Мәдени орындар есігі ашық

0 40

Қаланың мәдени нысандары жұмысын қайта жандандырды. Енді апта ішінде дүйсенбіден басқа күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін елорда тұрғындары мен қонақтары Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайды, Тәуелсіздік сарайы мен Мәңгілік ел қақпасы галереясына бара алады.

Сонымен қатар 9.00 мен 21.00 аралығында «Астана-Бәйтерек» монументіне, 10.00-ден 19.00-ге дейін еліміздің көрнекі орындарының шағын көшірмелері орналастырылған «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориал­дық кешеніне бас сұға аласыз.
Кітапханаларға келсек, олардың есігі жұмыс күндері таңертең 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ашық тұрады. Сондай-ақ қала театрлары, филормониялары және астаналық циркте жеке мен топтық репетицияларды жаңартуға рұқсат етілді. Бұл ретте қатысушылар саны 30 адамнан артпауы керек.
Бұған қоса ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы музейі де ашылды. Оны аралау үшін алдын ала жазылу керек. «Астана Опера» театры да жаңа маусымын бастайды, бірақ онлайн форматта. Әртістер көрерменсіз бос залда өнер көрсетеді. 18 қыркүйекте шығармашылық ұжым «Опералық классика парақтары бойынша» атты гала операның керемет бағдарламасын тікелей эфирде ұсынбақ.
Барлық мәдени ошақтарда мас­ка тағу режимі сақталады. Сондай-ақ әлеуметтік арақашықтық пен басқа да санитарлық талаптарға бағыну міндетті.
Карантин кезінде кітапхана, театр, музей және басқа мәдени нысандардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында концерттер, спектакльдер, жазушылармен кездесулер, би бойынша шебер-кластар, көрнекі орындарға экскурсиялар онлайн түрде көрсетілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 15 =