Майраның жұлдызды сәті

0 16

Қазақстандық опера әншісі Майра Мұхамедқызы серіктес елдердің ең танымал классикалық орындаушылары номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Классикалық өнер саласындағы Bravo халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығын тапсыру салтанаты Мәскеудегі Үлкен театрдың тарихи сахнасында өтті.

Майра Мұхамедқызы осындай беделді марапатқа ие болу тосын сый болғанын және үлкен мәртебе екенін айтты. «30 жылдан астам шығармашылық қызметімде көптеген байқаулардың жеңімпазы болғаныма қарамастан, бүгінгі таңда танымал тұлғалардың арасында тарихи сахнада тұру мен үшін өте қызықты әрі әсерлі болды» деді ол.
Ресейлік танымал тележүргізуші Андрей Малахов өз кезегінде бұл жеңісті қазақ әншісінің дарыны мен жетістігінің лайықты дәлелі деп атап, оған бар жақсылықты тіледі.
Bravo сыйлығының атқарушы продюсері Юрий Андрейчук Қазақстан әлемге таңғажайып өнер тұлғаларын сыйлайтынын атап өтті. «Бүгін біз опера және балет театрының алғашқы әнші директоры – біздің сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызын қарсы алғанымызға қуаныштымыз, бұл – біз үшін аса құрмет» деді ол.
Майра Мұхамедқызы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көптеген танымал халықаралық байқаулардың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» алғашқы қазақстандық солисі. Осы жылдың қаңтарында ол Шымкенттегі опера және балет театрының директоры болып тағайындалды.
Bravo сыйлығы 2017 жылы құрылды және 2018 жылдан бастап жыл сайын классикалық және танымал музыка саласында беріледі. 2020 жылы коронавирустық пандемияға байланысты тапсыру рәсімі өткен жоқ.
Сыйлықтың ерекшелігі номинанттарды ұсыну айқындығы және әртістердің танымалдылығының объективті көрінісін жеке көзқарас бойынша емес, музыка индустриясының кәсіби мамандары ұсынған және концерттерге сатылған билеттер саны, синглдер мен альбом­дардың таралымы, әндердің радио мен теледидарда танымал болуы, YouTube-те қаралу саны, бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған мәліметтер және т. б. аналитикалық көрсеткіштердің нәтижелері бойынша анықталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 9 =