Мамандығы – отбасылық мұраты

0 126

Бар дүниеге, байлыққа, мансапқа айырбастай алмайтын бір ғана нәрсе болса, ол – отбасы бақыты.  Дүниеге келген әрбір сәбидің азамат болып қалыптасуы, тәлімді тәрбие алуы отбасы, ата-анасына байланысты екенін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Содан да болар, қай қоғамда болмасын, отбасы құндылығын насихаттау назардан тыс қалмаған. «Астана ақшамы»  Отбасы күніне орай  елордалықтардың денсаулық сақшысы боп жүрген дәрігер әулеттерін таныстыруды жөн көрді.

Құрмановтар әулеті

Астана қаласындағы Салауатты өмір салтын қа­лып­тастыру орта­лығының респуб­ликалық дең­гейдегі ең үздік ұйым­дардың санатына қо­сылуына ай­рықша ықпал еткен дарынды басшы әрі бас­тамашы ретінде Марат Қайыртайұлы Құрмановтың үлесі зор. Әсілі, өз кәсібіне адал­дық, ынты-шынтысымен кірісу – оған өскен орта, ұшқан ұядан сіңген қасиет десек, артық айт­қан­дық емес. Өйткені, Ма­рат Қайыр­тайұлының әкесі Қайрат Шакенұлы мен анасы Бану Қасым­хан­қызы – гиппократ антына берік болған медицина мамандары.

1939 жылдың 26 қара­шасында Шығыс Қазақ­стан облысы Аягөз қала­сында дү­ние­ге келген Қайрат Шакенұлы жоға­ры санатты окулист дәрігер, Аягөз қала­сының орталықтан­дырылған аудандық емха­насының меңге­рушісі болып қызмет атқарған.

Ал, анасы Бану Қасымхан­қызы ғұмыр бойы аталмыш емханада жоғары санатты дәрігер-терапевт (кардиолог) болды.

Халық саулығын жақсарту жолында аянбай тер төккен ерлі-зайыптыларды барлық Аягөз тұрғындары танып, ылғи да алғыстарын білдіріп жүреді.

Әкенің «қамшы­сын ұстап қал­ған» Марат Қайыртайұлы 1992 жылы «ем­деу ісі» маман­дығы бойынша Семей мем­лекеттік меди­циналық институтын бітір­ді. Бертін­де, 2006 жылы Алматы қа­ла­сын­дағы «Қай­нар» уни­вер­си­тетінен «қар­жы» ма­ман­ды­ғының бакалаврын тәмам­дады.

Жиырма сегіз жылдан астам уақыт бойы республи­калық денсаулық сақтау ісінің ілгері дамуына сүбелі үлес қосуда.

Есіркеповтер әулеті

Қарағанды қа­ла­сы­ның тумасы Есіркеп Ер­лан Бөгенбайұлы 1998 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясының емдеу ісі факультетіне түсті. Ел астанасы енді-енді ауысып жат­қанда, «Ақмола, қайдасың?» деп тартып отырған талапты бозбаланың сондағы ойлағаны – әке жолын қуу еді. Әкесі Бөгенбай Есір­кепұлы – Қызылорда облысы Шиелі аудандық Санитариялық қада­ғалау басқармасының бас санитария дәрігері болған кісі.

2004 жылы академия дип­ломын алысымен, Ерлан Бөген­байұлы клиникалық орди­натураны анау-мынау өрімдей жастың жүрегі дауалап бара бермейтін Травматология және ортопедия ғылыми зерт­теу орталығында тә­жі­ри­бе шыңдаудан бастады. Сырқат­тар­мен тікелей қарым-қатынас жасай жүріп, сәуле­лі диагностика дәрі­гері мамандығының қыр-сырына қанығып шық­қан жас маман 2005 жыл­дың тамыз айында Астана қаласындағы №2 қала­лық емханаға жұмыс­қа қабыл­данып, осы уақыт­қа дейін дәрігер-рентгено­лог ретінде қызмет істеп келе­ді. Ерлан мамандық қана емес, өмірлік жарды да медицина саласынан таңдады. Қызылор­даның қылықты қызы, жұбайы Венера Айтілесова Астана қаласындағы №1 перинатальдық орталықта акушер-гинеколог ретінде талай қазақтың кінді­гін кескен жан.

Дёминдер әулеті

Дёминдер дәрігерлер әулетінің тарихы сонау 1964 жылдан бастау алады. Ал, жалпы еңбек өтілін қоссақ, 140 жылға шығандайды. Дәл осы 64 жылы отағасы Николай Дёмин мен зайыбы Лариса Дёмина Алматы Мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, 2 жасар қызымен бірге оқу орнының жолдамасы бойынша Целиноград қаласына аттанған.

Оқуды қызыл диплом­мен бітірген Николай Алексан­дровичтің Алматы қаласында ғылыми-зерттеу институтында қалуға мүмкіндігі бар еді. Алайда, ол ахуалы күрделі шалғай аймақ­тардан бастауды жөн көріп, тың өл­кесі – Целиноградқа өз еркі­мен сұранып барды. Еңбек жолын Целиноград өлкелік санита­риялық-эпидемиологиялық стансасында бастап, алты жылдан соң (1971 ж.) Целиноград қаласының мем­лекеттік бас санитар дәрігері қызметіне тағайындалды. Содан соң Ақмола облыстық атқару коми­теті облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысты. Осы жылдары Николай Александровичке тіке­лей инфекциялық аурулар ошақ­тарында жұмыс жасауына тура келді. Өйткені, сол заман­дарда дифтерия, дизентерия, іш­сүзек, вирустық гепатит сияқты ауру­лардың індеті қозып тұрған. Ол Целиноград қаласының санитариялық жағдайын, ауасын оңалту, ауызсу сапасын жақсартуда және Целиноград, кейінгі Ақмола қаласының басқа да гигиеналық мәселелері бойынша көптеген шаруаны іске асырды. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы қалт-құлт ке­зең­дерінде денсаулық сақ­тау саласы мен мем­лекеттік дәріханалық қызмет жүйесінен де береке кет­кен. Сондай ке­зең­де дәрігер Дёмин Ақмо­ла облыстық «Медстан­дарт» мекеме­сін ұйым­дастырып, оны алғашқы болып өзі бас­қарды. Сонымен бірге, дәрі-дәрмектердің мем­ле­кет­тік ба­қылауын қам­та­масыз етіп, барған сайын қар­қынды дамып келе жат­­қан дәрі­ханалардың жеке­мен­шік жүйесін ретке кел­тірді. Ал, зайыбы Лариса Михайловна 30 жылдан астам уақыт инфек­циялық аурулардың бакте­рио­логиялық диагностикасымен, азық-түліктің, ауыз судың, емдеу мекемелеріндегі ауаның, хирургиялық құрал-саймандар мен тігу материалының сапасын микробиологиялық тұрғыдан бағалаумен шұғылданды. Жоғары білікті бактериолог дәрігер беретін лабораториялық зерттеулердің нәтижелері тиянақты әрі мақсатты жұмыс жасауға жағдай туғызды.

Дёминдер отбасындағы екі бала да әке-шеше жолымен дәрігер ма­мандығын таңдап, Целиноград ме­дициналық институтына түсті. Қазір Астананың алдыңғы қатарлы ем­деу мекемелерінде қызмет етеді. №2 перинаталды орталықтағы жаңа ту­ған нәрестелерді реанимациялау бөлімі 2003 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Қыздары Алла Николаевна осы бөлімнің құрылуының басы-қасында болып, әлі күнге дейін басқарып келеді. Осы уақыт аралығында бөлімде жұмысына берілген сауатты неонатолог мамандардың ұйымшыл ұжымы қалыптасты. Ал, ұлдары Константин Дёмин еңбек жолын 1999 жылы №2 балалар ауруханасында балалар травматологы болудан бастап, 10 жыл ішінде хирург, травматолог, эндоскопист мамандықтарын қоса игерді. Бүгінде ол пластикалық хирургияны да меңгеріп алды. Буын ауруларына шалдыққан немесе сүйегіне зақым келген талай жеткіншек Костяның ем-домынан кейін өздерін жақсы сезінуде.

Қанафиндер әулеті

Әулеттің отағасы Қанафия Далабай Сейілұлы 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік меди­цина институтының санитариялық-ги­гиеналық факультетін бітіргеннен кейін Көк­шетау облысының шалғайдағы Уәлиханов ауданында дәрігер-эпидемиолог, бас дәрігер болып абыройлы қызмет атқарған, 1999 жылдан бастап Көкшетау қалалық СЭС-інде санитар-эпидемиолог, бөлім меңгерушісі, бас дәрі­гердің орынбасары қызметінде болды. 2005 жылдан бері Ақмола облыстық санитариялық-эпи­де­мио­логиялық қадағалау департаментіне ауы­сып, дәрігер-эпидемиолог, бөлім бастығы.

Ал, жұбайы Орынбасар Есләмқызы – 1976 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетін аяқтап, 1998 жылға дейін Уәлиханов аудандық ауру­ха­насында дәрігер-невропатолог, бас дәрі­гердің емдеу ісі бойынша орынбасары қызметте­рін абыроймен атқарып, жұрт ықыласына бөленген жан. Науқастарды емдеп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, аудандық кеңес депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі де болды.

1999 жылдан бері Ақмола облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінде қызмет атқарды.

Қосақтасып жүріп, қолдан келгенше ел-жұртқа қызмет қылған ерлі-зайыптылар еліміздің дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатымен марапатталды.

Бүгін де ата-ананың ақ жолын тұңғыш қыздары Гүлжан Қанафина жалғастырып отыр. Астана Мемлекеттік медицина академиясын аяқтап, 2001 жылдан Ақмола облыстық ауруханасының клиникалық-диагностикалық бөлімінде дәрігер-лаборант боп жұмыс жасайды.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 2 =