Мәдени индустрияның болашағы қандай болмақ?

0 7

Келесі жылы елордада мәдени іс-шаралар индустриясын дамытудың креативті орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше онлайн форматта басталған І Еуразиялық ивент форум барысында Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ахметжанов айтты. Аталмыш жиында қазіргі пандемия жағдайындағы және болашақтағы осы индустрияның жаңа мүмкіндіктері, даму тенденциялары мен жолдары талқыланды.

– Пандемияның кесірінен мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, өткізудің жоспарларын қайта қарауға мәжбүр болдық. Бұл саладағы қазіргі жағдай бұрынғымен салыстыруға келмейді. Мәселен, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 8 мың іс-шара өтіп, оған 3 миллион адам қатысса, қазір өткізілетін шаралар саны да, көрермендер көрсеткіші де көп төмендеді. Бүгінгі таңда барлық іс-шараларды онлайн форматта өткізіп жатырмыз. Бұл бұрын тәжірибемізде болмаған еді, – деді А.Ахметжанов.
Оның айтуынша, осы жағдайда бүгіндері креативті экономика алға шығып отыр. Әлемдік үрдіс соны көрсетті. Қазақстанның мәдени саясатын дамытудың тұжырымдамасында да бұл көрсетілді. Осы құжат 2014 жылы бекітілді. Тиісті жұмыс сол уақытта басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың сәуір айына дейін Үкіметке ел экономикасының креативті секторын дамытудың базасын әзірлеуге тапсырма берді.
– Қазақстан Президент әкімшілігінің сараптамасына сәйкес, қазір мемлекетіміз 131 елден технологиялық прогресс бойынша 112 орынды алып отыр. Сондықтан алда істейтін жұмысымыз да, міндетіміз де көп. Бас қалада мәдени іс-шаралар индустриясын дамытудың креативті орталығын осыны еңсеру үшін ашуды жоспарлап отырмыз. Онда мәселелерді бірігіп шешуге арналған акселератор мен «Оpen space» қосуды ойластырдық. Себебі барлық мәселелер мен міндеттерді жедел шешуіміз керек. Келесі жылы Шеберлер орталығын ашу да жоспарға енгізілді. Бұл сала да пандемиядан зардап шекті. Мақсатымыз – барлық шеберлерді бір шаңырақ астында жинау, оларға істерін дөңгелетуге жағдай тудыру, – деді Мәдениет басқармасының басшысы.
Оның сөзінше, жекеменшік театрларға да жағдай жасалмақ. Себебі мемлекеттік өнер ошақтарына қарағанда, пандемия осындай театрларға ауыр тиді. Жалпы қазір алдағы бес жылға арналған елорда мәдениетін дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл құжатқа бүгінге дейін 12 бағыт енгізілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − thirteen =