Мьянмада жағдай ушығып тұр

0 40

Мьянма еліндегі аумалы-төкпелі жағдай ушығып барады. 1 ақпанда басталған бұлғақтың соңы қазір қантөгіске ұласып кетті. Қазірге дейін қаза тапқандар саны 423 адамға жетіп, 2600-ге жуық адам тұтқындалды.

27 наурыз күні Мьянманың қауіпсіздік күштері әскери билікке қарсы шыққан 114 адамды атып өлтірді. Көптеген адам жарақат алды. Бұл – азаматтық билікті құлатып, билік басына әскерилер келгелі бергі ең қанды күн. Бейкүнә халыққа оқ атқан бұл жағдай халықаралық қауымдастықтың үрейін ұшырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы «жан түршіктірер қантөгіс» кезінде «ондаған адамның өлтірілгені» туралы мәлімет алғанын хабарлады. Ұйымның дерегі бойынша, бұл күні елдің кемінде 40 қаласында жүздеген адам жарақат алған, сақшылар шеруге шыққан адамдарды жаппай тұтқындаған. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш «қауіпсіздік күштерінің ондаған бейбіт адамды, соның ішіне балалар мен жастарды өлтіргенін өте қатаң айыптаймын» деді. «Әскери жаныштауға төзуге болмайды, бұл бірлескен, қатаң әрі батыл халықаралық реакцияны қажет етеді» деді БҰҰ бас хатшысы.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Антоний Блинкен «Мьянма әскерилерінің бірнеше адамның мүддесіне қызмет ету үшін өз қалауын білдірген адамдардың өмірін қиюға әзір екенін дәлелдеді. Мьянманың батыр халқы әскерилердің террорлық тәсілмен ел билеуіне қарсылығын ашық білдірді» деді. АҚШ осыдан бір апта бұрын мьянмалық екі әскери шенеунікке және екі әскери ұйымға санкция салған еді.
27 наурыз күні Мьянмада әскерилер елде Қарулы күштер күнін атап өтіп жатқан еді.
Қарулы күштер күні Мьянма екінші дүниежүзілік соғыста Жапония оккупациясында болған кезді еске алады. Алайда оның соңы қантөгіске айналып кеткенін алға тартқан Еуропа одағы Мьянмадағы «қарулы күштер күнін» «террор мен ұят күні» деп атады. Ал Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб мұны Мьянмадағы әскери хунтаның «құлдилаған» күні деп сипаттады.
Сенбі күнгі қантөгіс­тен кейін АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Корея сынды 12 елдің қорғаныс министрлері бірлескен мәлімдеме жариялап, Мьянма әскерилерін қатаң айыптады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =