Майдангерлерге көмек беріледі

0 17

Бейнеконференция режимінде өткен Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың жекелеген санаттағы азаматтарына әлеу­меттік көмек көрсету, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін сатып алу, тағы басқа мәселелер қаралды.Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, тыл еңбеккерлеріне біржолғы қаржылай көмек берілетінін айтты.
44 соғыс ардагері – 850 мың теңге және 177 мың теңге көлемінде, екеуін қосқанда 1 млн теңгеден астам қосымша көмек алады. Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 405 азаматқа 50 мың теңгеден, соғысқа қатысушылардың басқа да санаттарына теңестірілгендер (3529 адам) мен тыл еңбеккерлеріне 20 мың теңгеден біржолғы көмек беріледі.
Бұған қоса, ардагерлер осы жыл ішінде ТМД елдері мен Қазақстан Республикасы аумағындағы батыр-қалаларға, жауынгерлік даңқ орындарына, әскери жерлеу орындары мен әскери ескерткіштерге теміржол арқылы немесе әуе қатынасымен бару үшін бір реттік тегін билетпен қамтамасыз етіледі. Мәслихат депутаттары бұл ұсыныстарды бірауыздан мақұлдады.
Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекция­сы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев бес нысан құрылысына арналған жалпы сомасы 332 млн теңгені құрайтын 64 жер телімін мемлекет мұқтаждығына сатып алу жобасын ұсынды.
Соның алғашқысы, С-189 көшесі бойындағы 800 орынға шақталған көпсалалы аурухана. Екіншісі, Қ.Сәтбаев пен Ж.Нәжімеденов көшелерінің қиылысында 1200 оқушыға арналған орта мектеп бой көтереді. Осындай мектепті Қарасай батыр мен Бұланды көшесінің бойында салу да жоспарланып отыр. Ал С-189 бен С-745 көшелерінде саябақ, Гете мен И.Құтпанұлы көшелерінің қиылысында паркингі, жапсарлас ғимараттары бар көппәтерлі тұрғын үй кешені салынады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =