Мәкөш ЫБЫРАЕВА, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент: МЕДИЦИНАҒА КЕЛГЕНІМНЕН ҰТЫЛҒАНЫМ ЖОҚ

0 1  157

даригер -1 (1)

Еліміздің эндокринология саласына еңбегі сіңген білікті мамандардың бірі – Мәкөш Ыбыраева. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған Мәкөш Тіржанқызы еңбек жолын Макинскіде дәрігер-терапевт болып бастаған. Целиноград мемлекеттік медициналық институтының ординатурасын бітіргеннен кейін Новосибирск мемлекеттік медицина институтында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ақмола мемлекеттік медицина академиясында он бір жылға жуық декан болды, бүгінде болашақ дәрігерлерді тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Елуге жуық ғылыми мақаланың авторы. Еңбектерінің ішінде эндокринология саласын қаузаған қазақ тіліндегі «Қант диабеті» монографиясы бойынша оқу орындарында студенттерге дәріс өтіледі… Таяуда Мәкөш Тіржанқызына жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. Білікті дәрігерді әңгімеге тартып, эндокринологиялық сырқаттар, жалпы оның сипаты мен емі төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Алдымен эндокринология саласына түсініктеме бере кетсеңіз…

– Эндокринология бұрын ішкі аурулар саласына жататын. Ол кезде ішкі ауруларды терапевтер қарайтын. Жалпы, эндокринология дегеніміз – ішкі секреция бездерінің қызметін, сол бездердің бұзылуынан болатын ауруларды зерттейтін медицинаның ауқымды бір саласы. Эндокриндік бездер жүйесі бірнеше безді қамтиды. Олар бірімен-бірі тығыз байланыс­ты. Без гармондарының бөлетін сөлдері басқа жүйелерге әсер етеді. Сондықтан да бұл медицинаның өте күрделі саласы болып саналады.

– Эндокринологиялық ауруларға қандай сырқат түрлері жатады?

– Кең тараған түрі – қант диабеті. Әлем бойынша миллиондаған адам ауырады. Бұл аурудың кең таралуы біздің елімізде де байқалады. Жалпы, қант диабетінің 2 түрі болады десек, бірінші түрі көбіне жастарда генетикалық өзгерістерге байланыс­ты пайда болады. Бірақ, бұл жиі кездесетін түріне жатпайды. Ең белең алған, бүгінде күрт өсіп келе жатқаны – екінші түрі.

Жаңа айтып өткенімдей, бірінші түрі – жаңа туған нәрестеден 30-35 жас аралығындағы жастарда кездеседі. Ал екінші түрі 35 жас­тан асқандарда басым. Дегенмен, осы соңғы түрі қазір жас балаларда да кездесіп жүр. Сырқаттың бірінші түрінде инсулиннің нағыз жетіспеушілігі байқалса, екінші түрінде соншалықты жетіспеушілік болмайды. Алайда, оның қауіптілігі – аурудың алғашқы белгілері бас­талып, оған диагноз қойылғанға дейін 5-10 жылдай уақыт өтуі мүмкін. Сол кезде қайта оралмайтын асқынулар пайда болады. Ол – сонысымен қауіпті.

– Неден пайда болады?

– Пайда болу себептері әртүрлі. Ең алдымен, дұрыс тамақтанбау. Қазір адамдар шамадан тыс тамақтанады. Оның ішінде, әсіресе, тәттілер, көшеде, фастфудта сатылатын дайын тағамдардың ақыры семіздікке ұшыратады. Сол сияқты қазір салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып жүргендер сирек. Қоршаған ортаның өзгерістері де ауру тудырушы фактор. Сондай-ақ, бұл ауру тұқым қуалауға бейімділік танытады. Әрине, егер анасы диабетпен ауырса, нәресте дүниеге келісімен оған анасынан бұл сырқат берілмейді. Егер баласы өзін-өзі күтінбей, дұрыс тамақтанбаған жағдайда диабетке шалдығу деңгейі жоғары болады. Негізі, әрбір он жылда 30 бен 40 жас аралығындағы адамдардың саны мен 40-тан 50-ге дейінгі диабетпен ауыратын адамның саны екі есе ұлғайып отырады. Демек, дерттің жас ұлғайған сайын пайда болу қаупі жоғары.

– Қант диабетінің алғашқы белгілерін қалай білуге болады?

– Аурудың екінші түрі біртіндеп басталады. Сондықтан оны науқастың өзі бірден байқай қоймайды. Жиі-жиі шөлдеп, әлсіреп, көп шаршайды. Бірақ оны науқас диабетпен байланыстырмай, «жұмыстан қажып жүрмін» деп ойлауы мүмкін. Ересек адамдар аузы құрғап, жиі шөлдейді. Кіші дәреті жиілеп, түнде дәретханаға бірнеше рет барады. Аздап жүдей бастайды. Аяқ-қолы сырқырап, денесіне қаптап шиқан шығады. Көзіне теріскен шығып, тісі түседі. Ал, бірінші түрі күрт басталады. Сырқат шөлдесе тәулігіне 10-15 литр су ішеді. Қатты жүдеп кетеді. Егер 10-15 күннің ішінде дәрігерге көрініп, диагноз қойылмаса, комаға түсуі әбден мүмкін.

– Мұндай дертке шалдыққан науқастарға қандай диета ұсынылады?

– Сырқат адам ғана емес, сау адамның өзі тамақтың құрамында үш компонент бар екенін ескергені жөн. Олар: ақуыз, көмірсу, май мен дәрумендер. Сондықтан науқастар ғана емес, сау адамның өзінде де мұның ағзадағы тепе-тең қарым-қатынасы 50-55%-ы көмірсулар, 16-20%-ы майлар, 15-20%-ы ақуыздар болуы керек. Тек қант диабетімен ауырғанда жылдам сіңетін көмірсулар болмауы тиіс. Өйткені, олар жылдам сіңіп, қандағы глюкозаның деңгейін көтереді. Олар тәттілерде: қант, бал, кәмпит, тосап пен тәтті тоқаштарда, сол сияқты шырындар мен жүзім, бананда кездеседі. Негізі, қанның құрамындағы қант мөлшері – аш қарында 3,5-тен 5,5-ке дейін, ал тамақ ішкеннен кейін 5,6-дан 7,8-дің аралығында болуы керек. Бұдан жоғары болса, онда көмірсу алмасуының өзгергендігін білдіреді.

Жалпы айтарым, ағзаға көкөністің барлығы қажет. Сәбіз, қырыққабат секілді көкөніс түрлері шикі қалпында да, сонымен қатар, бұқтырылып піскен күйінде де аса пайдалы. Майлы емес ет тағамдары мен жұмыртқа, ірімшік, сүт тағамдарын күнделікті ішіп отыру керек. Ал, диабетпен ауыратындар қандағы глюкоза деңгейін қалыпты жағдайда ұстап, уақтылы емін қабылдаса, олардың да сау адам сияқты тіршілігін жалғастыруына мүмкіндігі мол.

– Елімізде диабеттің бірінші түрімен ауырғандарға трансплантация жасау қаншалықты сәтті жүзеге асып жатыр деп айтуға болады?

– Медицинада ешбір трансплантацияны 100 пайыз сәтті өтті деп айтуға болмайды. Өйткені, әр адамның ағзасының өзіне тән ерекшелігі болады. Әрине, «сәтті болды» дейтіндер де кездеседі. Мен бұл жерде оны жоққа шығарайын деп отырғаным жоқ. Кез келген трансплантация кезінде ағзаның соны қабылдап-қабылдамайтын иммун жүйесінің реакциясы болады. Бәрі соған байланысты. Негізі әрбір емдік жолды іздестіру ғылымда, ауруды емдеуде ілгері басатын қадам сияқты. Ізденіс болмаса, алға қарай адымдамасақ, ғылым бір деңгейде қалып қояды. Бәлкім, алдағы уақытта иммундық жүйенің әсерін басатын керемет жаңалықтар ашылатын болар.

– Эндокринологиялық сырқаттардың тағы бір түрі – жемсау (зоб). Бұл дерт неден пайда болады? Қалай сақтану керек?

– Мұның диффузды-токсикалық, эндемиялық зоб деген түрлері бар. Біріншісіне күйзелістер әсер етуі мүмкін. Ал, эндемиялық зоб қоршаған ортада, топырақта, суда йодтың жетіспеушілігінен басталады. Бұлар да туа бітетін ауру емес. Әртүрлі жағдайларға байланысты кейін пайда болады. Негізі, зоб – қалқанша без қызметінің өзгеруіне қарай әртүрлі болады. Гиперфункция, гипофункция дейміз, бұларды көлденең адам диагноз қойып, емдеуге тиісті емес. Дәрігер маманға барып, зобтың қандай түрі, нешінші дәрежесі, қызметі, гармон бөлуі қандай екенін білуі қажет. Соған байланысты әрбір науқастың емі болады. Өйткені, екі адамға да екінші дәрежелі жемсау диагнозы қойылғанымен, бірінде гипофункция, ал екіншісінде гиперфункция болуы мүмкін. Яғни, бірінде гармондар көп бөлініп, екіншісінде аз бөлінсе, зобтың дәрежесі бір болғанымен, екеуіне қарама-қарсы ем беріледі. Сол себепті әр науқастың емдеу ерекшелігін тек қана маман дәрігерлер белгілейді. Одан сақтану үшін, дұрыс тамақтану қажет. Құрамында йоды бар теңіз тағамдарын көбірек жеу керек. Ал балаларда алғашқы белгілері біліне бастаса, йод препараттарын беру қажет. Дегенмен, мұны тек қана йод жетіспеушілігінен болады деп, йодты шамадан тыс арттырып алса, тағы зиян.

– Жемсауды халықтық медицинамен емдеуге бола ма?

– Көп жылдық тәжірибемде дәрігерлердің берген емін қабылдамай, халық емшісінен ем алып, ақырында содан қайтыс болған науқастарды білемін. Кезінде Павлодарда бір емші кісі болды. Сол кісіге риза болғаным, ол алдына барған науқастарға міндетті түрде: «Алдымен дәрігеріңнің емін ал, содан кейінгі менің емім қосымша» дейтін. Алайда, адамның барлығы бірдей емес қой. Кейбір халық емшілері медициналық емді мойындамай, өзіне жүгінген науқастарға халықтық емді ғана ұсынады. Міне, сондай жағдайда бұл сырқат асқынады. Әрине, халықтық емді жоққа шығара алмаймын, әйткенмен, «халықтың емшілерге бара ғой» деп айтуға да әуес емеспін…

– Болашақ дәрігерлерді даярлауға үлес қосып отырған тәжірибелі ұстаз ретінде бүгінгі студенттер жайында пікіріңізді білгіміз келеді?

– Негізі, белгілі бір мамандыққа білім алуға келдің бе, онда сен оған адал болуың керек. Өзім де медицинаға кездейсоқ келген адаммын. Бірақ, медицинаға келгенімнен ұтылғаным жоқ, менің осы салаға келгенімнен медицина да ұтылған жоқ деп ойлаймын. Бар күшімді салып, беріліп жұмыс істегендердің бірімін. Кезінде медициналық оқу орнына түсу кәдімгідей бедел болатын. Түлектер конкурспен қатаң іріктелетін. Ал соңғы 20 жылда беделді мамандықтар – заңгерлер, экономистердің еншісіне өтті. Сондықтан бұл мамандыққа жүрек қалауымен емес, амалсыз келіп түскендер де бар. Мен қатаң да талапшыл ұстаз болдым. Әсіресе, жас кезімде қатты талап қоятынмын. Өйткені, болашақ дәрігерлерді оқыттым. Мен студенттеріме: «Егер ауыл шаруашылығы немесе педагогикалық инс­титутта сабақ берсем, мұндай талап қоймаған болар едім» дейтінмін. Қазіргі жас дәрігерлерге көпшіліктің көңілі тола бермейтіні олардың әлеуметтік жағдайына да байланысты. Мысалы, бүгінде емханадағы дәрігерлер жалақысының аздығын айтып шағымданады. Жұмысына деген немқұрайлық содан басталады. Егер жағдайы жақсы, жалақысы жоғары болса, дәрігерлер де алаңдамай жұмыс істейді. Әрине, олардың әлеуметтік жағдайының төмендігіне науқас кінәлі емес қой. Дегенмен, дәрігерлердің науқасты қабылдау кезінде екінші бір қосымша жұмысын ойлап отыруы пациентке кәдімгідей әсер етеді.

– Шәкірттеріңіз туралы айта отырсаңыз. Олар отандық медицина саласының дамуына қандай үлес қосуда?

– Мен өзім медицина ғылымдарының кандидаты, доцент дәрежесімен шектелдім. Әрі қарай ғылым қуып, тереңірек қаузамадым. Ғылыми еңбегімді Новосибирскіден қорғап келгеннен кейін, 11 жыл медицина институтының қазақ бөлімінде декан болдым. Көп уақытым маман даярлауға кетті. Кандидаттық қорғаған студенттерімнің ғылыми жұмыстарына байланысты, ақыл-кеңес беруге біраз көмегім тиді. Өзім тәрбиелеген шәкірттерімнің арасынан, Астана медицина университетінің эндокринология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Түксейітованы, сол сияқты Варвара Зеленская, Жанар Әлібековалармен бірге жас маман Гүлнәр Шахманованы айрықша атауға болады.

– Елімізде эндокринолог мамандар жеткілікті ме?

– Жалпы елімізде эндокринология саласының дамуы бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Онда көптеген мықты эндокринологтар шоғырланған. Әріптестеріміз Бүркіт Айдарханов, Михаил Зельцер, Римма Базарбековалардың еліміздегі эндокринология саласының дамуына сіңірген еңбегі – орасан, зор. Астана қаласында да эндокринолог мамандар аз деп айту қиын. Өзім 2003 жылдан 2009 жылға дейін елорданың бас эндокринологы болғанымда, жыл сайын кадрлар жөнінде есеп беретінбіз. 2008 жылдың соңында қала бойынша 27 эндокринолог болған еді. Ал қазір елордада 60-тан аса эндокринолог маман еңбек етеді. Қазір шаһардағы жекеменшік клиникалардың барлығында эндокринологтар бар. Дегенмен, мамандар ауыл-аймақта жетімсіз. Ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар жұмыс істейді. Ал ол жерде эндокринологқа штат қарастырылмаған. Өйткені, ондағы дәрігер жан-жақты болуы керек. Педиатрияны, хирургия мен гинекологияны да білуі тиіс. Тіпті, аудан орталықтарының өзінде бір ғана ставкаға істеп, тек қана эндокринолог болып отырған дәрігерлер аз. Өйткені, халықтың санына байланыс­ты олардың ставкалары жетпейді. Сондықтан аймақтарда қазір бас дәрігердің орынбасары немесе терапевтер жарты ставкаға эндокринолог болып жүр.

– Сіз эндокринолог дәрігерлердің біліктілігін көтеруге арналған түрлі ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрсіз. Жалпы, мұндай жиындардың тиімділігі неде?

– Ай сайын, болмаса үш ай сайын конференция өткізу – біздің міндетіміз. Әсіресе, жаңа препараттар шыққанда жастарға соны жан-жақты таныстырып, пайдасы немесе зияны туралы баяндамалар жасаймыз. Оны өткізуге қазір көптеген фирмалар көмектесіп жүр. Өйткені, олар өз препараттарын жарнамалағысы келеді. Ал біздікі – соның ішінен тек емге пайдалысын алып, жастарға көрсету. Бүгінде ондай ғылыми-практикалық конференцияларға шетелден арнайы мамандар шақыртып, солардың тәжірибесімен бөлісеміз. Алматыда жылына бір мәрте республикалық конференция болады. Оны Қазақстан эндокринологтарының қауымдастығы ұйымдастырады. Міне, осы жиындардың әріптестерімізге, әсіресе, жас мамандарға пайдасы зор.

– Медицина тақырыбында, оның ішінде эндокринологиялық ауруларға қатысты қазақ тілінде оқулықтар мен бірнеше монографиялық еңбек жаздыңыз. Дегенмен, медициналық оқу орындарында қазақ тілінде жазылған оқулықтар жетіспейді деп естиміз…

– Иә, қазақша оқулықтар жетіспейді. Оның себебіне келсек, орыс тілінде жазылған оқулықтардың барлығы бір мезгілде, яғни, тек ХХ ғасырда шығарылған жоқ. XVIII-XIX ғасырдан бері жазылып келе жатқан әдебиеттер мен шетел тілінен аударылған еңбектердің барлығы ондаған жыл бойы жиналған дүниелер. Ал біз тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде сол еңбектердің барлығын түгел аударып, қалыпты деңгейде барлығына жеткілікті етіп жеткіздік деп айта алмаймыз. Ол – үлкен проблема. Сонан кейінгі мәселе, аудармашылардың қандай деңгейде екендігі. Бұдан бұрын жазылған еңбектерімді оқып отырып кейде ойланамын. Егер мен оны қайта жазар болсам, ішінен біраз нәрсені өзгертіп, басқаша жазар едім.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Деніңізге саулық, еңбегіңізге жеміс тілеймін.

Әңгімелескен Ләззат Кемелбаева

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =