МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ

0 129

Мына күні тас лақтырсаң, жоғары оқу орнын бітірді деген құжаты бар, бірақ қызметі жоқ заңгер не қаржыгердің басына барып тиеді.
Көбісі бұл күйі үшін кезінде «таңдаған мамандығың қоғамға керексіз» деп ескертпеген сол қоғамның өзін кінәлайды. Онысы жөн де шығар.
Осыған дейін қаламызда қанша жұмыссыз бар, оның қаншасы жұмысқа орналасты, қаншасы орналаспады, орналасқысы келмейтін себебі не? деген сауалдар мен қаптаған сандардың әлегімен жүретін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы енді нақты іске көшіп, осы қателіктің алдын алуға кіріскен сыңайлы.

Кеше Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы аталған басқармаға барды.

Басқарма бастығы Алма Алтыбаеваның есебін тыңдады.

Соңынан «Қазаққа керегі қандай мамандық?» деген сауал төңірегінде пікір таластырып, тұщымды ойларын ортаға салды.

Дәл бүгінгі күні бізге кәсіптік мамандар ауадай қажет. Осы мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.

Құрылысы күннен-күнге қарыштап келе жатқан Астанада құрылысшы тапшы дегенге сенесіз бе? Құрылысқа қажетті дәнекерлеуші, электрик мамандары да аса қат. Мұны Жұмыспен қамту орталығының басшысы растап отырған соң, амал жоқ, сенуге тура келеді. Өйткені, жұмыс берушілерден келіп түскен ұсынысты орталық қанағаттандыра алмай отыр.

Жастар мұндай мамандыққа мұрнын шүйіріп қарайды, кәсіптік-лицейлердің маңына аттап баспайды деп, кінәні өзгеге аудара салатынбыз бұрын. «Бақсақ, бақа екен». Отырыс-та Білім басқармасының өкілі Астана қаласындағы кәсіптік-лицейлердің техникалық базасы, ғимаратының жайы мүлде сын көтермейтінін айтып салды. Тіпті, № 5 лицей жатақхана жертөлесінде орналасқан болып шықты. «Осыны көре тұра жастарға кәсіптік мамандықты таңда деп қалай айтпақсың?» деді ол. Ал, мектеп басшылары 2005 жылдан бері «жаңа ғимарат салынады» деген сөзге сеніп, үмітін үзбей келіпті. Комиссияның төрағасы Абай Байгенжин өздерінің бұл мәселеден хабарсыз екенін мойындап, көп созбай мектептің жай-күйімен танысатындықтарын және қала басшылығы арқылы бұл мәселенің тез арада шешімін табуға тырысатындықтарын айтып сендірді.

Ал, бүгінде жұмыссыздардың жартысынан көбін құрайтын құқық, қаржы саласының мамандарын даярлауда нені ескерген жөн?

Бүгінде елордадағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінде осы саланың мамандарын даярлайтын факультеттің барын біреу білсе, біреу білмес. Шынтуайтына келгенде аграрлық сала мамандарын даярлаумен айналысатын оқу ордасының қаржы, менеджмент саласына алты аласы, бес бересі жоқ. Сондықтан, мұндай мамандар тек салалық жоғары оқу орындарында ғана даярланған жөн деген ұсыныстар айтылды. Тағы бір маңызды нәрсе – оқу орындарында аталған мамандыққа орын бөлерде қоғамның қажеттілігін ескерген де жөн. Осылайша алдын ала жоспарланған жағдайда ғана жас мамандар жұмыссыздықтың қамытын кимейтін болады.

Жалпы, бұл отырыстың оқу жылы аяқталар тұста орайы келе қалғаны да жөн болды.
Комиссия алдағы уақытта жас түлектердің мамандықты дұрыс таңдауы үшін өз тараптарынан да ықпалды шаруалар атқаратын болып ұйғарды.

Шынар ДОCАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =