©2020 Астана Ақшамы
Мәдениет мәйегі
Астана болған соң оның мәдениеті һәм менталитеті болады. Астанаға еліміздің мәдениетін өрге сүйреп жүрген жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз бұрын «мәдениеті кенжелеу» деп мұрын шүйіріп қарайтын. Ал бүгінде, жағдай мүлдем басқа. Олар Астанада тұруды армандайды. Тағдырын бұл қаламен байланыстырғысы келеді. Неге? Өйткені, елорда бар қазақтың мәдени орталығына айналды.
Осыдан бес жыл бұрын қаланың 10 жылдығын атап өту кезінде көшелердегі ескерткіштер мен сәулет мүсіндері бір түгенделіп қалып еді. Аймақтар Астанаға бір-бір көшеге сквер мен ескерткіш орнатып тарту жасап еді. Енді биыл бас қаланың 15 жылдығын тойлағалы отырмыз. Осыған орай олар аталған ескерткіштердің жөндеуге зәру болып отырғандарын қайта жасартып бермек.
Елбасы Астананы туристік қалаға айналдыру туралы тапсырма берді. Осы ретте Астана әкімдігі «Astana 3D» сайтын іске қосуды діттеп отыр. Аталмыш сайттан қаланың көрікті жерлерін, мәдени ескерткіштер мен сәулет туындыларын көре алады. Қысқасы, аталмыш сайт арқылы елімізге келген меймандар 3D форматында елордаға саяхат жасайды. Тіпті, қаладағы концерттік залдар мен мейрамхана, мейманханаларына дейін қамтылады.
Былтыр қалалық Мәдениет басқармасы бірқатар ауқымды шаралар өткізді. Солардың біреріне тоқталсақ, «Қараөткел» мұсылмандар қорымы мен С.Сейфуллин атындағы мұражай қайта жөнделді. Дүниежүзілік мұражай күніне орай, он-лайн режимінде халықаралық форум өтіп, «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі, Әзірет Сұлтан мешіті және Құрманғазы ескерткіштерінің ашылу салтанаты болды. Бұдан бөлек басқармаға қарасты өнер ошақтары халықаралық байқауларға қатысып, топ жарса, театр репертуарлары жаңа қойылымдармен толықты. «Жас қанат», «Шабыт» сынды дәстүрлі додалардан бөлек, қалада жаңа «Accordi di Astana» байқауы пайда болды. Ол – Ресейдің халық артисі Денис Мацуевтің төл туындысы. Сондай-ақ былтыр қаладағы мұражайларда 1924 көрме өтіп, оны 51 512 адам тамашалаған екен. Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының өнер ұжымдары тоғыз айдың ішінде 353 мерекелік шара өткізіп, оған 610 109 көрермен қатысты. Ал Бейбітшілік және келісім сарайында өткен 3848 экскурсияға 48 810 адамның табаны тиген екен. Шаһарда жыл сайын өтетін экшн-фильм, «Шабыт», «Жас қанат», Нұрғиса Тілендиев атындағы , «Азия жаңғырығы» сынды халықаралық фестивальдар өз жалғасын табады.
Биыл басқарма оннан астам айтулы шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Елордалықтар осы жылы қалада салынып жатқан Классикалық опера және балет театры мен Қазақстан тарихы мұражайының ашылу салтанатына куә болады. Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда Астананың мәдени күндері өтеді. «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрлерінің халықаралық конкурсы да әлемнің түкпір-түкпірінен өнер ұжымдарын елордаға шақырмақ.
Ең бастысы, биыл қазақтың бірнеше біртуарының мерейтойын атап өткелі отырмыз. Төлеби Әлімұлының – 350, Абылай ханның – 300, Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы тойланбақшы. Сонымен бірге астаналық театрға аты берілген атақты Қалибек Қуанышбаев пен «адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың туғанына 85 жыл толуына орай мерейлі мерекелік кештер өтеді деп жоспарланып отыр.
Айнұр САНАБЕК