LRT «жыры» біте ме?

0 71

Елорда әкімі Алтай Көлгінов жақында қала тұрғындарымен болған есеп беру кездесуінде астанада LRT (жеңілрельсті көлік) құрылысы жалғасатынын, қазіргі күні оған инвестиция тарту үшін банктермен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.«LRT-ның тағдыры қалалықтарды толғандырады. Оның құрылысына тек екінші деңгейлі қазақстандық банктерден ғана емес, халықаралық банктерден де қаржы тарту жағы көзделгендіктен, індет кезінде бұл жоба тоқтап қалды. Енді ол әңгіме қайтадан жандана бастады» деді астана әкімі Алтай Көлгінов.

Лирикалық шегініс…

Естеріңізге сала кетейік, о баста Нұр-Сұлтан қаласында LRT құрылысы 1,8 миллиард долларға бағаланған. Бұл жағдайда Қытайдың Даму банкінен қарыз алып, оны 2,6 миллиард доллар қылып қайтару керек болды. Бірақ әкімдік мұндай ниеттен бірден бас тартқан.
– Осының арқасында 800 миллион долларды үнемдеп қалдық. Сондай-ақ жолаушы ағынын ескере отырып, жылжымалы құрамның саны 19-дан 12-ге дейін шегерілді. LRT жолының әуежайға дейінгі қашықтығы – 22,5 км. Аралықтағы жоспарланған стансалар саны 18 болатын, ол 11-ге дейін азайтылды. Бұған қоса жаяу жүргіншілер жолағы мен жерасты өтпесін оңтайландырамыз. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстарында 350 миллион доллар үнемдеу қарастырылған. Сонда LRT жобасының түпкілікті құны 1,5 миллиард доллар болады, – деген еді қала әкімі Алтай Көлгінов 2019 жылдың күзінде Үкімет сағатында.
Кейін LRT құрылысы тоқтатылды. 2020 жылдың қазан айында жобаны жүзеге асыру барысында 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа беріліп, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Әлемде LRT жүйесі даму үстінде

LRT-ның болашағы зор: әлемде 80 қалада оның құрылысы басталып кеткен немесе бұл жобаны жақын күндері қолға алуды жоспарлап отыр. Халықаралық қоғамдық көлік одағының (ХҚКО) дерегі бойынша қазіргі кезде LRT қауіпсіздігі жоғары көлік ретінде қайта жаңғыртылуда. LRT желісі алты құрлықта 53 мемлекетке құлашын жайған. Күн сайын онымен 388 қалада 45 млн жолаушы тасымалданады.
1950-1970 жылдары кейбір елдер автомобильдер ағынының нөпіріне шыдамай трамвай тораптарын жойып жатқанда, енді бір елдер жылжымалы құрамдарды жетілдірумен немесе трамвай жолдарын оқшаулаумен айналысты. Сөйтіп LRT құру бойынша жоба дүниеге келді. LRT-ны дамытудың екінші толқыны Еуропа мен Солтүстік Америкада сексенінші жылдардың ортасына таман басталды. Бұл мемлекеттерде жартылай бөлшектеліп алынып тасталған трамвай жолдары қайтадан жаңадан салынды.
2000-2015 жылдар аралығында жаңадан 70 LRT жүйесі дүниеге келді. Тек бір ғана 2016 жылы 19 мемлекетте 289 км жол салынды. Рио-де-Жанейрода, Циндаода, Быдгощте, Канзас-Ситиде, Сиэтле мен Вашингтонда жаңа желілер ашылды. 2000 жылдан бастап LRT желілері Таяу Шығыста, Азия-Тынық мұхит өңірінде және Африкада пайда болды.
LRT жүйесі автомобильден алты есе қауіпсіз. Халықаралық қоғамдық көлік одағы жеңілрельсті көлік комитетінің дерегі бойынша әлемнің 15 ірі қалаларында жол-көлік оқиғалары автомобильмен салыстыр­ғанда (2,86) LRT-да миллион жолаушы шақырымға 0,47-ден келген. Егер үшінші тараптардың қатысуы болмаса, LRT жүргізушілерінің өздері жол оқиғаларына одан да аз ұшырайды. Ал жеңілрельсті жедел көліктің оқшауланған жолдармен жүруі және бағдаршамдарда оның қозғалысына басымдылық берілуі автомобильдермен соқтығысу қаупін төмендете түседі. Сонымен қатар, бүгінде әлемде әзірленіп жатқан жүргізушіге қауіптерді алдын ала ескертетін автономдық басқару жүйесі жол-көлік оқиғасының ықтималдығын одан әрі азайтады.

Алматы LRT құрылысы салына ма?

Алматыда LRT құрылысын қолға аламыз дегелі 16 жыл өтіпті. Әлбетте жоба аса қымбатқа шығатындықтан, бар мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. 1985 жылы Қазгипркоммунстрой институты Ақсай мөлтек ауданынан Талғардың айналма жолына дейін баратын жедел трамвай желісінің жобасын әзірлеген еді. Бірақ жоба әлі күнге нақты іске асырылған жоқ.
Қазіргі кезде LRT құрылысы бюджетке көп салмақ түсіретіндіктен, оған жеке инвестиция тарту жайы қарастырылып жатыр. Жобаның құны 130 млрд теңгені құрайды. 2019 жылы қаңтарда арнайы комиссияның шешімімен оның құрылысын жүргізу үшін халықаралық ашық конкурстың бірінші кезеңіне төрт консорциум жіберілді. Екінші кезеңде жобаның қаржылық және техникалық сипаттамасы үздік деп танылған компанияға таңдау жасалатын болады. Дегенмен әзірге екінші кезең қашан өтетіні белгіленген жоқ.

ЖАҚЫН КӨРШІЛЕРДЕ:

Ресей

Ресейде бүгінде жеңілрельсті көлік ұғымына сай келетін жүйе жоқ. Сонымен қатар, оның түріне жататын 4 қаласында жедел трамвай желісі бар: ескі Оскол, Усть-Илимск, Волгоград және Ижевск.
Қазіргі кезде Санкт-Петерборда жедел трамвай мен жеңіл метроның сипаттарын қамтитын LRT жүйесі құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл «жерүсті экспресі» жылына 186 млн жолаушы тасиды, жолының ұзындығы – 26 км. Жоба құны – 18 млрд рубль.
LRT жобасының құрылысы Мәскеуде де жоспарланған. Ол Мәскеу облысының 4 хордалық желісін жалғап, жалпы қашықтығы 241 шақырымдық айналма жолды құрайды. Оңтүстік хордалық желі: Подольск – Климовск – Домодедово – Домодедово әуежайы – Константиново – Раменское;
Шығыс хордалық желі: Константиново – Лыткарино – Котельники – Люберцы – Мәскеу – Железнодорожный – Балашиха;
Солтүстік хордалық желі: Мытищи – Королев – Юбилейный – Ивантеевка – Фрязино – Щелково – Балашиха, Ивантеевка – Пушкино тармағы;
Батыс хордалық желі: Мытищи – Долгопрудный –Шереметьево әуежайы – Химки – Мәскеу (Куркино) – Путилково Мәскеу (Митино) – Красногорск (Мякинино) – Одинцово – Одинцово «Сити» – Мәскеу (Внуково әуежайы – Остафьево) – Подольск.
LRT-ның Мәскеу түбіндегі оңтүстік учаскесін 2022 жылы жіберу жоспарланған.

Өзбекстан

Өзбекстанда алғашқы жерүсті айналма метроның бірінші кезеңі іске қосылды. Ауқымды жобаның жұмысы 2017 жылы басталған болатын. «Дустлик-2» стансасынан «Куйлюк» стансасына дейінгі 11 шақырымдық қашықтықты қамтитын аралықта 7 станса салынды. LRT-ның басынан соңғы аялдамаға дейінгі жолда жүру уақыты – 19 минут. Осы маршрут бойынша 4 вагоннан құралған 4 пойыз жүреді. Желі тәулігіне 46 мың жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті. Жобаның жалпы құны – 422 миллион доллар.

LRT құрылысы: Дубайда 1 шақырым – 120 миллион доллар, Сеулде 1 шақырым – 110 миллион доллар, Нұр-Сұлтан қаласында 1 шақырым 68 миллион теңге тұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 4 =