінің бойында сән түзеді. Бұл көше «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» ­мастер-жоспарының аясында салынды. Жаз бойы онда қала жұртшылығы үшін түрлі концерттер, ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

Ал жуырда ғана елорданың бірқатар білім беру мекемелері мен мәдени ошақтарға тұлғалар аты берілді. Соның ішінде «Nomad City Hall» театры Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры болып қайта аталды.

Қазақ ұлттық өнер университетінің оқу театрына да Әзірбайжан Мәдиұлының есімі берілген.

 

Нартай ЕСКЕНДІРОВ,

театр сыншысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 6 =