«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз

0 86

Елордалық мәдениет саласының өкілдері Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаймен кездесті.

DSC_5563

«Мәдениет саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел түрінде өткен кездесуге Нұр-Сұлтан қаласындағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «Астаналық цирк», т. б. мемлекеттік мәдениет ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Мәдениет саласының майталмандары өздерін толғандырған өзекжарды, өткір мәселелер жайлы сөз тиегін ағытты.

Қызметкерлерді толғандыратын басты мәселе – жалақының басқа тартса аяққа жетпейтіндей аздығы екеніне айрықша тоқталған сала мамандары осыдан туындайтын бірқатар мәселені саусақпен санап көрсетті: жас, қажетті мамандарды жұмысқа тарту қиынға соқса, даярланған, тісқақты мамандар басқа салаға ауысып, жайы келсе, шетел асып кетіп жатыр. Сұраныс азайғандықтан, ЖОО-да мамандық бағыты қысқарған, режиссерлер мен композиторлардың да қатары сиреген.

Дөңгелек үстелге жиналғандар базалық-лауазымдық жалақының мардымсыздығы, мамандардың тұрақтамауы, жас мамандарға арналған жатақханалардың жетімсіздігі, дайындық базасының тапшылығы, мәдениет саласының ерекшелігін ескермеуден мемлекеттік сатып алу жүйесінде туындаған кемшіліктер, кітап қоры мен кітапханашы мүддесін қорғайтын заңның болмауы, мәдениет мекемелерін басқару жүйесін жетілдіру мен жаңартудың зәрулігі, арена әртістерінің зейнетке шығу жасын төмендетудің қажеттігі, т. б. мәселелер бойынша Мәжіліс депутатының алдында ағынан жарылып, мәдениет және өнер қызметкерлерінің мұң-мұқтажын жетесіне жеткізе айтты.

Өзі де өнердің қайнаған ортасынан шыққан айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дөңгелек үстелде ортаға түскен ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді Үкіметтің құлағына жеткізуге уәде берді. Мәдениет пен өнер саласының өкілдері көптен бері айтылып жүрген мәселенің «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалмай, нақты шешу тетіктері ертерек әзірленсе екен деген тілекпен тарасты.

Ерлан МАЗАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды