«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мағжанның мәңгілік мұрасы

0 240

Оқушылар сарайында «Менің тілім – Ұлы дала рухы» фестивалі аясында «Мағжан әлемі» атты поэзия кеші өтті.

Мағжан Жұмабаевтың туға­нына 125 жыл толуына арнал­ған кешті Астана қаласы Тіл­дерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» меке­месі ұйымдастырған. Кеш барысында әдебиеттанушы ға­лымдар Мағжанның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер айтып, бейнесюжеттер көрсетілді. Ақындар Мағ­жанға арналған жырларын оқып, өнерпаздар Мағжанның ән әлемінен сыр шертті. Мағжан есімді жас өрендер ақынның өлеңдерін оқыды.
«Мағжантанудың өрісі бүгіндері кең қанат жаюда. Бұл үрдіс тек қана қазақ топырағында емес, түркі әлемінде жүріп жатыр. Татарстан, Башқұртстан, басқа да түркі елдерінде Мағжанның жырлары ұрпақтың санасына сіңірілуде. Мағжан – түркі бірлігін, түркі әлемінің азаттығын жырлаған ақын. Ақынның «Түркістан циклі» өлеңдерінде қазақ халқының бес мың жылдық тарихы қамтылады. Мағжанның 1918 жылы жазылған «Бостандық» өлеңінде советтік, идеологиялық жүйе қайда апаратыны ақындық ғажап түйсікпен болжанған. Мысалы, «Жер жүзін қан басқанда,/ Көбігі шығып аспанға, /Жын жолдас боп адамға,/ Туралық, теңдік ұмытылып,/ Інжіл, Құран жыртылып… Мағжанның тұлғасын тануға қатысты бірсыпыра құнды-құнды естеліктер жа­зылған. Біріншісі, «Бес арыс» кітабы. Онда ақынның көзін көрген тұлғалардың естеліктері қамтылған» деген филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов ақын туралы сөз қалдырған адам­дарға тоқталды. Олардың қатарында Мағжанның жары Зылиха, ақыннан Қызылжардағы педагогикалық техникумда дәріс тыңдаған әйгілі әнші Ермек Серкебаевтың анасы Зылиха, Гүлнәр Дулатова, Әлихан Бөкейханның інісі Смахан төре, башқұрт ақыны Сәйфи Құдаш, Бейсенбай Кенжебаев, т.б. бар.
«Мағжан қазақ поэтикасын, қазақ өлеңін еуропалық деңгейге, әлем деңгейіне биікке көтеріп кетті. Ақын поэзиясы әрбір қазақ баласын ұлтын, елін сүюге, мемлекетті сүюге жетелейді. ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға жеткен Мағжан мұрасы ХХІІ, ХХІІІ ғасырларға да барады» деді белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай. Белгілі қаламгер, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов «Батыр Баян» поэмасынан үзінді орындады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды