Мәдениет мүддесі ескерілді

0 68

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұжымы жылы қабылдады. Өйткені Жолдауда саяси жаңғыру, экономикалық даму, денсаулық сақтау, білім беру мәселелерімен қатар мәдениет саласына айрықша көңіл бөлінген. Атап айтқанда:
Біріншіден, Президент Жолдауында өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру, жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін қолдау мәселелері орынды көтерілген. Шындығында, еліміздің Димаш Құдайберген, Ержан Максим, Рухия Байдүкенова секілді жас таланттары әлем сахналарын бағындырып жүр. Алайда шығармашылықпен айналысып, бірақ өнер шыңына шыға алмай жүрген дарынды жастарды қолдау еліміз үшін өте маңызды қадам болар еді.
Екіншіден, Жолдауда мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің жалақысын 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін орташа есеппен 20 пайызға өсіру бүгінгі күн тұрғысынан алғанда өте өзекті. Өйткені әлі күнге дейін музей, театр, кітапхана секілді мәдени мекемелердің қызметкерлерінің жалақысы қайта қарауды талап етіп келеді. Бұған дейін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет пен өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға (орташа есеппен алғанда 96 000 теңгеден 139 000 теңгеге), өңірлерде 35%-ға (96 000 теңгеден 126 000 теңгеге) өскендігі белгілі. Алайда мұндай ынталандыру бастамасы мәдениет саласы қызметкерлерінің жағдайын түбегейлі шеше алмады. Мысалы, жалақының төмендігіне байланысты музей саласының қызметкерлері зейнетақы қорында жиналған қаржысын мемлекет белгілеген шекті нормадан аспауына байланысты ала алмады. Ал бұл өз кезегінде қызметкерлердің баспана мәселелерін шешуіне кедергі болған еді.
Алдағы уақытта мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 2025 жылға дейін орташа есеппен 20 пайызға өссе, бұл мәдениет пен өнер саласы қызметкерлеріне керемет қолдау болар еді.
Үшіншіден, Президенттің Жолдауында ғылымды реформалау мәселесі орынды көтерілген. Ғылым мен мәдениет егіз ұғым десек болады. Өйткені кез келген мәдени құбылыстың ғылыми негізі бар. ҚР Ұлттық музейінде бүгінде 2 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 3 PhD доктор, 65 магистр қызмет етуде. Отандық тарих саласындағы өзекті тақырыптарды зерттеу мақсатында ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты, «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы, Ғылыми-әдістемелік жұмыстар қызметі табысты жұмыс жасауда. Жапония, Оңтүстік Корея, Монғолия және тағы басқа елдердің ғалымдарымен бірлескен халықаралық ғылыми жобалар, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2021-2023 жылдарға арналған «Батыс Сарыарқа мен Солтүстік Арал бойы сақтарының мәдени кешені: пәнаралық зерттеу» атты гранттық жобасы және өзге де ауқымды зерттеулер жүзеге асырылуда. Тәжірибе көрсеткендей, табысты ғылыми зерттеулер жүргізу үшін әр ғылым саласының өзіндік ерекшеліктеріне, тақырыптың өзектілігіне, зерттеу әдістеріне байланысты белгілі бір уақыт қажет болады. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту мәселесі өте орынды.
Осылайша, әлемді пандемия жайлаған тұста дағдарыстан шығудың өзіндік жолдары ұсынылған Президент Жолдауында барша қазақстандықтардың мақсат-мүдделері ескерілді деп санаймыз.

Саялбек ҒИЗЗАТОВ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық музейінің
ғылыми хатшысы,
тарих ғылымдарының
кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =