Мамандықтың үлкен-кішісі жоқ

0 38

Өміріңде екі таңдауды жасағанда, өзіңе сай жар және мамандық табуда қателеспе дейді. Сыңарын дұрыс жолықтырса да, білігі мен білімі жететін кәсібін таба алмай, бөтен жолда бағы жанбай жүргендер қаншама. Осы талаптарға қарама-қарсы «Есектің артын жусаң да мал тап» дейтін Абай атамыздың сөзі тағы бар. Әрине, жұмысыңды жаның сүйіп жасағанға не жетсін! Ал тек күнкөрісті күйттегенге «екі қолға бір күрек» жұмыс табылады. Кей адамдар елеусіз бір мамандықты меңгерсе де, содан жұлдызы жарқырап шыға келеді. Мамандықтың үлкен-кішісі жоқ деп соған байланысты айтылатын да болар. Сондықтан жұмыс жоқ және ақшасы аз демей, әрбір ыңғайға келген мүмкіндікті пайдалану керек.Елімізде жұмыссыздық мәселесімен айналысатын бағдарламалар мен жобалар өте көп. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығында бүгінде жастары 16-дан басталатын 4685 адам жұмыссыз ретінде тіркеулі тұр екен. Өкінішке қарай, тіркелмей жүрген жұмыссыздар саны одан бірнеше есе көп. Мәселен, finprom.kz порталының хабарлауынша, 2019 жылдың алғашқы 6 айында бас қалада 24,9 мың адам жұмыссыз болса, былтыр пандемия басталған кезде осы аралықта бұл көрсеткіш 6,9 пайызға өсіп, 26,6 мың адамға жеткен. Ал елімізде тіркелген жұмыссыздар саны былтыр шамамен 442,4 мың адам болып, жалпы барлық жұмысы жоқтар саны 1 млн-нан асқан.
Аталған орталық директоры орынбасарының міндетін атқарушы Бағила Орымбетованың айтуынша, олар 2 мыңнан астам жұмыс берушімен тығыз байланыста жұмыс істейді, бірақ ұсынған қызметтерге баратын адамдар аз. Өйткені бәрі бірден көп жалақы алатын әрі жұмысы жеңіл жерге күмп еткісі келеді. Ал жұмыссыздыққа тіркелетіндердің дені, негізінен, дипломы мен тәжірибесі жоқ немесе біліктілігі төмен адамдар болғандықтан, оларды жұмыс беруші бірден жоғары табысы бар қызметке қоя алмайды. Тек өзін көрсетіп, сәл уақыт өте қабілеті зор екенін дәлелдеген соң барып қана ондай мүмкіндік туады.
– Қазіргі таңда бас қалада еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар – жұмысшылар. Себебі қалада құрылыс жұмыс­тары қарқынды жүргізіледі. Сол нысандарға жұмысшы мамандар өте көп қажет. Атап айтқанда, газ-электр дәнекерлеуші, дәнекерлеуші, түрлі бағыттағы инженерлер, прорабтар, жүк көліктерін жүргізушілер керек. Елордада ірі зауыттар мен өндіріс орындары жоқ екенін білесіздер. Бізде көбіне қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Мәселен, мейрамханаларға түрлі сервис қызметкерлері мен супермаркеттерге кассир-сатушылар, қаптаушылар, бөлшектеп өлшеу­шілер сұратады. Біз солардың сұранысын қанағаттандыра алмай отырмыз. Себебі көбі жалақысын төмен, жұмысын қиын көріп бармайды. Былтырдан бастап медицина саласының мамандарына, нақтырақ айтқанда, орта медициналық персонал, медбикелер мен санитарларға сұраныс артты. Ондай мамандар бізге келіп тіркелмесе де, электронды «Еңбек биржасы» арқылы өз беттерінше жұмыс таба алады, ол жерде 70 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, – дейді Б.Орымбетова.
Пандемия кезінде жұмыс сұрайтын мұғалімдер мен тәрбие­шілер көбейіп кеткен. Мамандар мұны білім беру орындарындағы жұмыстың көбі онлайнға көшіп, кадрлар сұранысы шектелгендігімен байланыстырады. Керісінше, бұл ретте оларды керек етіп, шақыратын жұмыс беруші мекемелер азайып отырғаны содан. «Былтырдан бері көптеген балабақшалар жұмысын тоқтатты немесе жұмыс уақытын қысқартты. Әсіресе декреттік демалысқа кеткендердің орнында отырғандар жұмыстан шығып қалды. Себебі баламен отырған қызметкер аналар ақыры онлайн форматта үйден отырып жұмысын жасау мүмкіндігі туған соң, жұмысқа декреттік демалысы бітпей, күні бұрын қосылып кеткен» дейді ол бұл мәселенің себебін түсіндіріп.
Елордада жұмыссыздар осы орталық арқылы белгілі бір салаға қайта бағдарланып, курстар оқып алуына болады. 1-3 ай аралығын қамтитын курстарда әйелдер тігінші, аспаз, кондитер, наубайшы, кассир, шаштараз, ал ер адамдар кран айдаушы, слесарь-сантехник, ағаш шебері, газ дәнекерлеуші, дәнекерлеуші мамандықтарына тегін оқи отырып, ай сайын 21 мың теңге шәкіртақы алады. Биыл осы курстағы мамандықтар қатарына SMM-менеджерлер де қосылды.
Жалпы орталықта жасы 29-ға жетпеген, дипломы бойынша еш жерде жұмыс істеп көрмегендер «Алғашқы жұмыс орны» деген жоба арқылы да жұмыс таба алады. Одан бөлек, мүлдем ­диплом қажет етілмейтін, жасына қарамай 12 ай 73 мың теңге айлық төленетін «Қоғамдық жұмыстар» және жұмыс беруші жалақының 70 пайызын, ал 30 пайызын орталық төлейтін «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы да ұйымдастырылады. Былтырдан бері «Дағдарысқа қарсы шаралар» жобасы іске қосылды. Кез келген мекемедегі жұмысына жалақысын осы орталық төлейтін «Жастар тәжірибесі» жобасы бұрыннан бар. Бұған да 18 жастан жоғары, дипломы бар жұмыссыз мамандар келіп жұмыс істей алады.
– Осы «Жастар тәжірибесі» арқылы адам толтыра алмай жатырмыз. Соны елордалық жастарға жеткізсеңіздер. Орталық олардың кез келген жердегі қызметі үшін қолдарына тұрақты 83 мың теңге төлейді, қай қызметті атқарса да сол бір жалақы беріледі. Есесіне олар өз мамандықтары бойынша уақытша болса да қызмет ете жүріп, 6 ай тәжірибе жинақтап алады. Жұмыс берушінің қалтасынан ақша шықпайтындықтан, олар үйренем дегендерді қызметке бірден алады. Сол жерде жүріп жұмысқа төселіп, кейін жалақысы көп жерге баруға біліктілігін арттырады. Міне, соған жастар ақшасы аз деп келгісі келмейді. Міндетті түрде диплом алғанына үш жылдан аспауы және сол дипломымен мүлдем жұмыс істемеген болуы керек. Бірақ сол сәтте студент мәртебесі бар жастар бұған жарамайды, – дейді орталық өкілі. Бір айта кетерлігі, осындай дербес орталықтар Қазақстанның барлық өңірлерінде дәл осы жүйемен жұмыс істеп жатыр.
Жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де биыл көп сұранысқа ие мамандықтар тізімін жариялады. Ведомство белгілеген ең танымал жұмыстар тізімінде шаштараз, күзетші, инкассатор, бухгалтер, тәрбиеші, әлеуметтік пәндер мұғалімі, орта мектептің жаратылыстану пәнінің мұғалімі, орта медициналық қызметкерлер, жылжымайтын мүлік агенттері, сатушылар және олардың көмекшілері, ауылшаруашылық саласының жұмыскерлері, бастауыш сынып пен орта мектеп мұғалімдері, санитар техник, мал шаруа­шылығы қызметкерлері, аспаз, тракторист, құжат айналымы және басқа кеңсе жұмыстары бойынша жетекшілер, қара жұмысшылар, тазалық сақтаушылар, жүк көлігін жүргізушілер, бағбан, көше мен базардағы саудагерлер, математика мұғалімі, жеке адамның өмірі мен денсаулығын қорғайтын күзетшілер, фермерлер, спорт жаттықтырушылары, терапия саласындағы дәрігерлер бар. Алайда белгілі бір мамандыққа сұраныс­тың жоғары болуы көп жағдайда соған төленетін жалақының да көптігін білдірмейді. Керісінше, айлығы мардымсыздығынан ол жұмысқа келетіндердің аз болуы жұмыс берушінің сұранысын тудырып жатады. Бірақ жұмыс жоқ емес, бар. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір төртінші жас жұмыссыз және олардың көпшілігі алты ай бойы жұмыс таба алмай жүріп қалады екен. Осыны ескерсек, қаншама бос жұмыс орындары бола тұра, жұмыссыз жүрудің астарында бірден көп табысқа көмілуді көксеу ниеті жатқаны белгілі болады.
Бұл ниетін ғаламтор желісі қарыштап дамып, онлайн-жұмыс пен түрлі онлайн-дәрістер өткізу белең алған қазіргі дәуірде толығымен жүзеге асырып, миллиондап табыс тауып жүргендер де көбейді. Оған тек тіл мен жағың сау болып, интернет пен ұялы телефон мүмкіндіктерін меңгеріп алсаң болды. Белгілі бір салада аз-маз білігің болса, көпті артыңа ертетін «тәлімгерге» айналып, толағай табысқа кенелесің. Дегенмен бұл да еңбек пен көптің алдындағы жауапкершілік. Солай жұлдызы жарқырағандарға қызығып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» мол ақшаға кенелгісі келетіндердің көбеюінен мына жақта қарапайым жұмыс орындары бос қалып отыр. Алайда елдің бәрі «жұлдыз, блогер» болып кетуге икемді емес, ал уақыт бір орнында тұрмайды, бала-шаға мен отбасын асырау керек. Сондықтан уақытша болса да шақырған жерден қалмай, сол қызметтерді місе тұта тұруға тура келеді. Бәлкім, сол кезеңде жаныңызға жақын кәсібіңізді тауып та қаларсыз. Ондай мысалдар өте көп. Жұмыспен қамту орталығының жұмыс ұсыну, курс оқыту қызметінен бөлек шағын кәсіпке грант пен несие беру мүмкіндігін пайдаланған, яғни «Бизнес бастау» жобасына қатысқан Әсел есімді қыз жұмыс іздеп келіп, артынан тіркелген жұмыссыздар үшін өзі жұмыс берушіге айналған.
– «Бизнес бастау» жобасы арқылы 583 мың теңге грант ұтып алған ол торт жасайтын жеке кәсібін бастады. Өз ісін кәдімгідей дөңгелетіп, жақында жеке асхана ашты. Енді бізбен байланыс үзбей, «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша тіркеуде тұрған жұмыссыз қыз-жігіттерді өзіне есепші, кассир, SMM-менеджер ретінде жұмысқа шақырып отыр. Сондай-ақ бізден тігінші курсын оқып алып, үйінен көрпе, төсек дайындап сатып отырғандар да бар, – дейді Бағила Орымбетова. Иә, мұны ілуде бір кездесетін жай десек те, олар өзгелерге өз ісімен үлгі-өнеге болып отырғаны рас.
Жұмыссыз болу уақытша болса, аса бір өзекті проблема емес. Жұмыс орны жабылып, оңтайландырумен қысқартылып, тағы басқа сүбелі себептермен өмірінің бір кезеңінде жұмыссыз қалмаған адам кемде-кем. Бірақ табыс табуға қабілетсіз болатындай, қолынан белгілі бір іс келмейтіндей жұмыссыз болу – ойланатын нәрсе. Бұл қиындық бала кезде алған тәрбие мен білім сапасынан бастау алады. Бірақ кейде білімі мен дипломы барлардың да осы қатардан көрініп жататынын көріп жүрміз. Демек, кез келген уақытта жоғары сұранысқа ие, табысты маман болу үшін заман талабына сай тез бейімделіп, оқыған кәсібіңді қосалқы мамандықтармен жандандырсаңыз, жолда қалмайтыныңыз сөзсіз. Қазіргі психолог, коуч-тренерлердің тілінде сәнге айналған сөз – «Армандай білу, өзіңе сену» дағдыңызды дамытып, оны іспен ұштастырсаңыз, көптің алдына шығып кетпесеңіз де, көштен қалмай өмір сүруге мүмкіндіктер мол. Жарқын болашақтың іргесі бүгінгі арманыңыз бен іс-әрекетіңіз арқылы қаланады. Осыған орай, egov.kz порталында жақында жарияланған келешектегі ең көп талап етілетін мамандықтар тізімін ұсынамыз. Бұл тізімде инженерлер, ақпараттық технологиялар және компьютерлік аппараттық қамтамасыз етушілер, нанотехнология, сервиспен байланысты мамандықтар, логистика, экология, медицина, химия, тағам өнеркәсібі, қала құрылысы саласы мамандары бар екен. Нарық сұранысын зерттеушілердің болжамы кәдеңізге жарасын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + nineteen =