«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Маман аз болса да, саз болсын

0 228

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» атты жаңа Жолдауымен біз де мұқият танысып шықтық. Бізге ондағы білімге қатысты айтылған бағалар мен тұжырымдар, оның болашағына байланысты білдірілген болжамдар мен байырқаланған бағыттар айрықша ой салды.

Бұл ретте Президент жаңғырудың негізі ре­тінде адами капиталды атап өтеді. Ол бізді, түптеп келгенде, білім берудің жаңа сапасына көтеретін болады. Білім беруге қатысты бағдарламалардың үнемі өзгерістерге бейім болуы керектігі де оның ендігі жердегі артықшылығы болуға тиіс. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың оқы­туға техникалық тұр­ғыдан қолдау көрсету жөніндегі тұ­жырымы кө­ңілге қонады. Бұл бағытта цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу жалғастырылатын болады.
Жолдауда жоғары білім беру жүйе­сінде ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек екені айтылған. Олар бізге жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін қажет болады. Сонымен бірге, жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет екені баса көрсетілген. Бұл жас ғалымдардың ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдау­дың жүйелі саясатын жүргізуге барып ұласады. Сол сияқ­ты жас ғалымдардың білім беру саласына өзінің инвестициялық жобасы мен экспорттық әлеуетті экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын уақыты келгені де тілге тиек етілді. Осының бәрі біздің қазіргі заманның талаптарына сай келетін мамандарды даярлап шығаруымызға жол ашып береді.
«Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академия­лық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек» делінген Жолдауда. Мұның қабатында оқытушы­лардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жо­ғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашуға мән берілуі тиіс. Бұған қоса, ұлттың әле­уетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идео­ло­гия­мызды одан әрі дамытуымыз керектігі тағы бар. Айналып келгенде, бұл қадамдардың барлығы «рухани жаңғыруға» қызмет ететін болады.
Айрықша маңыз беріп өтетін тағы бір мәселе, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жо­лында қызмет ететін мұға­лімдердің мәртебесін көтере түсуге тағы да ерекше көңіл бөлініпті. Осының нәтижесінде білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақысын биылғы 1 қаңтардан 30 пайызға көбейту тапсырылып отыр.
Білім беру саласының қызметкері ретінде бізді Жолдаудағы жетінші міндет өзіне көбірек тартады. Осы ретте маман даярлаудың сапасын арттыра түсуге көңіл бөлетін кездің келгені аңғарылады. Иә, қазір аз да болса саз маман әзірлейтін кезең келді. Бұл баяғы бір кездер­дегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні кетіп бара жатқанын да байқатады.
Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан ту­ған ойлар бізді осындай тұ­жырымдарға жетелейді.

Бибігүл НҮСІПЖАНОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының ректоры, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды