©2020 Астана Ақшамы
Мәдениет мәселесіне мән берілді
Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Күн тәртібінде Ішкі саясат басқармасының этникаралық және конфессияаралық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жұмысы мен Астана қаласындағы мәдениет саласының жай-күйі мен дамуы туралы мәслихат шешімінің орындалу барысы жайында толық ақпарат тыңдалып, баяндама жасаушылардың есебі талқыланды.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Ақмарал Сәбит этникаралық және конфессияаралық келісім саласындағы нақты атқарылған жұмыстарға шолу жасады. «Қаладағы діни бірлестіктер мен түрлі конфессиялық ұйымдар жұмысы еліміздің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес атқарылуда. Конфессияаралық қатынастарды реттеу, діни төзімділікті насихаттау, діни экстремизм идеяларының алдын алу бағытында 2011-2012 жылдар аралығында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 7 әлеуметтік маңызды жоба жүзеге асырылды» деді ол.
Қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов өз сөзінде елордадағы ескерткіштерді ң қорғалуы мен мәдени ошақтардың жай-күйіне тоқталды. Астананың мәдени мәртебесін көтеретін түрлі фестивальдардың маңызы, мәдениет қайраткерлерінің әлеуметтік жағдайы жөнінде жан жақты әңгіме қозғалды.
Келесі мәселе техникалық лицей-колледж оқушыларын тегін түстік аспен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болды. Бұл ретте Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина сөйлеп, заңнамалық өзгерістерге қатысты ойын білдірді.
Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов есебі тыңдалған басқармалардың атқарған жұмыстарын мақұлдап, оның одан әрі жандануына қатысты өз ұсыныстары мен ескертпелерін айтты.
Айгүл УАЙСОВА