Майданға Ақмоладан 4 дивизия, 14723 жауынгер аттанған

0 21

1939 жылдың 1 қыркүйегінде фашистік Германия Польшаға шабуыл жасағаннан кейін Англия мен Франция соғысқа араласты да, Екінші дүниежүзілік соғыс ресми басталды. Ал 1941 жылдың 22 маусымында Германия жасақтарының Брест қамалына шабуыл жасауы КСРО-ға қарсы соғысқа ұласты.Тарихи деректерге сүйенсек, Брест қамалына шабуыл жасалудан бұрын оны 7000 сарбаз қорғап тұрған. Оның мыңға жуығы Қазақстаннан барған жауынгерлер екен. Соғыс басталғаннан кейін кеңес әскері қатарына 1 мил­лион 200 мың қазақстандық шақырылды. Өкінішке қарай, оның тең жартысы, 601 мыңы оралған жоқ.
Бес жылға созылған шайқасқа Қазақстанда жасақталған 12 ат­қыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар жөнелтіліпті. Соның арасында 310, 387, 29-атқыштар жəне 106-атты əскер дивизиялары Ақмолада жасақталған еді. Оның құрамында Қарағанды жəне Қос­танай облыстарынан алынған сарбаздар да болды. Тек Ақмоланың өзінен 14723 жауынгер майданға аттанып, олардың жартысы, яғни 7414 адам майданда қаза тауыпты. Көрсеткен ерліктері үшін 41 адамға ең жоғарғы награда – Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, жетеуі «Даңқ» орденімен марапатталыпты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры атағына екі мəрте ие болған ұшқыш генерал-майор Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, генерал Сағадат Нұрмағамбетов, Ақан Құрманов, Əлмұқан Сембинов, Алексей Петров, Михаил Сальников, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен «Халық Қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаев бар.
Талғат Бигелдинов 1922 жылғы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. 1943 жылы майданға аттаныпты. Ил-2 ұшағымен жауға қырғидай тиген ол 305 рет әуе шабуылына қатысып, жаудың 7 ұшағын атып түсіріпті. Бұл ұшақтың бірі әуе шабуылында қарсы жақтың 108 ұшағын атып түсіріп, аты аңызға айналған капитан фон Дитрихтың ұшағы болатын.
310-атқыштар дивизиясы Ленинград майданында əйгілі «Тіршілік жолын» құруды қамтамасыз етті. Ладога көлінің мұзы арқылы Ленинградқа азық-түлік пен жүк тасыған жауынгер-жүргізушілердің жартысы біздің жерлестеріміз еді. Ленинград жəне Псков облыстарын, Польшаны басқыншылардан азат етті, жаудың Шығыс Померан, Берлин əскери тобын талқандау­ға қатысты, Эльбаға дейін барды. 1944 жылы Новгородты алу кезінде 310-атқыштар дивизиясы бірінші болып қалаға кірді. Сол үшін дивизияға «Новгородтық» атақ берілді. 1944 жылы дивизияға «Қызыл Ту» беріліп, «Ленин» орденімен марапатталыпты.
Ақмолада жасақталған 387-­атқыштар дивизиясы 1941 жылдың қараша айында Батыс майдан құрамында ұрысқа қатысқан. 1944 жылы Қырым үшін шайқаста Перекоп қаласын азат еткені үшін ақмолалық құрамға «Перекоп дивизиясы» деген құрметті атақ берілді. Ал 1941 жылдың соңында Ақмолада құрылған 29-атқыштар дивизиясы атақты Сталинград шайқасында ерен ерлік көрсетіп, 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы деген құрметті атаққа ие болды. Оның құрамы ылғи қазақтардан жасақталды. Дивизия құрамында 11 мың адам болған. Оның 31 жауынгері мен командиріне ең жоғарғы марапат – Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Ақмолада 1941 жылы қарашаның 15-інен 1942 жылы наурыздың соңына дейін жасақталып дайын болған 106-атты әскер дивизиясының тағдыры өте ауыр болды. Атап айтқанда, бұл дивизия 1942 жылы 12 мамырда Харьков қоршауында қалып, жауынгерлерінің бірқатары қаза тауып, тірілері тұтқынға түсті. Бір бөлімі соғыстан кейін сотталды. 1947 жылы сәуірде дивизияның комиссары Нұрхан Сейітов 25 жылға сотталғаны – соның айғағы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − eight =