Мьянмада не болып жатыр?

0 109

2 ақпанда Мьянмада әскерилер «былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспейміз» деген желеумен төңкеріс жасап, елдің лидері Аун Сан Су Чжиді, президент Вин Мьинтті және басқа да белді шенеуніктерді қамауға алды. Сонымен ел билігінің тізгіні ел әскерін басқарған генерал Мин Аунг Хлайнның қолына өтті.54 миллион халқы бар Мьянма – Бангладеш, Қытай және Тайландпен шекаралас ел. Ел экономикасы, негізінен, ауыл шаруашылығына сүйенеді. Соңғы жылдары туризм саласы да ел экономикасының жандануына тың серпін берді. Әйткенмен, елдегі саяси жағдай бұл елдің дамуына үлкен тұсау болып тұр. Бұл елде 1962 жылы әскерилер төңкеріс жасап, елдің билігіне араласты. Содан бері ел үкіметінің саяси реформалар жасауына үлкен кедергі келтіріп қана қоймай, 2008 жылы конс­титуцияға өзгеріс енгізіп, әскерилердің елдің саяси жүйесіндегі рөлін бекітіп алды. Бұл конституцияға сай, әскерилер сайлауға қатыспай-ақ парламенттегі орынның 25 пайызын алады. Әскердің қолбасшысы елдің қорғаныс, ішкі істер және шекара ісі бойынша министрді тағайындайды.
Бұл жолғы әскери өзгеріс­те ел тізгінін қолға алып, ел билеушісі Аун Сан Су Чжи мен басқа да белді шенеуніктерді қамауға алған Мин Аунг Хлайн 1972-1974 жылдары Янгон университетінде заң мамандығында оқыған. 1974 жылы қорғаныс қызметі академиясына түскен ол 2011 жылы елдегі ең жоғары әскери басшы қызметіне тағайындалды. 2016 жылы ақпанда Мин Аунг Хлайн өзінің әскери қолбасшылық қызметін тағы бес жылға созып алған. Ол биыл ақпанда әскер басынан кетуі тиіс еді. Бірақ 2 ақпанда елде әскери төңкеріс жасап, елдің басшысына айналды. Ал 2015 жылғы сайлаудан соң билікке келген 75 жастағы Аун Сан Су Чжи елді демократиялық бағытқа бұруға талпынды. Алайда әскерилер оның өз мақсатын жүзеге асыруына мүлде мүмкіндік берген жоқ.
Мин Аунг Хлайн әскери билікті алғаннан кейін 2016-2017 жылы елдегі рохинджа мұсылмандарына арнайы операция ұйымдастырған. Бұл операциядан 9 мыңнан артық рохинджа мұсылманы қаза тауып (мұның 730 мыңы бала), 700 мыңнан аса адам Бангладешке бас сауғалап, босып кеткен. Ал Мьянма әскерилері рохинджа мұсылмандарының елді мекендерін жермен-жексен етіп, түгелдей құртып жіберген. Осы жағдайға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы Мьянма әскерилерін «рохинджа мұсылмандарына қарсы геноцид жасады» деп қатаң айыптап, мұсылмандарға қаратқан қырғыншылықты тоқтауға шақырды. Ал БҰҰ-ның Гаагадағы соты болса «Мьянма үкіметі 600 мыңнан астам рохинджа мұсылмандарына қарсы геноцид жасады» деген істің шын сырын әлі тексеріп жатыр. Африкадағы Гамбия елі Мьянманы «рохинджа мұсылмандарына геноцид жасады» деп айыптап, Гаагадағы сотқа шағымданған. Егер бұл айыптау тұрақтандырылса, БҰҰ тарапынан рохинджаларды қорғауға алынуы мүмкін. Бірақ, Мьянма билігі бұл айыпты жоққа шығарды және қарулы әрекетті қарақшыларға қарсы жасағанын айтты. АҚШ 2019 жылы рохинджа мұсылмандарына ұйымдастырылған операцияға байланысты Мин Аунг Хлайн мен тағы үш әскери басшыға санкция салған болатын. Жақында Байден билігі Мьянма әскерилері Аун Сан Су Чжиды тез арада босатпаса санкция салатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Ұлыбритания, Жапония, Австралия, Евроодақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы да әскерилердің әрекетін қатаң айыптап, әскерилерден ұсталғандарды дереу босатуды талап етіп жатыр. Бірақ әскерилер халықаралық қауымдастықтың бұл ескертуін құлағына қыстырар емес. Мин Аунг Хлайн әскери өзгеріс жасаудан бір ай бұрын Қытай Сыртқы істер министрмен кездес­кенін алға тартқан кейбір сарапшылар Мьянма әскерилері Қытайға арқа сүйеп, АҚШ-тың аталған өңірдегі ықпалын азайтуға күш салып отыр деп те қарайды. Осы жағдайға байланысты АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антоний Блинкен өткен жұма күні Қытайдың жоғары лауазымды дипломаты Ян Жиешымен телефон арқылы сөйлескенде Қытай билігін Мьянмадағы әскери төңкерісті қатаң айыптау­ға шақырды. Бірақ Қытай билігі әлі күнге дейін «бұл Мьянманың ішкі ісі» деп жалтарып келеді.
Әскерилер қазірге дейін қамауға алынған Аун Сан Су Чжидің қайда екенін айтпай отыр. Бірақ Аун Сан Су Чжиге жақын адамдардың бірі оның үй қамақта отырғанын айтқан.
Соңғы күндері халық әскерилердің әрекетіне наразылық білдіріп, қамау­дағы адамдарды босатуды талап етіп, шеруге шықты. Алайда әскерилер елде төтенше жағдай жариялап, халықтың көшеге шығуына шектеу қойды, көшеге шыққандарға су шашып, көз жасауратқыш құралдарын қолданып, үйлеріне қуып тықты. Сонымен қатар әлеу­меттік желілерді бұғаттап, елде twitter және instagram желілері ашылмай қалды. Мұның алдында facebook, whatsapp және instagram бұғатталған болатын. Әлеуметтік желілердің жабылуы мемлекеттік төңкерістен бергі алғашқы үлкен наразылық шарасына ұласты. Мьянма астанасы Янгонда жиналған үш мыңға тарта адам билікті әскерилердің басып алуына наразылық ретінде үш саусағын көтеріп, арнайы белгі берді. Жиналған жұрт «әскери диктатура жойылсын!» деп ұрандады. Бұқаралық ақпарат құралдары «бұл 2007 жылдан бергі ең үлкен наразылық» деп мәлімдемеді.
Дегенмен, бұл сырттай қарағанда, Мьянмадағы төңкеріс сияқтанғанымен, шын мәнінде, бұл елде алпауыт елдердің де мүдде таласы бар. «Қытайдың бір белдеу, бір жол» саясаты аясында Бейжіңнен қыруар қарыз алған бұл ел әскери төңкеріс­тен кейін Қытайға тағы бір табан жақындай түскені байқалады. Егер қамаудағы ел лидерлерін тез арада босатпаса, батыс елдерінің санкциясының садағына ілініп, елдің экономикалық жағдайы тіпті нашарлай түсуі әбден мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 5 =