МАДРИД ЕКІГЕ БӨЛІНЕТІН ТҮН

0 103

final-Ligi-CHempionov

Биыл Чемпиондар лигасының тарихына­ тағы бір ерекше жағдай тіркелді. Ішкі біріншілікте бір қаланың атынан өнер көрсететін қос команда тұңғыш рет еурокубоктың ақтық сынына шығып, бірінші орын үшін таласады.­
Бір қызығы, ол екі клуб та биыл Испаниядағы ең ірі екі турнирді бір-бірден жеңіп алған болатын.

Соңғы турда «Ноу Камп» стадионына келіп, чемпионаттың тағдырын шешкен мадридтік «Атлетико» биылғы маусымда әйгілі «Барселона» мен «Реал Мадридті» шаң қаптырып кеткен еді. Осылайша жыл бойына кезекпе-кезек озып келген үш мықтының мәселесі соңғы сәтте ғана шешілген болатын. Каталониялықтар – екінші орында, ал Анчелотти шәкірттері қолаға қанағат етуге мәжбүр болды. Бұл – «Атлетико» жанкүйерлері үшін көптен күткен той. Енді оларды тағы бір белес тосып тұр. Диего Симеоненің командасы УЕФА чемпиондар лигасының финалында өз жерлестерімен кездеседі. Алайда, Арда Туран, Диего Коста секілді шешуші ойыншыларының жарақаты жазылмаса, ақтық сында оларға шынымен қиын соғатын түрі бар.

Ал екінші мадридтік команда «Реал Мадрид» үшін де бұл маусым сәтті болды деуге негіз бар. Өйткені, олар ішкі біріншілікте үшінші орында қалса да, Испания королінің кубогын жеңіп алды. Жартылай финалда «Атлетиконың» тас-талқанын шығарған олар ақтық кезеңде «Барселонадан» басым түсіп, өздерінің тура жолда екендерін дәлелдеген. Оның үстіне, әлемнің үздік футболшысы Криштиану Роналду Луис Суарезпен бірге жақында ғана Еуропаның үздік сұрмергені атанды. Португалиялық футболшының чемпиондар лигасы тарихындағы тағы бір рекордты бұзғанын бәріміз білеміз. Ол финалға дейін 16 гол соғып, өзінің алдында болған мықтыларды әп-сәтте басып озды. Тіпті финалдың Лиссабонда өтетінін ескерсек, Криштианудың «өз үйім – өлең-төсегіме» салатынын сезе беруге болатын сияқты. Тек «Реал Мадридтің» бір осал тұсы «пастың профессоры» атанған Хаби Алонсоның финалдан сырт қалғаны болмақ. Ол сары қағаздарының көптігі кесірінен Лиссабонда ойнау құқығынан айырылған болатын.

Сонымен голландиялық қазы Бьорн Куйперстің төрелігімен өтетін чемпиондар лигасының ақтық матчы 24 мамыр күні Астана уақытымен 00:45-те басталмақ. Ол түні Мадрид екіге бөлінеді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =