Мамандық таңдау: үрдіске ілесіп, сұранысқа сай боп жүрміз бе?

0 1  139

Оқу жылы аяқталып келе жатыр. Өмірінде өзіне қол болатын, нәпақа табатын мамандық таңдау – кез келген мектеп бітірушіні, ата-ананы толғантатын мәселе. Елімізде мамандыққа баулу, кәсіби бағдарлау, керек кадрларды даярлау саясаты әлі де бір ізге түспей жатқаны жасырын емес. Осы төңіректегі түйткілдер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Астана ақшамы» газетінің редакциясында «дөңгелек үстел» өтті.

Әділбек ЖАПАҚ: Алғашқы сұ­рағымызды Білім және ғылым министрлігінің өкілі Жасұлан Алпысбаевқа қойғымыз келіп отыр. Жоғары оқу орындары­ның дайындаған маман­дары еңбек нарығының сұра­­ны­сы­на қан­ша­лықты жауап бе­ріп жатыр, қандай кадрлар дайын­­дауы­мыз керек деген сауалдар өз маңыз­ды­лығын жоғалт­қан емес. Министр­лік маман­дық­тар­ды дайындау үдерісін қалай реттей­ді?
Жасұлан Алпысбаев: Бұл жұ­мысты біз бірнеше жыл бұрын бас­тап кеттік. 2011 жылы жоғары бі­лім беру стандарты бе­кі­тілген кез­де мін­детті компо­нент­тер (кез кел­ген студент оқып-білуі тиіс пән­дер ті­зімі) мен жо­ғары оқу орындарының таңдау компонентін енгіздік. Яғни, осы екінші жартысын жоғары оқу орындары жұмыс берушілердің ұсыныстарымен өз бетінше түзеді. Таңдау компонен­тін әзірлеу мүмкіндігін 55%-ға кө­­тер­дік. Өздеріңізге мәлім, Кеңес өкі­­меті ыдырап, тәуелсіздік алсақ та, білім беру жүйесі күні кешеге дейін сол ескі сүрлеумен дамып кел­ді. Ескі жүйенің бір кемшілігі – оқу бағ­­­дар­ламасы өте көп-тұғын. «Сту­­дент әр са­ладан хаба­ры болуы керек» де­ген қи­сынмен жасал­ды. Маман­­дығына келсін-кел­месін, мін­дет­теп қояды. Осынау жылдары бізде өн­діріс пен білімнің арасы алшақ­­тап кетті. Қазір министріміз Бақыт­­жан Жұмағұловтың бастамасы­мен бәрі ретке келтіріліп жатыр.
Ал енді кадр дайындау үдерісін қалай реттейді дегенге келсек, соң­ғы жыл­дары мемлекеттік тапсырысты қалыптастырғанда түрлі салалық министрліктердің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарының, жергілікті әкімдіктердің қажеттіліктеріне арнайы мониторинг жүргізіліп келеді. Осыған орай Үкімет қаулысымен мемлекеттік білім грантына тапсырыс бекітіледі. Бізде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтардың жіктеуіші (классификаторы) бар. Сондықтан мектеп бітіруші жас-тар мен олар­дың ата-аналары мамандық таңда­ған кезде бәрінен бұрын эконо­мика­да­ғы басым бағыттарға назар ау­дарса екен дейміз. Яғни, бір сөз­бен айтқанда, қазір техникалық және тех­но­ло­гиялық мамандықтар тобы­на басым­дық беріп отырмыз. Мысалы, былтыр техникалық маман­дықтарға 11950 грант бөл­сек, биыл 2013-2014 жылдары грант­тардың санын 475-ке ұлғай­тып отырмыз. Яғни, 12341-ге же­теді.
Ербол Жанат: Білім және ғы­лым министрлігінің Бақылау комитеті жаңа мамандықтар бойын­ша оқу орындарының ли­цен­зия­ларына қосымшалар бере­ті­нін білеміз. Біздің елде соң­ғы жылдары қандай жаңа ма­ман­дықтар ашылды?
Жасұлан Алпысбаев: Бізде бакалавр дәрежесі бойынша 172, магистратурада 188, докторантурада 189 мамандық бар. Cоңғы классификатор 2009 жы­лы бекітілген. 2011 жылы оған толық­тыру енгізіліп, былтырдан бастап күшіне енді. Толығырақ айтсақ, бұрынғы мамандықтарға жаңа 18 мамандық қосылды. Осы жаңа мамандықтардың бірі – Президент жанындағы қауіпсіздік кеңесінің ұсынысы бойынша енгізілген «исламтану» мамандығы. Оған дейін бізде теология, дінтану мамандық­тары болған. Қазіргі таңда Ислам дінінің атын жамылған түрлі ағым­дар­дың пайда болуы, Ислам негіз­дерімен таныстыратын нақты маман­дықтың жоқтығы осын­дай шешімді қажет етті. Бұл маман­дық «Нұр» Қазақ-египет ислам универ­ситетінде ашылып, 200 грант бөлінді.
Екіншісі, «Әкімшілік іс жүргізу» деген мамандық. Елбасы халыққа жолдауында атап өткендей кәсіп­кер­лікті дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту «Қазақстан – 2050» стратегиясының екінші кезектегі басым бағыты. Бізге кә­сіп­кер­лер­ді тікелей даярлайтын маман­дық керек болды. Үшіншісі, «бал­қуы қиын химиялық заттардың хи­миялық технологиясы» деген маман­дық. Үдемелі индустриялық даму бағ­дарламасы бойынша осы маман­дықты М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұсынған болатын. Осы секілді 18 мамандық бакалавр­да да, магистр дәрежесі бойынша да ашылды. Ал енді жастар қан­дай ма­мандықты таңдауы керек деген сұраққа қайта оралатын бол­сақ, 2017 жылы «Болашақтың қуа­­т көз­дері» тақы­рыбымен EXPO ха­лық­аралық көрмесін өт­кі­зейік деп отырмыз. Яғни, Энер­­гетика және жылуэнергетика маман­дықтары бойынша оқи­тын жастардың үлесі арту керек. Сонымен қатар, «Жасыл эконо­мика» бағдарламасы бар. Алда­ғы уақытта жоғары оқу орнына түсетін әрбір мектеп бітіруші осы маман­дықтарға көңіл бөлгені дұрыс.
Өздеріңіз білетіндей, су мә­се­лесіне келгенде біз Қытай, Өз­бек­стан, Қырғызстан секілді елдерге тәуел­­діміз. Тыйып тастайтын болса, қаншама егін алқаптарымыз сусыз қалып, қуаңшылық болады. Оны қамтамасыз етудің жолын табатын гидрогеологтар керек.
Әділбек ЖАПАҚ: Бірақ бізде ма­ман­дыққа бейімдеу, кәсіби бағ­дарлау деген мәселе мектептен бастап жолға қойылмаған. Соның салдарынан қателіктерге ұры­нып жатады. Жастар әке-шеше­сінің ақылымен, ақысын арзан көріп немесе оқуы оңай деп бір маман­дықты таңдайды да, бітір­гесін дипломы бойынша жұмыс таппайды. Осының салдарынан жұмыссыздық деңгейі кө­бейіп отыр. Жалпы, мектепте маман­дыққа бейімдеуді қалай ұйымдастыру керек?
Дарын Қаппаров: Дұрыс айтасыз, өз басым Астана қалалық Жұмыспен қамту орталығында директордың міндетін атқарған кезде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қайта даяр­лық курстарына қыруар қаржы­мыз шығындалып жатқанына көзім жетті. Бұл, бір жағынан, біздің халық­тың менталитетіне келіп тіре­летін мәселе. Мысалы, өз басым Қара­ғанды облысы Шет ауданынанмын. Суретші болғым келді. Бірінші жылы Алматыға барып түсе алмай қалдым. Әкем әй-шайға қа­ра­май Цели­ноградқа алып келіп, «Су­мен қамту және гидравлика» ма­ман­дығына тапсыртқызды. Ауыл­ға ол кезде сондай маман ке­рек еді. Оқып бітірдік, бірақ жұ­мыс істемедік. Сондықтан, ең әуелі қызы­ғушылық болу керек деп есеп­теймін. Ол өзінен-өзі келе қал­майды, мектепте соған баулу керек. Орта мектеп – кадр дайын­даудың алғашқы бастионы болуы тиіс. Сіздерге бір жақ­сы мысал келті­рейін. Біздің «Тұран-Профи» халықаралық кәсіп­тік акаде­мия­сы­ның рек­торы Мәнен Омаров өзінің туған жері Қорғал­жын ауданын­дағы мектеп жанынан агробизнес негіз­дерін оқытатын орталық құр­ды. Өздеріңіз білесіздер, ауылдағы ағайын қорадағы уақ жандығын сатып болса да, баласын оқуға тү­сі­реді. Ал ол сосын қалада сандалып жұмыс таппайды. «Диплом­мен – ауылға!» деген сынды бағдар­ла­маларға қанша қаржы шығындасақ та, ауылына қайтып барып жатқан жастар онша көп емес. Меніңше, бұл ауылда түк жоқ, кәсіп жоқ деген түсініктен туған. Тек мал со­ңына түсіп, егін салу емес, бас­қа да кәсіп түрлері бар екенін түсіндір­сек дей­міз. Мысалы, балық шаруашы­лы­ғы, құс асырау, көгал өсіру, айта берсе көп қой. Қалада дайын тұты­нушы бар. Бірте-бірте бала­лар­дың қызығушылығын арттырып, Агробизнес колледжін аш­сақ деген де ой бар. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын ақпарат аз болды. Қандай мамандыққа сұра­ныс бар екенін білмейтін едік. Қазір, құдайға шүкір, рекрутинг ком­па­ния­лардың сайттары бар, Еңбек және әлеуметтік зерттеу министрлігінің ақпараттары бар. Солардан қарап, мәлімет алып отыруға әбден болатын сияқты.
Әділбек ЖАПАҚ: Осы жерде сәл шегініс жасап, нақты нарық сұранысы туралы дерек біле кет­сек. Бізге Алматыдан «HeadHunter Қазақстан» рекрутинг компаниясының PR және марке­тинг дирек­торы Марина Сакиева Skype арқылы қосылып отыр. Марина, қазір нарықта қандай маман­дықтарға сұ­раныс жоғары?
Марина Сакиева: Біздің ком­па­нияның қызметі аясындағы көр­сет­кіштерге жасалған талдау нәти­жесіне сүйенсек, бұрнағы жылмен салыстырғанда, былтыр отандық кәсіпорындардың жұмысшы із­деу белсенділігі 57%-ға артты. Әсі­ресе, Астана мен Алматыда жұ­мыс іздеуші де, жұмыс беруші де мол. Сұраныс «сауда-саттық» (бар­лық бос орындардың 20%-ы), «ақ­параттық технологиялар/Ин­тернет/Телеком» (10%) саласына өте көп. Сондай-ақ, алғашқы бестікке кәсіпорындардағы есеп-аудит, қаржы, әкімшілік қызмет­кер­лері, маркетинг, жарнама, PR ма­ман­дықтары кірді.
– Ал қандай салаларда кадр же­тіспейді немесе бәсекелестік бәсең?
– Жоғары білікті мамандар қай салада да қат. Оның нақты ин­декс­терін бере аламын. Мысалы, былтыр «Инсталляция және сервис», «Қамсыздандыру» сала­ла­рында бір бос орынға бір түйін­демеден артық түскен жоқ. Бұл нені білдіреді? Яғни, бізде атал­мыш салалар бойынша білікті кадр­лар жоқтың қасы немесе аз даяр­­ланады. Сосын амал жоқ, ол қажет­тілікті сырт елдерден іздеуге тура келеді.
Ербол Жанат: Менің ойымша, бұл тағы да кейбір сирек маман­дықтардың аз насихатталатынына келіп тіреледі. Болашақта жаппай енгізілгелі жатқан 12 жылдық білім беру жүйесінде кәсіби бағдарлауға айрықша маңыз артылады деп отырмыз. Өткенде, 18-сәуірдегі кездесуде Елбасы Назарбаев зият­керлік мектептерінің бұл тұр­ғыдағы тәжірибесі біртіндеп басқа мектептерге таралуы керектігін айтты емес пе?
Жанар Жаманқұлова: Иә, он екі жылдық білім берудің ал­ғаш­қы тәжірибелері Назарбаев зияткерлік мектептерінде өткі­зіліп жатқаны рас. Мәскеу мем­лекеттік университетінің жанын­дағы Колмогоров атындағы оқу-ғы­лыми орталығымен, Кембридж уни­вер­ситетінің жекелеген фа­культет­­терімен ынтымақтаса отырып, Қа­­­зақстанның стандартына сәй­кес­­тендірілген білім бағдар­ла­маларын дайындадық. Екі жылдан бері артық-кем тұсы зерделеніп, қазір тәжірибе жүзінде қолданылып жатыр. Енді биылдан бастап жетінші сынып оқушыларын он екі жылдық мектепке қабылдауға көштік. Жалпы, біздің мектептің құрылымы былай: 1-5 сыныптар – бастауыш мектеп, 6-10 сыныптар – орта мектеп, 11-12 сыныптар – жоғарғы мектеп. Әрбір Назарбаев зияткерлік мектебінде кәсіби бағдарлау инс-пекторы мен сыртқы байланыс жөніндегі директор орынбасарлары бар. Олар оқу орындарымен түрлі байланыстар орнатып, кездесулер ұйымдастырады. Әр апта сайын өз саласының көрнекті тұлғалары, мықты мамандар ке­ліп, балалармен дидарласады. «Ақылды» бейсенбі» дейміз бұл шараны. Сосын бізде оныншы сыныпқа дейін оқушылар Қазақ­стан­ның білім стандартын мең­геріп шығады. 11-12 сыныпта жал­пы білім беру мектептерінде он жеті пән оқыса, біздің мектепте он-ақ пән оқытылады. Қазіргі Қазақ­стан, дене тәрбиесі, өзін-өзі тану пәндері – міндетті, одан кейінгі география, экономика, орыс тілі, қазақ тілі пәндерінің ішінен тек екеуін таңдап алуы керек. Сосын әрбір баланың қалауына тереңдетіп оқытатын төрт нұсқада оқу бағ­дар­ламасы ұсы­ны­лады. Оның ішінде міндетті түрде оқы­тыла­тыны– математика, ағылшын тілі, жаһандық перспективалар және зерт­теулер пәндері. Әсіресе, Кембридж университетінің маман­дарымен бірлесіп жасалған соңғы пән баланы өз бетінше ізденуге, интернеттегі, түрлі дерек­көздерде­гі ақпараттарды пайдалануға, эссе жазуға баулиды. Әрі қарай оқушы болашақ мамандығына байланысты биология мен физиканы немесе физика мен ақпараттық технологияны, химия мен биологияны таң­дай алады. Ал енді бұл жүйенің пай­дасы неде дейсіз ғой? Біз оныншы сыныптан бастап, тіпті, одан да ертерек оқушылар нақты қандай мамандыққа баратынын біліп отырамыз. Статистикаға сүйенсек, осы үш жылда 552 бала мектеп бі­тірсе, соның 382-сі техникалық ба­ғыттағы мамандықтарға, 73-і педаго­гикалық, медициналық ма­мандықтарға түскен. Яғни, өздеріңіз байқап отырғандай, қай-қайсысы да елімізде зәру мамандықтардың қатарын толықтырып отыр. Ендігі осы тәжірибемізді әрі қарай республикадағы басқа мектептерге енгізген дұрыс деп есептейміз.
Әділбек ЖАПАҚ: Жақсы, оны болашақтың еншісіндегі шаруа дейік. Ал енді мектеп біті­руші­лерді кәсіптік бағдарлаудың қа­ра­пайым да болса бірыңғай жүйе­сін жасауға не кедергі? Әр жер­де әркелкі, өздерінің шама-шарық­тарынша жүргізеді, кей уни­вер­ситеттер мен колледж­дер «Ашық есік» күндерін өт­кі­зумен ғана шектеледі. Шал­ғайдағы ауылдарда ол да жоқ.
Жасұлан Алпысбаев: Негізі, министрлік тарапынан барлық оқу орындарына тапсырма берілген. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өздерінің таңдауына қарай елді мекендерде үгіт-насихат жұмысын жүргізуі тиіс.
Ербол Жанат: Мысалы, біз бі­летін ауылдарда ондай насихат, кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүр­гізілмейді.
Жасұлан Алпысбаев: Нарық­тық заман болғаннан кейін, ол енді әр оқу орнының жеке белсенділігіне қатысты жәйт. Керісінше, таңдау мүмкіншілігі кең заманда жастарға бір оқудан бір оқуға түсіп, сандық түбіне диплом жинай бергеннен гөрі, бакалавр, магистратура, PHD деңгейін толық бітіріп шығатындай нақты мамандық таңдауға кеңес берер едім. Ондай мамандар түптің түбінде жерде қалмайды. Ал енді жоғары оқу орнына білімі, жағдайы жетпейтіндер алды-артын ойлап, колледжге, кәсіптік-техникалық училищелерге түскені дұрыс қой. Өйткені, орта буын мамандары қашан да қажет.
Ербол Жанат: Бірақ бізде колледжге, кәсіптік-техникалық училищеге оқуға қабілеті жоқ, миғұлалау балалар барады деген қасаң түсінік қалыптасқан. Тіпті, мектептерде тоғызыншы сыныптың оқушыларына директордан бастап мұғалімдерге дейін «Сен ҰБТ тапсыра алмайсың. Одан да колледжге кет» деп құлақ етін жеп құтылуға тырысады. Осының өзі кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне көлеңке түсіретін сияқты…
Жасұлан Алпысбаев: Сіз айтып отырған проблеманың тағы бір жағы бар. Бұрын-соңды жастар тоғызыншы сыныптан колледжге түсіп тәмамдағасын, кез келген жоғары оқу орындарына бір-екі ауыз сұрақ-жауаптасу, сауалнама толтыру арқылы түсе салатын. Былтырдан бастап қабылдау ережесіне өзгертулер енгізілді. Енді колледжден келгендер де ке­шенді тестілеуден өтетін болды. Бізде нақты деректер бар, колледж, училищелерді бітірушілердің 58%-ы кешенді сынақтан өтпей қалды. Бұған дейін олар жоғары оқу орындарына кедергісіз түскендігі салдарынан кейбір салаларда мамандар шамадан тыс көбейіп кетті.
Айнұр Мұқанова: Колледж бен училищелерге оқу үлгерімі шамалылар барады деген теріс түсінік тек орта буын мамандарын даярлаудың сапасын арттырғанда ғана жойылады деп ойлаймын. Шетелдерде колледжге түсудің өзі – мәртебе. Өйткені, одан алып шыққан білім анау-мынау ортаңқол қызметті атқаруға жарай береді. Осы бағытта құрылған «Кәсіпқор» холдингіне ең үздік әлемдік тәжірибелер негізінде тех­никалық және кәсіптік білім беру жүйесін жасау тапсырылған. Соның алғашқысы – Атырауда мұ­най-газ сала­сындағы мамандарды дайын­дайтын APEC Petrotechnic өңір­ара­лық кәсіптік колледжі ашылды. Стратегиялық серіктес ре­тінде мұнай-газ саласындағы білім беруде канадалық көшбасшы Оңтүстік Альбертаның техноло­гиялар институты (SAIT Politechnic) таңдап алынды. SAIT Politechnic институтымен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз», NCOC, ТШО сияқты ірі компания­лар­дағы ең қажетті мамандықтарды анықтап, оларға қойылатын білік­тілік талаптарына қарай оқу бағдар­ламасын әзірледік. Мұнай және газ өндіру технологиясы, Бақылау, өлшеу аспаптары мен автоматтандыру технологиясы, Кен орындарын пайдалану бағыттары бойынша оқытамыз. Колледжге түсу оңай емес, бірақ оқу тегін, мемлекеттік тапсырыспен дайындалады. Математика, физика, химия және ағылшын тілінен сынақ алынады. Өйткені, сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі. Кейбір мұғалімдер Канададан шақыртылған. 2017 жылға дейін әр аймақтың экономикалық ерекшелігіне тән осындай өңір­аралық кәсіптік орталықтарды бір­неше қалада ашпақшымыз. Өскеменде металлургия және машина жасау саласына, Екібастұзда отын-энергетика саласына, Шымкентте жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласына маман даярлайтын өңір­аралық колледждердің негізін қалау ойда бар.
Жаңа Марина Сакиева негізгі еңбек нарықтары Алматы мен Астанада екенін айтып кетті ғой. Былтыр біздің холдинг кәсіптік-техникалық білім беру бойынша Германияның халықаралық ынтымақтастық қауымдастығымен (GIZ) бірлесе отырып талдау жүргізді. Соның нәтижесінде Алматы мен Астана қалаларындағы колледждерде инженерия, энергетика, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, дизайн, туризм және қонақ үй бизнесі сияқты алты профильді мектеп ашуды ұйғардық. Қазір колледждердің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы бір-екі жылда ашылады. Сонымен қатар, облыс орталықтарында жұмыс берушілердің ұсынысын ескере отырып, тоғыз техникалық колледжді стратегиялық серіктес­тікке іріктеп алдық. Бұлардың барлығына оқытушылар дайындауды да қатар алып жүреміз. Өйткені, бұл тәжірибемізді кейін басқа да кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне таратпақшымыз.
Жанар Жаманқұлова: Сіздер оқуға түсу талабын тіптен қиын­датып жіберген жоқсыздар ма? Ағылшын тілін білетін, химия, биология, физикаға жетік бала ілеуде біреу, ал білетіндері, меніңше, байырдан келе жатқан шетелдің оқу орындарына барғанды артық көретін сияқты
Әділбек ЖАПАҚ: Меніңше, аса қажет кадрларды экономиканың сұранысына жеделдетіп дайын­дай­тын дуальдық жүйенің маңы­зы зор. Бірақ әлі әдістемесі толық бітпей жатып, кейбір өңірлерде, мысалы Таразда, Ақтөбеде дуальды оқыту жүйесін бастап кетті. Осы дұрыс па?
Жасұлан Алпысбаев: Жалпы дуалдық жүйе дегеніміз – студенттің оқу орнында да, өндіріс ошағында да болып, екеуінің ықпалдасқан жүйесінде білім алуы. Оның ең тиімді жолы – жоғары оқу орны мен жұмыс берушінің бірлескен кафедрасын ашу. Бұл жөнінде бізде нақты мысалдар бар.
2011 жылы Министрдің бұйры­ғы­мен 15 жоғары оқу орны ба­за­лық жоғары оқу орны болып бекітілді. Атап айтсақ, Қ.И.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлт­тық тех­­­­ника­лық университеті, Қа­ра­­­­ғанды мем­­ле­кет­тік тех­ни­ка­лық универ­си­теті, Ал­маты тех­нология­лық уни­вер­ситеті, Алматы Энергетика жә­не байланыс университеті сынды уни­вер­ситеттер сол тізімге кірді. Осы уни­верситеттерде «Арселор Мит­тал Теміртау», KEGOC, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниялары бірлесіп, заманауи технологияларды қамтыған лабораторияларды орнатты. Студенттер теориялық тұрғыда алған білімдерін осында тәжірибе жүзінде іске асырып, үйренеді. Мысалы, Алматы энергетика және байланыс университетінде «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында KEGOC компаниясымен бірігіп, үлкен лаборатория құрылды. Он­да студенттер еденасты жылу жүйе­сінің қалай жүргізілетінін, күн сәуле­сінен қуат алудың тәсілдерін мең­гереді. Яғни, біз айтып отырған дуальдық жүйенің жарқын мысалы осы. Жа­ңағы студенттер оқуын біті­рі­сімен аталмыш компанияға жұмысқа алынады.
Дарын Қаппаров: Меніңше, бүгінгі жастарды мамандық таңдау­мен қатар, кейін оқуды бітірген соң сол мамандықпен жұмыс таба аламын ба деген сұрақ көбірек тол­ғандыратын секілді. Себебі, мемлекет те, ата-ана да баланы ақшасын шығындап оқытады. Осы тұрғыдан алғанда, дуальдық жүйе дегеніміз қазіргі білім беру жүйесіндегі бір тренд болатын сияқты. Өйткені, кепілдендірілген жұмысқа алатын орны бар және практикалық тұрғыда үйренетін мүмкіндігі бар.
Жасұлан Алпысбаев: Біздің де қолға алып отырған бірінші мәселе осы ғой. Біз 2010 жылдан бастап Болон процесіне ендік. Болон процесінің міндетті параметрлері бар. Сол міндетті параметрлердің ең күрделісі – озық мемлекеттер біліктіліктің Ұлттық шеңберлерін тануы керек. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе еуропалық жүйеге негізделген Ұлттық біліктілік шеңбері бекітілді. Сол шеңберге сәйкес салалық министрліктер жо­ғары оқу орындарының маман­дық­тары бойынша кәсіптік стандарттарын бастады. Ол 2014 жылдан бастап күшіне енетін болады. Яғни, осы уақыттан бастап салалық министрліктермен және кәсіптік қауымдастықтармен біріге отырып, әрбір мамандық бойынша тәуелсіз біліктілікті тану орталықтары ашылатын болады.
Жұмыс берушіге де оңай. База­ға кіріп, жұмыс сұрап келген адам­ның деңгейін лезде біле алады. Әрі қарай, ретінше еңбек келісім­шартын жасаса береді. Мұндағы ең басты мәселе – білім сапасы. Бұ­рындағыдай «оқуды бітірдім, дип­лом қолға тиді» деп арқаны кеңге салу жоқ. Ендігі кезекте оған білі­мін дәлелдеуге тура келеді. Яғни, біліктілік сертификатын алуы тиіс.
Ербол Жанат: Тағы бір алаңда­тарлық жайт – саны көп, сапа­сы жоқ университеттерді жа­бу, біріктіру, оңтайландыру мәсе­лесін айта кетсеңіз. Себебі, осы хабар талай мектеп бітірушіні абдыратып тастайтын түрі бар.
Жасұлан Алпысбаев: «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы­ның мұратына жету үшін бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруымыз қажет. Егер жоғары оқу орындары берген талапқа сай болмаса, біліксіз мамандар қоғамға жол тартса, осындай мекемелер тек өздерінің жеке мүддесін ғана ойласа не болғаны?! Мұндай оқу орындарын Елбасының саясатына қарсы мекеме деп түсінсек те болады.
Негізі, жоғары оқу орындарын оңтайландыру деген оқу орын­дарының санын арифметика­лық тұрғыда қысқарта салу емес. Осы – сөздің өзі аңғартып тұрғандай білім ошақтарын оңтайландыру, же­тіл­діру. Мұның екі-үш тәсілі бар. Біріншісі, жоғары оқу орын­дарын біріктіру. Яғни, сапасыз білім беріп келген екі-үш жоғары оқу орны материалдық-техникалық базаларын топтастырады, профес­сор­лық-педагогикалық құрамын ұжым­дастырады. Өзара құрылтайшы болады да, ары қарай жұмыстарын жүргізе береді. Екіншісі, оқу орны университет деңгейіне лайық болмаса, онда оны колледж деңгейіне түсіру керек. Үшіншісі, оқу орны та­лаптарға сай болмаса, өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оны жабуға тура келеді. Оқу орны жабылған жағдайда сту­денттердің құқы тапталмайды. Олар сол университетте оқып жүр­ген ма­мандығы бойынша әрі сол жерде ке­лісілген бағаны сақтай оты­рып, басқа университетке ауыс­тырылады.
Қазір Қазақстанда 572 мың студент білім алады. Соның 49 пайызы мемлекеттік жоғары оқу орнында, 51 пайызы жеке меншік университеттерде оқып жатыр. Оның себебі – баға саясатында. «Білім туралы» заңға сәйкес жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесіндегі маманды оқытудың бір жылдық құны 350 мыңнан кем болмауы тиіс. Бірақ жеке меншік университеттер 150 мың теңгеге де көне салады. Арзан баға іздеген ауылдағы азаматтар балаларын осындай жеке меншік универ­ситет­терге оқытады. Ал, олар сапа­лы маман дайындайды деп ай­туға бола ма? Статистикаға сүйен­сек, 572 мың студенттің 431 мыңы ақылы бөлімдерде оқиды. Оның 280 мыңы жеке меншік оқу орын­дарының студенттері. Осы 280 мыңның 160 мыңы эконо­мика, маркетинг, қаржы мамандықта­рын­да оқып жатыр, ал, қалған 160 мыңы халықаралық құқық және кеден ісі мамандығы бойынша білім алуда. Осыдан барып маман­дарды қажеттіліктен тыс дайындау мәселесі көлденең шығады. Былтыр қар­жы, эко­номика, маркетинг, мем­лекеттік және жергілікті басқару маман­дық­тары бойынша 350-ақ орынға тапсырыс берілді. Ал, құқық маман­дығына 100 орынға ғана тапсырыс берілген. «Өзі 350-ақ грант бөлінеді екен, оның үстіне экономика мамандығы бойынша қажеттіліктен тыс даярланған мамандардың саны анау! Балам, сонда сен ертеңгі күні жұмысқа орналаса аласың ба?» деген сұрақ болу керек қой. Осы мәселелерді жоғары оқу орындары кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу барысында халықпен кездесіп, түсіндіріп айту керек.
Дарын Қаппаров: Оқу орындарын біріктіру тәжірибесі бізде бар. Мысалы, бір кездегі Құрылыс институты мен Педагогикалық институтты қосып, Еуразия ұлттық университетін құрдық. Ал, бұл жолы сонша университетті жауып тастағанымызда, ата-аналар наразылық танытары анық. Осының алдын алу үшін биылғы құжат қабылдау маусымына дейін қай университеттердің жабылып, қайсысы қалатыны жайында ақпарат беріп үлгеруіміз керек деп ойлаймын.
Жасұлан Алпысбаев: Біздің министрліктің жанынан қоғамдық кеңес құрылды. Оған мәжіліс депутаттары, БАҚ өкілдері, салалық қауымдастық өкілдері кірді. Яғни, мұны ертең халық министрліктің жеке шешімімен жасалған шаруа демес үшін осы қоғамдық кеңес құрылып отыр. Белгілі бір университетке қатысты шаруа болатын болса, тиісті құжаттардың барлығы солардың сараптамасынан өтеді. Тек содан кейін ғана шешім қабылданады. Бұл шешім тек университетті жабу деген ұстанымға сүйенбейді, керісінше, оңтайландыру деген мақсатты бірінші қояды.
Жаңа сіз түлектер құжат тапсыруы тиіс университеттердің тізімін шығарсақ деген ұсыныс айтып отырсыз. Бірақ, біздің министрлік «Ана университетке бар, ал, мынаған барма» деп айта алмайды. Ондай арандатумен айналысуға болмайды. Халық қазір саналы, көзі ашық. Біздің ақпаратты естісімен өздері «мына жекеменшік университеттер лицензиялауға қатысты талаптарды бұзып отыр екен, сонда осыларға балаларымызды оқытуға бергеніміз дұрыс па?» деген ой түюлері керек.
Әділбек ЖАПАҚ: Рахмет. «Дөңгелек үсте­лімізді» мектеп бітірейін деп отырған түлектерге айтар ақыл-кеңесімізбен қорытындыласақ.
Айнұр Мұқанова: Бізде кәсіптік-техникалық мамандық иелерінің жетіспей жатқандығы рас. Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында, басқа емес, дәл осы орта буын техникалық мамандарының тапшылығы сөз болды. Осыны ескере отырып, оқушылар техникалық-кәсіптік мамандықтарды таңдауы қажет деп ойлаймын.
Жасұлан Алпысбаев: Айтайын деген қорытынды сөзім, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар жайлы жастарымыз біле жүрсін. Министрліктердің, Үкіметтің сайттарына кірсін. Күнделікті болып жатқан оқиғалардан құлағдар болсын. Сонда ғана ол өз бағытын адаспай табады.
Жанар Жаманқұлова: Біз уни­­вер­ситеттің жетістігін түлек­тің жұ­мысқа тұруы бойынша бағалай­мыз. Бірақ, түлек өз мамандығы бойын­ша жұмысқа орналасты ма? Жоқ, қай жерде бос орын бар, сол жерге бара салды ма? Бұл сұрақ­тар­ға бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, біздің көрсеткіш объек­тивті көрсеткіш емес. Осындай мә­селелердің алдын алу үшін өске­лең ұрпақ өзінің болашағын анық­тауға мектептен бейімделуі керек.
Екінші мәселе, біздің мектептер өз алдына, колледждер өз алдына, же­ке-жеке жұмыс жасайды. Бай­қап тұр­саңыз, ешбір жүйелі жұмыс жоқ. Сон­дықтан, осы оқу ошақ­тарының ара­сындағы байланысты нығайтатын жұ­мыстар жасалса дейміз. Мектеп, кол­ледж, университет ұстаздарының ара­сында қарым-қатынас артса, мек­теп мұ­ға­лімдері де оқушыларға дұрыс ба­ғыт-бағдар көрсете алар еді. Кә­сіби бағдарлау дегеніміз – осы.

 

2012 жылдың соңындағы көрсеткіштер бойынша мамандық тапшылығы барлық саланы қамтыды десе де болады. «Жасыл жолаққа» кіретін кәсіби салаларда бір бос орынға үш үміткерден артық болмады.
Мәлімет hh.kz сайтынан алынды.

Әділбек ЖАПАҚ,
Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × three =