Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылды

0 85

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ таяуда «МИР» халықаралық телеарнасына сұхбат беріп, онда Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасы, Еуразиялық одақ интеграциясы сияқты маңызды мәселелер қозғалды. Екінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі жайлы сол сұхбаттағы айтылған пікірлерді екшеп беріп отырмыз.– Біздің ортақ мерекеміз – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы таяп қалды. Сіздің әкеңіз қан майданға бастан-аяқ қатысқан. Жеңіс мерекесінің ол кісі үшін маңызы қандай еді?
– Әкемнің балалық шақтағы тағдыры қиын болды. Жастай жетім қалды. Балалар үйінде, содан кейін интернатта тәрбиеленді. Ол ержеткенде көп өтпей соғыс басталды. Соғыс ол үшін тағы да батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көп қиындықты басынан өткеріп, оның үрейлі сынағынан өтті. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді. Әйтсе де әкем соғыс туралы, әсіресе өзінің жасаған ерлігі мен марапаттары туралы айтуды ұнатпайтын. Ол оқ пен оттың ортасына кіргендегі сезімі, жаумен алғаш бетпе-бет келуі, жауынгерлердің ерлігі, батырлығы және Жеңіспен үйге оралуы жайында өзінің «Соғысқа аттанған солдат» атты өмірбаяндық кітабында жазды.
Әкемнің қазақ тілі мен әдебиетіне құштарлығы ерекше болды. Соғыстан кейін ол әскери формамен балдаққа сүйеніп келіп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің бірінші курсына түседі. Содан кейін ол журналист болып жұмысқа кетті. Жазушылықпен айналысты, жылдар өткеннен кейін лайықты марапат пен құрметке ие болды. Ол қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы болып есептеледі. Мен жақында әкемнің 1945 жылдың ақпан-маусым айларында ауыр жарақат алғаннан кейін емделген Омбыдағы соғыс ардагерлері ауруханасының қасбетіне әкеме арналған ескерткіш тақта орнатылғаны туралы білдім. Әкемді және жалпы соғыс ардагерлерін еске алып, ұмытпай жүрген Омбы облысы мен қала басшылығына ризашылығымды білдірем, – деді Мемлекет басшысы.
«Сіздің отбасыңызда соғыспен байланысты қандай да бір ескерткіш заттар сақталған ба, егер бар болса, ол туралы не айта аласыз?» деп сұрақ қойды журналист. Бұл сұраққа жауап берген Қазақстан Президенті өзінің Ржев түбіндегі қанды шайқаста көз жұмған Қасым көкесі (әкесінің ағасы) туралы баяндады. «Әкемнің үлкен ағасы Ржев шайқасында қайтыс болды. Ол жерде, өздеріңіз білетіндей, Екінші дүниежүзлік соғыстың ең қанды шайқастарының бірі орын алды. Менің ағам Тверь облысы Ржевский ауданы Трубино ауылындағы майдангерлердің зиратында жерленді. Александр Твардовскийдің:
«Ржевтің түбінде көз жұмдым,
Бейбіт күн болуын тіледім бұл күннің,
Отанға мәңгі адал болуды тапсырып,
боздақтар өлсе де, кеткен жоқ түңіліп…
бізде бір теңдессіз бақыт бар –
біз Отан үшін деп құладық,
біз оны құтқарып, сол үшін қиылдық…» деген өлеңі естеріңізде болар» деді Президент. «Біз отбасымызда бейбіт күн үшін қаза болған солдаттарды үнемі еске аламыз, оларға қарыздар екенімізді ұмытпаймыз. Менің есімім де сол Қасым көкемнің құрметіне қойылған. Менің әкем бауырының орны толмас қазасына қабырғасы қайысып, үлкен ағасының рухына құрмет белгісін осылай көрсетті. Әкем бауырын қатты сағынатын, барлық хаттар мен фотоларды сақтап, өмір бойы оның жерленген жері туралы кез келген ақпаратты табуға тырысты. Кейде әкем ағасының қайта тіріліп келетінінен де үміттенетін сияқты көрінетін маған. Ржев түбіндегі шайқасқа қатысты құжаттар құпия сақталған ғой, Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі мұрағаты 2000 жылдың ортасында ашылған кезде ғана біз оның жерленген жерін білдік. Мен Алматыда жерленген әкемнің қабірінен топырақ алып, Трубино ауылындағы қабірге бардым. Жанымда ұлым болды. Міне, сол бауырластар қабіріне әкемнің қабірінен әкелінген топырақты салдым. Содан кейін мен ағамның қабірінен алған топырақты Алматыға әкелдім» деді Президент.
«Соғыстың алғашқы күнінен бастап қазақстандықтар жан аямай соғысты. Әрбір төртінші қазақстандық майданға қатысқан. Жуырда сіз соғыс ардагерлеріне қатысты заң туралы айттыңыз, оның мәнісі неде?» деген сұраққа жауап берген Президент Қ.Тоқаев Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді құрметтеп, оларға әрдайым қамқорлық жасалатынын айтты. «Біз үшін олардың бәрі де батыр саналады. Біз сол соғыста қаза болған, оралмаған боздақтарды естен шығармаймыз. Жеңістің 75 жылдығына орай еліміздегі әрбір ардагерге 1 млн теңгеден берілмек. 9 мамыр – біз үшін Тағзым ету күні. Біз қолға алған заң ардагерлерді әлеуметтік-құқықтық жағынан барынша қолдауға мүмкіндік бермек».
– Соғыс жылдары Қазақстанға жүздеген зауыт көшірілген, сонымен бірге киностудиялар да келген. Сол кездердегі тамаша туындылар Қазақстанда түсірілген.
– Сөзсіз, соғыстың алғашқы кезеңінен бастап ірі өнеркәсіп орындары Қазақстанға қоныс аударды. Қазақстанға соғыстың алғашқы айларында Ресей, ­Украина, Беларусь аймақтарында оккупацияланған ірі өндірістік кәсіпорындар, айталық, 220 зауыт пен фабрика көшіріліп, Қазақстан армияны жарақтандыруда негізгі рөлге ие болды. Бұл жерде табиғи ресурстар, жалпы өндірістік әлеуеті есепке алынған болу керек. Соғысқа дейін де Қазақстанда отын-энергетикалық және шикізат өндіру қоры қалыптасқан және темір жол желілері де жолға қойылған болатын. Түрксібтің алатын рөлі ерекше. Қазақстанның географиялық жағынан орналасуы да маңызды орын алды. Елдің соғыс қимылдары жүріп жатқан сахнадан алыста болуы да маңызды еді. Қазақстан әскерді қамтамасыз етуде негізгі шешуші рөлде болды. Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасынынан құйылды. Майданға 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жібердік. Басқаша айтқанда, жеңіске жету жолында біздің қосқан үлесіміз айқын еді. Қазақстанда театр қайраткерлерінің көбі шығармашылықпен айналыса алды. Кинематографистер мен музыканттар, ақындар мен жазушылар көп болды. Дәл осы елде кітаптар жазылып, фильм­дер түсірілді, Совет Одағының танымал мәдениет қайраткерлері театр қойылымдарын қойды. Оның ішінде Сергей Эйзенштейн, Алексей Толстой, Константин Симонов, Сергей Прокофьев, Галина Уланова мен тағы басқа адамдар бар еді. «Александр Невский» атты әйгілі фильм де Алматыда түсірілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + ten =