Мамай қорғанында неге мешіт жоқ?

0 121

Екінші дүниежүзілік соғыста шешуші, ең қанды ұрыстардың бірі Сталинград (қазіргі Волгоград) түбінде өтті. Тарихта Сталинград шайқасы атауымен қалған бұл қайғы-қасірет пен ерлікке толы оқиға 1942 жылдың жазынан 1943 жылдың қысына дейін, жарты жылдан астам уақытқа, 200 күнге созылды. Оған Қазақстанда жасақталған дивизиялардан 90 мыңдай адам қатысты. Осы шайқаста Отан үшін отқа түскен 500 мыңға жуық жауынгер қаза тапты. Арасында қазақстандықтар да аз болмады.ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДИВИЗИЯЛАР – СТАЛИНГРАД ШЕБІНДЕ

Тарихшы Тілеу Көлбаевтың мәліметінше, Сталинград түбіндегі алғашқы соққыны Ақмола қаласында жасақталған, кейіннен солтүстікқазақстандықтармен толықтырылған 29-атқыштар дивизиясы қабылдады. Алматыда, Қызылорда мен Ақтөбеде, Жамбылда жасақталған 38, 27, 292, 81-дивизиялар да осы ұрысқа қатысты. Тағы бір тарихшы Қайдар Алдажұманов 11 мың адамнан құралған 29-дивизия кіл қазақтардан жасақталғанын жазады.
«1942 жылдың көктемінде Ақмола қаласынан Сталинград майданына жөнелтілген 29-атқыштар дивизиясы жаумен шайқасты Дон өзенінің шығыс жағалауынан бастап, Сталинград көшелерінде аяқтады. Қиян-кескі ұрыстарда 48-полктағы аға лейтенант Досан Әлімжановтың батальоны үлкен ерлік қимылдарымен бүкіл дивизияны риза етті. Батальон құмды карьердің сырт жағына айналып барып, түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасады да, 250 фашисті тұтқынға алды, жаудың 270 машинасын, 6 зеңбірегін, басқа да біраз мүліктерін қолға түсірді. Д.Әлімжановтың батальонындағы взвод командирі Қасым Қыдыралиннің аз ғана топ солдаттары Воропаново түбінде фашистердің екі бірдей шабуылын тойтарды. Қыдыралин Ақтөбе облысының Ойыл ауданының жігіті еді» деп жазады Т.Көлбаев.
29-дивизия Котельниково ауданының солтүстік-шығысында фашистердің үлкен күшін бөгеп тұрды да, жау танк әскерлеріне қарсы табанды ұрыс жүргізді. Лейтенант Асқар Жетпісбаев басқарған бөлімше, Есқайыровтың батальоны асқан ерлік көрсетті. Дивизияның 2-полкінде, 3-ротадағы аға сержант Әбілқайыр Нұрғалиев Гурьев облысының Бақсай ауданындағы Жаңа күш колхозынан майданға алынған. Ол ерлігі үшін «Даңқ» орденімен марапатталды. Дивизияның зеңбірек расчетінің командирі, Қостанай облысы Ақсуат колхозының бұрынғы төрағасы Әметхан Досмағамбетов зеңбірегімен жаудың екі танкісін, 50 солдатын жойды.
Т.Көлбаевтың дерегінше, 1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жылғы қаңтар айында Алматы қаласында 38-атқыштар дивизиясы жасақталды. Саптағылардың 25 пайызға жуығы қазақтар болды. Олар Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстарынан келген тепсе темір үзетін жігіттер еді. Көбі Сталинградты қорғау үстінде қаза тапты.
38-атқыштар дивизиясының командирі Ғани Сафиуллин 1923-1926 жылдары Қызылордадағы өлкелік партия мектебінде оқыды. Павлодар, Семей қалаларында комсомол қызметінде болды. Мәскеудегі Жоғарғы шекара мектебін, М.Фрунзе атындағы академияны бітірді.
1943 жылғы 1 наурызда дивизияның 2882 жауынгері ордендермен және медальдармен марапатталды. Олардың арасында полк штабының бастығы, капитан Талғат Алмеев, батальон командирі Досжан Әлімжанов, жауынгерлер Молдағұл Ералиев, Қамшал Омаров, Рамазан Бисенов, Нығымет Ахметов, Мақаш Балмағамбетов, Досан Омарбаев, Ахмет Ауғанбаев, Мақаш Оразбаев, Әміреш Ауғанбаев, басқалар да болды. Ал дивизия командирі Ғани Сафиуллин Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Дивизияның мергендер мектебін шымкенттік лейтенант Әбдібай Құрмантаев басқарды. Ол 30 фашистің көзін жойды. Сталинград көшелерінің бірінде болған сұрапыл ұрыста ерлікпен қаза тапты. Жауынгер-барлаушы, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының тумасы Ізғұтты Айтықов жау тылында ерлік жасап, гитлершілдердің 50 солдаты мен офицерін өлтірді, әскери бөлімге 22 «тіл» әкелді. Батыс Двина өзенінен өтуде көрсеткен ерлігі үшін гвардия старшинасы І.Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

СПАТАЕВ, ӘБДІРОВ, ДОСПАНОВА ЖӘНЕ БАСҚА БАТЫРЛАР

Сталинград шайқасында ерлікпен қаза болған Кеңес Одағы Батырларының бірі – Қарсыбай Спатаев. Майданда Шымкент облысы Шаян ауданының Көктөбе колхозынан келген ол ауыр минаны құшақтап жау танкінің астына түсті. Отанды қорғаймын деп 25 жасында опат болды.
Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында құрылған 387-атқыштар дивизиясы 1942 жылғы 31 желтоқсанда Тормосин қаласын дұшпаннан азат етті. Бұл қала Сталинградта қоршауда қалған немістердің Паулюс армиясына жеткізер жолда еді. Дивизия осы жолды бөгеп, қоршаудағы армияға бірде-бір техника мен азық-түлік жібермеді.
Батыс Қазақстан облысының төрт ауданы Сталинград шайқасының ең жақын тылы еді. Осы өңірден шыққан жауынгерлер Саттархан Жұрмұхамбетов, Әбжай Салиев, Шабхат Желдібаев, Керей Кәмәлиев, Жақан Көшмағамбетов асқан ерлік көрсетті.
Сталинград шайқасында батырлығымен көзге түсіп, ерліктері хатталған қазақ жауынгерлерін тізе берсе көп. Соның ішінде қазақтың қаһарман ұлы, даңқты ұшқыш, Қарағандының Қарқаралы ауданының тумасы Нұркен Әбдіровтің ерлігін айтпасақ болмайды. Ол 16 әуе шайқасына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 автомашинасын, 18 оқ-дәрі тиелген көлігін, 3 жанармай цистернасын, 8 зеңбірегін жойып жіберіп, 80 неміс солдаты мен офицерін жер жастандырған. 1942 жылғы 17 желтоқсанда 17-жауынгерлік сапарында ИЛ-2 ұшқыштар звеносын басқарып шығып, жаудың Беков-Пономаревка ауданында шоғырланған техникасын жоюға аттанған. Боков деревнясының маңында өрт шалған ұшағын техникаға бағыттап, ерлікпен қаза тапты. 1943 жылғы 31 наурызда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Нұркен Әбдіровтің зираты Ростов облысының Вещенск ауданында орналасқан. Кейіннен батырдың анасы Бағжан әженің ұлының мәңгілік мекен тапқан жеріне табаны тиді. Сол жолы әйгілі жазушы Михаил Шолоховтың шаңырағында қонақта болды. Бұл сапары туралы ол кезінде көрнекті этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбекке айтып берген.
Жақында елордадағы 23-30-көшеге Хиуаз Доспанованың аты берілді. Ерлігі өз уақытында еленбеген қазақтың батыр қызы Сталинградпен қатар Солтүстік Кавказ, Кубань, Украина, Белоруссияны фашистерден азат ету жолында 300-ден астам әуе шайқасына қатысты. «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталды. Ұшқыш Марина Раскова басқарған авиация түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкі құрамында жауынгерлік тапсырмаларды орындаған өзгелер Кеңес Одағының Батыры атанғанда, Хиуаз Қайырқызына бұл атақ бұйырмады. Тек 2004 жылы оған Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.
Ресми мәлімет бойынша Сталинград шайқасына қатысқан 112 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Соның бесеуі – қазақстандық. Бұл – Қарсыбай Спатаев, Ізғұтты Айтықов, Нұркен Әбдіров, Тимофей Позолотин және Гаяз Ромаев. Ал Хиуаз Доспанова секілді қаншама қандасымыздың ерлігі ескерусіз қалды десеңіздерші!
Туған нағашым Ақбай Қойлыбаев – осы Сталинград шайқасында қаза болған жауынгердің бірі. Бертінге дейін ол хабарсыз кеткендердің санатында болды. Інілері Серік пен Нұртай қанша сұрау салса да, ағалары туралы бірде-бір дерек таба алмады. Ақыры екеуі де бірінен соң бірі 1993 жылы өмірден озып кетті. Тек 1995 жылы, Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай шыққан «Боздақтар» кітабында нағашымның дерегі шықты. Сонда Ақбай Қойлыбаев 1916 жылы Қарағанды облысы Тельман ауданында туған. Тельман ауданының әскери комиссариатымен әскерге шақырылды. Қызыл әскер. 1942 жылдың 14 желтоқсанында қаза болды. Жерленген орны – Сталинград облысы Киров ауданы Бекетовка селосы деген сараң ақпарат берілген.

ЖАҚСЫЛЫҚ АҚСАҚАЛДЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Халқымызда «Өлдің Мамай, қор болдың» деген сөз бар. Сталинград шайқасы өткен аумақтағы Мамай қорғаны, тарихшылардың пайымдауынша, Алтын Орда дәуіріндегі түменбасы Мамайдың бұйрығымен тұрғызылған. Мамайдың өзі де осында жерленген деген болжам да айтылады.
1967 жылы мұнда Сталинград шайқасында қаза болғандардың рухына тағзым ету үшін үлкен кешен салынды. Осы жерде Нұркен Әбдіровке ескерткіш тақта орнатылған. 2018 жылы шайқастың аяқталғанына 75 жыл толуына орай қорғанда қаза болған қазақстандық жауынгерлерге монумент бой көтерді.
Былтыр Торғай өңірінен елордадағы балаларына қыдырып келген Жақсылық Жүнісов дейтін ақсақалмен таныстым. Журналист екенімді білген қария әңгіме арасында Сталинград шайқасы туралы айтып қалды. Бұл кісі 1968 жылы Волгоград ауыл шаруашылығы институтын бітірген екен. «Мамай қорғаны» кешені ашылуының куәгері болған оның маңдайына осы өңірдің қызы да жазылыпты. Содан қайын жұртына жиі ат басын бұратын болды. Бір сапарында оқушы немересін де ертіп апарып, Мамай қорғанын аралатыпты.
– Кешенді аралап жүргенімізде, немерем қатты әсерленді. Сондағы жазуларды оқып жүріп, «Ата, мұнда қазақтар көп қой» деді. Тізе бүгіп, қыршын кеткен боздақтардың әруақтарына құран бағыштадым. Немеремнің сөзі ойландырып, санамда Файзолла ишанның «Құлаған бәйтеректей қия-құздан, Қош елім, кетіп барам араңыздан. Тілегім үш қайтара сұрайтұғын, Ескеріп, тастамаңыз дұғаңыздан» деген өлең жолы жаңғырды. Осында мәңгіге дамыл тапқан мұсылман жауынгерлерге дұға бағыштайтын мешіт керек деген ой келді. Оның себебі Мамай қорғаны аумағында шіркеу бар да, мешіт жоқ, – дейді ақсақал.
Осы ойды арқаланып, Қазақстанның Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктеріне барыпты. Ондағылар «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне сілтепті. Сонда барып ешкімді таба алмапты. Сөйтсе, ұйым қызметкерлері пандемияға байланысты қашықтан жұмыс істеп жатыр екен. Ақыры, ештеңе шықпаған соң, кейін жолығамын деп еліне қайтып кетті.
Ақсақалдың ұсынысына құлақ қою керек деп есептейміз. Мамай қорғанында 35 мыңға жуық жауынгердің сүйегі жатыр. Арасында мұсылмандар аз емес болуы керек. Мешіт салу мәселесіне тиісті құзырлы орындар, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі араласса, нұр үстіне нұр болар еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ емес пе едік?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =