Мәлікованың мәнері

0 100

Шүкір, бүгінде кітапсүйер көпшіліктің жан азығы бола алатын жауһар жырларды ақ қағаз бетіне нәзік иіріммен үлбірете түсіретін ақын қыздарымыздың қатары қалыңдау. Солардың бірі – дүйім қазақтың дүниетанымында «жыр өңірі» ретінде жатталып қалған Қызылорда облысының тумасы Динара Мәлікова.

Таяуда Динараның «Гүл қауызындағы хаттар» атты жаңа жыр жинағы қолымызға түсті. Жалпы, өлең өлкесіне «Тәңір сыйы», «Қиялыма сыя алмаған екенмін» атты қалыңдығы пышақ қырындай қос кітапшасымен имене келіп, жас замандастары арасынан ептеп өзіндік орнын айшықтай бастаған арудың бұл жолғы туындысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жас толқын» сериясы бойынша «Жазушы» баспасынан басылып шыққан. Атының өзі-ақ түсіндіріп тұрғандай, ондағы жүзден астам тақырыпты қамтыған жүйелі жырлар шынымен де жаңа заман ағымынан жұпар аңқыта құлпырған жауқазын дерсің! Ал, өлеңге әр берген әрбір жол – гүл жапырағының ұшында тұнып, таңғы шапақпен шағылыса жалт-жұлт еткен шық тәрізді. Бұл – Динара ақынды әлдебір желеумен асыра мақтағандық, асыға ақтағандық емес, көз тойып, көңіл тұшынғанды жасыра жаппағандық…
Аңғаруымызша, автордың санадан сәулелене түсіп, сарғайған дәптер беттерінде сақталған сыр-мұңы негізінен сартап сағынышқа толы екен. Өмір өзегінен үзіп алынған өр өлеңдер легі «Сағынуға неге сонша құштармын?!.» деп басталып, «Күтейін сені көзіңдей болып» деп аяқталады. Дені солай, демі – жалын. «Күлкімде – күрсініс» дейді өзі, ақындық жүрекпен.
Сөз жоқ, Динара Мәлікова – лирик ақын! Мөлт еткен сезім тамшыларын моншақша тізіп, мөлдіреген шумаққа айналдыра қоюдың шебері. Соның арасында бұл фәниде ғашықтық ғазалға айналған «шын сүйгендердің қосылмайтынын» шынайылықпен шегелей түседі. Мысалы…
«Адасып жүрген талғамым екен,
Үміт боп жүрек тіл қатсын.
Мен сені неге таңдадым екен?..
Қосылмауың үшін қымбатсың!..»

«…Шын сүюдің соңы үйлену демеймін,
Айтылмайтын сырым болып қалмашы!..»

«Мен өзіңді айтып жүрем ән қылып,
Саған мені қоймаса да жар қылып…»

«Еріп кеткім келіп тұрды ерніңде,
Мендік емес құшағыңа ендім де…»
Міне, сезімтал жүректі Динара қыздың поэзиясынан осы сарындас шарасыз шумақтар да жиі ұшырасады. Махаббат лирикасы сынды мәңгілік тақырыптар аясында ой мен сөздің қайталанып тұратыны – заңдылық. Соны үстірт үстемей, түрлендіре түзе білетін нағыз ақындардың санатына біз осы қызды жатқыза аламыз.
Мәлікованың мәнері – мәнді сөздің мәйегі. Ал, «Гүл қауызындағы хаттар» – олақ ойлы қыздардың жігітіне шатпақ тақпақ арнай салғанындай емес, кәдімгі талғампаз таланттың тәп-тәуір туындысы.
Бағамыз кемдеу соқса да, бағың үстем болсын, ақын қыз!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + 9 =