©2020 Астана Ақшамы
МАХАББАТ МҮСІНДЕРІ
Махаббат – мәңгілік тақырып. Басқа жұрттарды айтпағанда, қазақ әдебиетінде ғасырлардың қойнауынан бүгінгі күндерге дейін жеткен Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген – лиро-эпостық жырлардың ең танымал кейіпкерлері. Бұл ғашықтардың бейнелері қалың томдарда қатталып қана қоймай, өркениет дамыған сайын телеэкранға көшіріліп, кейбір аймақтарда олардың мүсіндері бой көтерді. Әсіресе, еліміздің шығыс өлкесінде мөлдір махаббатты дәріптейтін ескерткіштер біршама кездеседі. Астананың «Ғашықтар» саябағында да «Бақытым менің» атты композиция бар. Кейінгі жылдары 15 сәуірде бейресми түрде Ғашықтар күні аталып келеді. Соның қарсаңында асыл сезімді әспеттейтін ескерткіштерге үңілдік.
ШЫҒЫС ПЕН ТАРАЗДЫҢ ҮЛГІСІ
Осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға ескерткіш орнатылған. Аталмыш ауданның Таңсық деген жерінде қос ғашықтың кесенесі де бар. Қаланың мәдениет үйіне де олардың аты берілген. Аягөз жұртшылығы үшін Қозы мен Баян бейнелерінің мәнін осыдан-ақ бағамдауға болады. Ал, ескерткішке келсек, ол таза ұлттық сипатта жасалған.
Шығыстықтар тек қана Қозы мен Баянды дәріптемей, Өскемен қаласында Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнатты. Абай ауданында, ұлы Абай жатқан Жидебайға апарар жолдың бойында руаралық тартыстың құрбандары Еңлік-Кебекке белгі қойды. Былтыр сол маңда ғашықтардың әдемі мүсіні де олар өмір сүрген заманның рухында бой көтерді.
Көне Тараз жерінде сөнбес махаббаттың символы – Айша бибі кесенесі де бары белгілі. Ал, облыс орталығында Қыз Жібек пен Төлегенге, Қозы мен Баянға ескерткіш орнатылған. Бұл қалада тағы бір ерекше мүсін бар. Осыдан он жыл бұрын шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүрген ақтөбелік Айнұр атты қыз бен жамбылдық Болат есімді екі жас үйленбекке уәделесіп, «Баку-Ақтау» рейсімен елге қайтып келе жатқанда ұшақ апатына түсіп, қайғылы қазаға ұшырады. Апаттан кейін мәйіт іздеген сүңгуірлер Каспий теңізінен Болат пен Айнұрдың денелерін құшақтары ажырамаған күйлерінде тауып алған деген ақпарат тарады. Бір жылдан кейін мүсінші Қадырхан Кәкімов қос ғашықтың құрметіне ескерткіш жасап шығып, Тараздың Махаббат аллеясына орнатты.
Жалпы, саралай қарасақ, еліміздің бірнеше аймағында Қыз Жібек пен Төлегеннің ескерткіштері бар. Өскемен мен Тараздан бөлек Арал қаласында да жыр кейіпкерлерінің мүсіндері бой көтерді. Журналист Анар Төлеуханқызының пікірінше, «Хан шатырдың» қарсы алдындағы «Ғашықтар» саябағында «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек пен Төлегеннің, нақтылай айтсақ кинода олардың рөлін сомдаған актерлер Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың ескерткішін орнату керек. «Махаббаттың символы Жібек пен Төлеген десек, көз алдыңа сол актерлер сомдаған бейнелер келеді. Ескерткіш Құман аға мен Меруарт апай бейнесінде болса, біз әрі өнерге, әрі махаббатқа ескерткіш қойған болар едік» дейді ол.
«ҒАШЫҚТАР» ЕСКЕРТКІШІ АЛЫНА МА?
Журналист ұсынған жерде осыдан 11 жыл бұрын «Бақытым менің» мүсіні немесе «Ғашықтар» ескерткіші ашылды. Оның авторы белгілі суретші, кескіндемеші Ерболат Төлепбай. Жақында арада қаншма жылдар өткен соң аталмыш ескерткіштің композициясы әлеуметтік желі қолданушыларының талқысына түсті. Қыздың бейнесінен анайылықты көрген кейбір қолданушылар бұған наразылық білдірді. Артынша, ескерткіш ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ескерткіштерді дамыту жөніндегі көркемдік кеңестің қарауына жіберілді.
Жалпы, қарапайым жұртқа қарағанда мүсінші мамандардың бұл ескерткішке қарсы айтатын сыны жоқ сияқты. Мәселен, Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Тоқтар Ермеков бұл композицияда қолданылған әдіс ертеден белгілі екенін айтады.
«Ерболат Төлепбай ескерткішті ежелгі гректер адамзат тәнінің сұлулығын көрсету үшін қолданған әдіспен жасап шықты. Мүсінге кигізілген дымқыл киімнен адам тәнінің қыртыстары көрінеді. Сонда оған жан бітеді. Мүсінші осы әдісті қолданды. Ал жабық киім кигізсе, мүсіннен жан кетеді және оның скульптуралық мәні болмай қалады» дейді Т. Ермеков.
Осыдан үш жылдай бұрын журналист Еркеғали Бейсенов «Жалаңаш мүсін» атты өлең жазып, аталмыш ескерткішке назар аударуға тырысқанын айта кетейік. Алайда, ол кезде оған селт еткен жан болмады. Тек биыл ғана көпшіліктің назары ауды. Былтыр Ғашықтар күніне орай Алматы қаласының Орталық саябағы маңынан «Су перісі» атты ескерткіш бой көтерді. Оның композициясы менталитетімізге сай келмейтінін айтқан белгілі әнші Сәкен Майғазиевтен басқа сынаған адам болған жоқ. Бұған қатысты Астанадағыдай арада біраз жылдар өткеннен кейін ғана мәселе көтеріліп жүрмесін дейік.
ДЕРЕК
Астана қаласында республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер мен тарихи – мәдени нысандардың жалпы саны – 75. Олардың ішінде: қала құрылысы мен сәулет өнерінің ескерткіштері – 36, монументтік өнер ескерткіштері – 27, археологиялық ескерткіштер – 12. Бұрынғы мұсылман қыздар мектебі (ХІХ ға-сырдың аяғы) және Тың игерушілер сарайы, қазіргі Конгресс-холл (1963 жыл) республикалық маңызы бар, мемлекет қорғауына алынған тарихи нысандар.
Астанадағы «Ғашықтар» ескерткішіне келсек, біз оның авторына хабарластық. «Ескерткіш ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ескерткіштерді дамыту жөніндегі көркемдік кеңесі қарады. Оның құрамына белгілі мүсінші мамандар кірді. Анайы дейтін ештеңе таба алған жоқ. Сондықтан ескерткіш еш өзгеріссіз орнында қалады» деп жауап берді Ерболат Төлепбай.
ӨЛЕҢДЕТЕТІН ӨНЕР
Осы ескерткіш дегенде белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың:
…Жастықтың бұл кеш жырлы мекені,
Масаты кілем – қырдың етегі.
Ақ тәнін бүгін ақ жауын жуған
Қаракөз қалқа дір-дір етеді…
Қабақта қос ай қағыса калған
Асып-тасқандай ағыс арнадан.
Ақ көйлегіңнен айналдым қалқа
Аппақ тәніңе жабыса қалған…
Анарың алма, гүл ерін…
Түстей…
Сезім шарабын жүр едім ішпей.
Шелектеп кұйған мынау нөсердің
Толастамауын тіледім іштей… – деген жыр жолдары санамызда жаңғырады. Демек, шынымен де аталмыш ескерткішті тірі туындыға балауға болады.
… Ғаламторды ақтарып отырып, бір әдемі ескерткішке назарымыз ауды. Осыдан үш жыл бұрын Львов қаласында әуенді «Ғашықтар су бұрқағы» ашылған екен. Ол Шекспирдің атақты кейіпкерлері Ромео мен Джульеттаның бейнелерімен көркемделіпті.Оны көріп, өздігіміздің көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Львовқа үлгергем жоқ қонып та әлі…» деген жыл жолдарын күбірлеп кеттік. Біздіңше, кез келген ескерткіш адамға осындай тамаша әсерлер сыйлауы тиіс. Мүсін өнері поэзиямен тамырлас екен ғой..
Аманғали ҚАЛЖАНОВ