МАЙДАНГЕР ӘКЕМ – МАҚТАНЫШЫМ

0 149

Атам Раманқұл мен әжем Айнаш өте балажан кісілер болған деседі. Асықтай бес бала тәрбиелеп отырған екеуіне ауыл тұрғындары сүйсіне қарайды екен.

Сүттей ұйып отырған шаңырақтың тыныштығын сұм соғыс келіп бір-ақ сәтте бұзады. Ата-әжем үш бірдей ұлын – Сардар, Орынбай, Дауылбайды бір күнде майданға шығарып салады. Ет жүректері езілгенімен, арыстай азаматтарының тілеуін тілеп отырудан басқа еш амал қолдарынан келмеді. Еңсесін тіктеп, қайраттана іске кіріспесе болмасын ұғады. Өйткені, үйде қалған шиеттей 12 баланы аяққа тұрғызу керек.

«Жазмыштан озмыш жоқ» екен. Бір күні Сардар мен Орынбайдан қара қағаз келіп жетті. Ата-ана қос қанатынан айырылғандай күй кешті. Сардардан қалған балаларды бауырына басып, өздерін жұбатты.

Енді Дауылбайдың аман келуін Алладан күні-түні жалбарынып сұрайтын болды.

Майданда ауыр жараланған Дауылбай госпитальде жатып емделіп, соңынан қысқа мерзімді демалыс алып ауылға келеді. Елде біраз аунап-қунап, соғыс даласынан шалғайда жатса да, көкейінен бауырлары Сардар мен Орынбай кетпей қояды. «Қайтсем де, жаудан кегімді аламын!» деген ой тұрды басында. Біраз әл жинап алған соң, ата-анасы мен бауырларын Аллаға аманаттап, «Қалайда жеңіспен оралатын боламын!» деп өз-өзіне уәде беріп, майдан даласына аттанып кетеді.

От пен оқтың ортасында жүрсе де туған ауылын, ата-анасын, бауыр­ларын бір сәт те есінен шығарған жоқ.

Әкеміз Дауылбай Белоруссияның ондаған қалаларын, Ресейдің Орел, Тула қалаларын, Польша жерін, Оның ішінде Познань, Лодзь, Гродиска қалаларын жаудан азат етуге қатысыпты.

1945 жылдың сәуір-мамыр айларында әкем Гродиска қаласының ко­менданты болып тағайындалады. Сонда байқағаным, Польша мәдениеті өркендеген іргелі ел екен дейді. Қаладағы еңселі ғимараттарды көріп қатты қызыққан әкем: «Шіркін, менің елімде де осындай ғимараттар болса ғой» деп армандаған екен. Жеңіс туы желбіреген күнді де бір сәт есінен шығарған емес. Жеңістен соң әкем майдандастарымен бірге Германияға жол тартады. Ондағы Дойслис, Бреслау қалаларының тыныштығын сақтау үшін тер төгеді.

Тура бір жылдан соң, 1946 жылдың 1 мамырында кеудесінде «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендері, майданда алған өзге де ме­дальдары жарқыраған әкем елге оралады.

Келе бейбіт еңбекке білек сыбана кірісіп кетеді.

Бүгінде немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Күні-түні «Сендер еш уақытта соғыс көрмеңдер» деп балаларының тілеуін тілеп отырады.

Қатира РОМАНОВА, Астана қаласының тұрғыны

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 15 =