МАЛАЙЗИЯ ТУДЫРҒАН МҮМКІНДІК

0 148

movetomalaysia-uni

Бүгінде «Эйр Астана» әуекомпаниясынан Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы тікелей рейс аптасына үш рет ұшады. Жолаушыларға зер салып қарасаңыз, Малайзия еліне бағыт алған осы әуе жолы «Алматы-Астана» қатынасын еске түсіреді. Өйткені, олардың дені – жастар. Олардың таңдауы неліктен осы елге түсті? Малайзияда білім алушыларға қандай жағдай жасалады? Осы жайында аз-кем баяндамақпыз.

Біріншіден, оқуы қалта көтерерліктей. Қазақстандық жетекші оқу орындарында бір жылдық оқу ақысы – 300 мыңнан 800 мыңға дейін барса, Малайзия университетінде – теңгеге шаққанда 400 мыңның о жақ-бұ жағы. Студенттердің көпшілігі Малайзияның «Sunway», «Asia Pacific University of Technology & Innovation (APU)», «HELP», «Limkokwing University of Creative Technology» университеттерін таңдайды. Жаңа заманға сай сан түрлі қажетті мамандықтар тізімі мол әрі халықаралық стандартқа сай диплом береді.

Сонымен қатар, Англияда білім алу жылына 35000-40000 АҚШ доллары болса, Малайзияда студенттің жүріп-тұруына, тамағына, киімі мен қажетті құрал-жабдықтарына көп дегенде 7 000-15 000 АҚШ доллары ғана жұмсалады екен.

Ондағы университеттердің көбі Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Австралия, Германия және Франция елдерінің филиалдары болып саналады. Аталған мемлекеттермен студент алмасу мәселесі де дұрыс жолға қойылған.

Сауалдама көрсеткендей, білім алушылардың 80%-ы жаңа технологиялар меңгеруді құп көреді. Капиталистік көзқараспен қарайтын жастардың айтуын­ша, жаңа технология жүрген жерде қаржы да көп болады.

Сабақтары ағылшын тілінде жүреді. Оқуға кеткен студенттеріміз нан сұрай алатын деңгейдегі ағылшынмен барып, 4 жылдан соң шет тілді еркін меңгеріп, елге оралып, ұлттық компаниялар мен шетелдік кәсіпорындарға жұмысқа орналасады.

Малайзияда оқудың тағы бір артықшылығы – ауа райының қолайлылығы. Орташа жылдық температурасы – 25-28°С.

Сондай-ақ, студенттік қалашық та атап өтуге тұрарлық. «Болашақтың қаласы» деген атқа ие болған Сайберджая қаласы тұтастай студенттердің ордасына айналғалы біраз жыл болыпты. Тіпті, мұндағы жергілікті кәсіпкерлер тұрғын үйлердің өзін студенттерге лайықтап тұрғызғанын байқадық. Бас­тысы, Қазақстаннан барған жастарға тамақтану мәселесі қиындық тудырмайды. Өйткені, Малайзияның 60%-ын мұсылмандар құрайды, мемлекеттік діні – Ислам. Студенттер қалашығындағы дәмханалар таяқ тастам жерде, тәбет-талғамға сай астың түр-түрі бар әрі бағалары да қолайлы. Малай асханасы да ерекше сұранысқа ие, әсіресе, нандары өте дәмді.

Тағы бір айта кетерлігі, Малайзиядағы көлік жолдары көрген кісіні таңдай қақтырады. Көлік кептелісін көру – аракідік жәйт. Себебі, пойыздар жер астымен де, жер үстімен де зулай береді. Ал, автобустары таксимен пара-пар. Аялдамаға жетпей-ақ, «тоқта» деген түймені баса қалсаңыз болды, діттеген жеріңізден түсіріп кетеді. Қазақ студенттерінің көпшілігі көлікті жалға алып, оқуын да, жұмысын да дөңгелетіп жүрген жайы бар.

Ағылшындықтардың бодандығында болған Малайзияның айналдырған елу жыл ішінде «Азия жолбарысы» атануы тегін емес. Олар мұны мемлекеттің жүргізген дұрыс саясаты мен білім-ғылымға, жаңа технологияны меңгеруге деген талпынысының нәтижесінде жеткенін жасырмайды. Ендеше, «жақсыны көрмекке» деген қазақы мінезбен жас­тарымыз Малайзия елінің білімі мен ғылымын, тәжірибесін игеруге ұмтыла түссе, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Құндыз ЕРАЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 1 =