Маджид Самадзаде Сабер: Қазақстан мен Иран – «мүмкіндіктер өлкесі»

0 47

Иран Ислам Республикасы – Қазақстанның Каспий өңіріндегі тату көршісі және ислам әлеміндегі жақын серіктесі. Екіжақты дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық артып келеді. Қос мемлекет арасында биыл сауда-экономика бағытында оң үрдістер байқалды. Енді тауар айналымын одан әрі арттыруға және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, инвестиция салалары бойынша ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылмақ. Осы тақырыптар жөнінде Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер мырзамен арнайы сұхбатта баяндады.

– Құрметті елші мырза! Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдағы өзгерістері мен дамуын қалай бағалайсыз?

– Қазақстан – кең-байтақ және бай энергетикалық ресурстарға ие ел. Өз экономикасын дұрыс жоспарлау және басқарудың арқасында отандық және шетелдік мамандардың қабілетін пайдалана отырып, оны тұрақтандыра алды. Елді табысы орта деңгейден жоғары экономикаға айналдыру – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі экономикалық өсуінің жарқын көрсеткіші. Қазақстан Орта Азия елдерінің ішінде ең мықты экономикаға ие мемлекет, елде экономикалық реформалар дұрыс бағытқа қойылған. Қазақстан басшылығының экономиканы әртараптандыруға және мұнай-газ бен басқа да минералды ресурстарға сүйенуден алшақтауы болашақта шикізат экспортына тәуелді болудың кері салдарын азайтып, экономиканың тұрақтылығына әкелді. Иран мен Қазақстан елдері достас, бауырлас және көршілес мемлекеттер ретінде көптеген салалардағы зор әлеуетін барынша пайдалану арқылы мықты экономикалық, саяси, мәдени байланыстарды орнату бағытындағы ынтымақтас­тығын бұрынғыдан да көбірек ұлғайтады деп үміттенемін.

 – Екі ел арасындағы байланыстар қаншалықты артты? Сіздің ойыңызша, болашақта ынтымақтастық пен басымдықтарды қай бағыттарда дамыту қажет?

– Иран мен Қазақстан қарым-қатынасы – оң және өсу тенденциясында. Қос мемлекет басшылары қарым-қатынастарды барлық салаларда дамытуға күш салуда. Дегенмен екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың әлеуеті мен көлемі  қазіргі уақыттағы статистикалар мен сандардан әлдеқайда жоғары, сондықтан оны өркендетуге зор мүмкіншіліктер бар. Ол үшін осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануда екі елдің лауазымды тұлғаларының бірлескен іс-қимылы мен талпынысы қажет. Менің пікірімше, екі ел сауда және кәсіпкерлік, көлік және транзит, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тау-кен салаларындағы ынтымақтастықты басымдыққа алуы тиіс.

DSC_5789

– Қазақстанда тұрып жатқаныңызға неше жыл болды? Өз еліңіздің қарапайым халқы Қазақстан туралы қаншалықты хабардар? Біздің елімізге алғашқы рет келгенде қандай ойда болдыңыз?

– Қазақстанға келгеніме 3 жылға жақын уақыт болды. Бұрынғы қызметте жүргенде де Қазақстан туралы білетінмін және іс сапармен келетінмін. Бірақ Қазақстанда тұрып, өмір сүрген соң және осы елдің қонақжай халқымен танысқан соң қазақтың жетістіктері мен әлеуетін таныдым. Сондықтан мен Қазақстанға және оның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне деген жоғары пікірдемін. Күш-жігерімді екі ел арасындағы барлық саладағы қарым-қатынастарды арттыруға жұмсаймын. Қос мемлекеттің тарихи, мәдени және діни ортақтастықтары бола тұра, біздің елдің қарапайым халқы Қазақстанды көп танымайды, сондай-ақ Қазақстан тұрғындары да Иранды – жарқын мәдениеті мен тарихы бар маңызды мемлекет ретінде жеткілікті танымайтын көрінеді. Бұл мәселе бізді саяси экономикалық мәселелермен қатар, өзара танысуға, мәдени және тарихи алмасуға көбірек жағдай жасауға міндеттейді. Осылайша екі елдің халқы бір-бірінің мәдениеттері және салт-дәстүрлерімен танысуына атсалысуымыз керек. Виза берудің, сондай-ақ туристік және іскерлік сапарлардың жеңілдетілуі осы кемшіліктерді шеше алады. Біздің елімізге сапарға барған туристердің көзқарасы Иранның көркем мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, сондай-ақ соңғы жылдардағы таңқаларлық және мақтан тұтарлық жетістіктерін көргеннен кейін бірден өзгереді. Олар қалай да Иранға қайтадан келуді жоспарлайды. Қазақстандағы ықпалды және беделді ақпарат құралы ретінде сіздерді осы салада талпыныс­тарыңызды арттырып, екі ел халықтарының бір-бірін жақсы тануына үлес қосуға шақырамын.

– Біздің елордамыздың қандай ерекшелігі бар? Сіздің астанаңыздан не үйрене аламыз? Елордамызды одан әрі дамытуда қандай мәселелерге көңіл аудару қажет?

– Нұр-Сұлтан – Қазақстанның елордасы ретінде, жаңадан бой көтерген, жас әрі көркем қала, оның болашағы зор. Сіздің елордаңыздың ерекшеліктерінің бірі – ондағы арнайы сәулеті бар сәнді ғимараттар кез келген шетелдіктің назарын өзіне аудартуы. 230 жыл тарихы бар қала ретінде Тегеран – Иранның отыз екінші астанасы. Эльбурс тауларының баурайында орналасқан қалада ғажайып тарихи және археологиялық ескерткіштер көп. Бұл қалада заманауи және дәстүрлі көріністер де жетерлік, сондықтан туристерді қатты қызықтырады. Тегеран мен Нұр-Сұлтан қалаларының айырмашылықтарына мына ерекшеліктерді жатқызуға болады: Тегеранда 9.5 млн халық тұрады, көлемі – 730 шаршы километр, тарихы 400 жылға жуық, қалада автокөлік тым көп, қаланың сәулеті заманауи және дәстүрлі, көптеген тарихи ескерткіш бар, түрлі ұлттар мен ұлыстар тұрады және т.б. Кез келген мемлекеттің елордасында жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктері көп шоғырланатын болғандықтан, уақыт өте келе оған басқа қалалардың тұрғындары жиі көшіп келе бастайды. Сондықтан қаланың сыйымдылығы мен мүмкіндіктері және тұрғындар саны арасындағы сәйкестік бұзылуы мүмкін. Сол себептен елорда салыстырмалы түрде жас болғандықтан, келешекте оның инфрақұрылымын дамытуда қазіргі тұрғындар санынан әлдеқайда артық санды назарға алған жөн. Осылайша әлемдегі көптеген астаналардың, халық санының көптігінен душар болып отырған түйткілді мәселелердің алдын алуға болады.

FinCEN-Blasts-Irans-Malign-Use-of-Crypto-to-Bypass-Economic-Sanctions-CoinDesk

– Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз? Туризм, демалыс және қызмет көрсету тұрғысынан артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

– Біз тұрып жатқан Нұр-Сұлтан қаласында өмір сүруге жақсы жағдай жасалған. Мұнда алуан түрлі қонақ үйлер мен тұрғын үйлер, дәмді тағамдары бар әдемі ресторандар көп, бұл тұрғыдан ешқандай кемшілік жоқ. Дегенмен өзіңіз жақсы білетіндей, мұнда жылдың басым бөлігінде ауа райы тым суық, сондықтан сыртта демалудың мүмкіндіктері аз. Егер қалаңызда төбесі жабылған орындар мен парктер жеткілікті болса, қаладағы санаулы орындар мен сауда орталықтарындағы халықтың көп жиналуын азайтуға болады. Осылайша жылдың суық айларында уақытты ешбір алаңсыз, қуанышты өткізе аласың. Әрине, елорданың көктемі мен жазындағы керемет ауа райын ерекше айта кеткен жөн. Осы мезгілдерде демалып, аралайтын орындар өте көп.

– Иран елі мен Қазақстанды бір сөзбен қалай сипаттайсыз?

– Екі елді де «мүмкіндіктер өлкесі» деп сипаттасам артық болмас. Осы мүмкіндіктер іске асырылса, екі елдің көптеген тұрғындарының тұрмысын жақсартуға жағдай жасалады. Әрине, олардың кейбірін жүзеге асыру аймақтағы елдердің өзара әріптестігін, әсіресе Азиядағы екі маңызды мемлекет ретіндегі Иран мен Қазақстанның ауқымды ынтымақтастығын қажет етеді.

– Газетіміз арқылы елорда тұрғындарына қандай тілек білдіресіз?

– Сұхбаттасуыма мүмкіндік берілгені үшін зор алғысымды білдіремін. Нұр-Сұлтан қаласының құрметті және қадірменді тұрғындарына ең ізгі және ыстық сәлемімді жолдаймын. Баршаңызға зор денсаулық, байлық, мол бақыт және сәттілік тілеймін! Қазақстанның әсем елордасының барлық тұрғындары Тегеранға, ал тегерандықтар Нұр-Сұлтанға сапармен барады деп үміттенемін.

– Көп рақмет!

f9f3b5099

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =