Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Майдангер атаммен мақтанамын

0 411

Баланы анадан, әкені баладан айырған соғыс­тың қасіреті жылдар өтсе де, ұрпақ жадында сақтаулы. Жыл сайын құран бағыштап, олардың ерліктерін еске алып, кейінгілерге дәріптеу дәстүрге айналғалы қашан. Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында мен де өзімнің атам туралы қысқаша жазғанды жөн көрдім.

Соғыс ардагері Байкенжеұлы Ахатбек 1911 жылы Шиелі ауданына қарасты Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Мектепке бармаса да, өздігінен ізденіп, сауат ашқан білімді адам болған. Ел басына күн туғанда еңбекке ерте араласады. 1941 жылы жаз айында көппен бірге майданға аттанып кетеді. От пен оқтың ортасында жүрген атамыз автоматшы атқыштар бөлімшесін басқарған. Кавказ, Дон өңірлеріндегі ұрыстарға қатысып, ерлігімен көзге түскен. Атам тірі кезінде өзі қатысқан соғыстың ең қиыны – Орел-Курск шайқасы екенін айтатын. 1942 жылы болған ұрыста ауыр жараланып, Архангельск, Тула госпитальдарында айлап емделеді, бірнеше мәрте күрделі ота жасатады. Соның салдарынан елге мүгедек боп оралған. Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, кеудесіне көптеген медальдар таққан атамыз ауылға келгеннен кейін ұзақ жылдар бойы өндіріс бригадирі, бау-бақша өнімдерінің бригадирі, қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Соғыстан ке­йін ауыл шаруашылығын барынша дамытуға атсалысқаны үшін елдің алғысына бөленді.
Атамды көзі көрген үлкендер жақсылығы мен елге тигізген шарапатын көп айтады. «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» демекші, қандай жиындарға барсам да, Ахаңның немересі екенімді білгендер, ол кісінің жақсылығын немесе өзіне көмектес­кенін айтқанда бір марқайып қаламын. Өзім мектеп бітіріп Түркістан қаласына оқуға түскенімде, сонда тұратын Сүлейменов Сейіт атамыз үнемі қамқор болды. Сол кісінің үйін­де жатып, төрт жыл бойы атам туралы әңгімелерге қанықтым. «Сенің атаң елдің бәріне көмектескен. Біз де отбасымызбен ауылға көшіп келгенде, ең алдымен, қарсы алып, егін егетін жер беріп, шаруамыз дөңгелеп кеткенше жәрдем берген еді» деп үнемі есіме салып отыратын.
Ал жазушы інісі Оразбек Сәрсенбай «Ахат көкем туралы» әңгімесінде «шежіреші» деген атағы барын айтады. Оның «Таңбалы тас» шығармасында да (ағайынды Есіркеген, Мүсіркегендер) атамның прототипі кездеседі.
«Осы Ахат көкемнiң жадының тұтқырлығы кiсi таңғаларлықтай едi. Бiздiң әулеттiң тума-туыс­тарының ата-баба тарихын, қашан, қай заманда қандай оқиғаларды бастан өткерiп, қайда көшiп-босып кеткендерiне дейiн ұзақ әңгiмелеп отыратын. Ал кiм қай буыннан тарады, олардың ата-баба шежiресi қалай басталып, қай бағытта ұласады, солардың өрiс-қонысы қай маңда едi, жер-су атаулары, үрiм-бұтағы, бала-шағасы – осының бәрi жадында жаттаулы жататын» деп жазған еді.
Атамыз 1996 жылы 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бүгінде жеті ұл-қыздан тараған ұрпақтары еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етуде. Әрине, атамның ағайынға жасаған жақсылығы туралы көп айтуға болады. «Жақсының аты өлмейді» демекші, туған ауылымыздың өркендеуіне, шаруашылығын дамытуға атсалысқан атамыздың құрметіне Жаңатұрмыс ауылында көше аты берілген.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды