Лотерея ойнату лас тірлік пе?

0 173

«Қазақстанда лотерея нарығы «ұйқыда» жатыр» деп 10 жыл бұрын дабыл қаққан депутаттар ол кезде ұлттық лотереяны меңзесе керек. Өйткені қоғамда лотереялар мезеттік, тиражды және бинго деп жіктеліп және бұл сала лицензия беру жолымен реттелетін. Осының өзінде елімізде 2007 жылдары 100-ге жуық лотерея компаниялары болған. Қазір қалай? Лотерея ұғымы неге алаяқтықпен астасып кетті?Неше күннен бері елді аузына қаратқан эстрада өнерінің әншілері, нақтырақ айтсақ, әншісі Ернар Айдарға қалың елі «сенгенім сен болсаң» деп реніш білдірсе, енді бір топ «ол да алаяқтардың құрбаны болды ғой» деп ақтап әлек. Ақтауға да, даттауға да негіз бар.
Наурыз айынан бері айдарынан жел ескен Ернар әлеуметтік желілерде «қымбат көлік пен зәулім үйдің иесі атанасыз» деп уәдені үйіп-төгіп жарнама жасап келеді. Алайда бүгінге дейін қай қазақты қарық қылғаны әмбеге аян, бірақ кезекті билет ойнату үстінде құрықталып тынды. Қанша уақыт бойы қалтасы жұқа болса да, қымбат армандарға соңғы қаржысы мен бар үміт- сенімін салған ағайынның алдында мен алдандым, білмедім деп бейкүнә бола қалды.
Бұған дейін де түрлі қаржы пирамидасын, лотерея ойындарын жарыса жарнамалап, ұтыс ойнатып жүрген жалғыз Ернар ма? Жоқ әрине, халыққа инвестиция құямыз деген желеумен жарнама жасап, енді ештеңе болмағандай жүрген Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа сияқты әншілерге алданған 281 адам 130 миллионға шығындалған. Ал ән дискімді 10 мың-ақ теңгеге сатып алсаңыз, үйлі-күйлі боласыз деп жарнамасы жер жарған Бүркіт пен Айша, Айгүл Иманбаевалар бұл ұтыс емес, ән жинағымыз­ды заманауи жолмен өткізу деп ақталады. Өздері қателесіп, сол қателігінен елге сабақ үйретіп жүрген Айнұр Тұрсынбаеваның тірлігін қайырымдылық жоба дей аламыз ба? Карантин кезінде 42500 ала алмай аласұрған халыққа ақылы ақылдарын бірінен соң бірі тықпалаған ақын бұл әрекетінен әлі күнге бас тартар емес. Осындайда, шынымен, ел аңқау ма, әлде сауатсыз ба деген ой келеді.
Ал пайдаға батам деп әр нәрсені нарыққа шығарған әншілер, әзілкештер, тіпті танымал спортшылар кеткен қаржының ішінде әр қазақтың көз жасы бар екенін білмей ме? Бір қызығы, сол компаниялардың алаяқ­тығы әшкереленгеннен кейін біз де алдандық деп санын соғып, халықтан кешірім сұрағандар болды. Бірақ бірінің қателігі біріне сабақ болмаған «жұлдыз­дардың» жарнама шеруі әлі де толастай қойған жоқ. Әсіресе қай әншінің Instagram парақшасын ашып қалмаңыз, әйтеуір қалың оқырманын айналып-толғанып, тегін бергендей ғып ақыл сату, кітап сату, дискі сату сияқ­ты сау­даны қыз-қыз қайнатып отыр. Құны 5-6 мыңнан басталатын бұл дүниелердің бағасы 25-30 мыңға дейін жетеді. Бұл қаражат баспаналы болуға, көлік мінуге, қажылыққа баруға, небір құнды сыйлыққа ие болуға қол жеткізетін бірден-бір мүмкіндік екен. Instagram-да оқырман жинаудың бір тәсілі – гив әдісі. Ал гивтен лотереяның айыр­машылығы – бұл ақылы. Билет құны – 5000-10000 теңге. Жүлде қоры сатып алынған билеттің ақшасымен есептеледі. Бір қызығы, олар енді бұл лотерея емес, конкурс немесе ұтыс дегенді желеу етіп жүр. Оған да себеп жоқ емес.

Заң сананы түзете ала ма?

Биыл ғана Мәжілісте «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңға түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл түзетудің мәні Қазақстанда заңсыз лотерея жарнамасына ты­йым салуда. Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарға әлеуметтік желіде арнайы келісімшартсыз лотерея өткізуге тыйым салынатынын айт­қан. Өйткені қазынаға салық төлемеудің бір жолы – әлеуметтік желі арқылы қомақты қаржы табуды көздегендер көп.
Бұл заңның қаншалықты күшті әрі пәрменді екені әзірге беймәлім, бірақ Instagram-дағы жұлдыздар жарнамасының құдіреті күшті боп тұр. Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындардың сол жарнамаларға имандай сеніп иланғаны сонша, шынымен, қалтасына түскен соңғы теңгесі қалғанша ұтыстан дәмелі. Пайдаға кенелтуге уәде бергендер бұл әрекетін қайырлы іс жасап жатырмыз деп сендіреді. Өзінің атынан лотереяны ойнатқаннан кейін мен де алдандым, білмей қалдым деп ақталуы олардың өз құқықтарын білмеуi ме, сауатсыздығы ма? Сахнада фонограммамен болса да ән салған өнер иесіне халықтың ықыласы азайған емес. Енді сол ықыласты пайдаланып, тыңдарманын адастыру да адамдыққа жатпайды. Өз құқығын білмей, өзі білмеген дүниемен заңды белшеден басып тұрып қалың елді адастыруға кім құқық берді?

Ержан БОЛАТБЕК, Нұр-Сұлтан қаласының заң консультанттары палатасының мүшесі, заңгер:

– Көптеген жұлдыздардың айтуларынша, олардың ­ойындары лотерея емес, акция, сатып алуға ынталандыру. Бірақ заңдағы анықтамаға сүйенсек, ондай акция коммерциялық ұйыммен өзінің тауарын немесе қызметтерін ынталандыруға бағытталған. Ал жұлдыз­дар билет сатып ұйымдас­тырып жатқан ойындарды қаншалықты ынталандыру ойыны дей аламыз? Олар өздерінің қандай тауар не қыз­метін сатуда? Лотереяны заң аясына сәйкестендіру мақсатында кейбір жұлдыздарымыз электронды кітап сатып жатады. Осы арқылы ұйымдастырып жатқан ойындары электронды кітап сату аясындағы ынталандыру ойыны ретінде көрсетеді. Алайда бұл жерде де мына мәселеге мән беруіміз қажет:
– электронды кітап сату олардың негізгі қызметі ме?
– бұрын да онымен айналысты ма, әлде ойын басталған кезде ғана қолға алды ма?
Осы сұрақтарға жауап берсек, біз бұл белгілі бір тауарды сатудағы ынталандыру ойыны ма, әлде жасырылған лотерея ма екенін анықтай аламыз. Меніңше, көп жағдайда соңғы жағдай шындыққа жақынырақ. Бір мысал келтірейін. Кезінде ит жарыстарын көрсететін аппараттар өте танымал болатын. Онда тікелей эфирде иттер жарысын көрсетіп, адамдар кімнің бірінші келетініне бәс тігетін. Ұйымдастырушылар бұл спорттық ойындарын бәс тігу деп айтатын. Алайда бұл ойын да лотерея­лық қызмет екені анықталып, тыйым салынды. Себебі шын мәнінде ол иттердің жарысы алдын ала жазылған видеоларды шығару арқылы жүргізіліп жатты. Яғни бұл да лотереялық қызметті жасырудың бір мысалы. ҚР Қылмыстық кодексі 307-бабымен заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін 2000 айлық есептік көрсеткіштегі айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бос­тандығынан айыруға болады. Егер жұлдыздар тікелей билет сатумен айналысса, олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық құрам бар. Ал егер белгілі бір тауарды сатумен сылтауратса, онда жоғарыдағы сұрақтарға жауап беру арқылы қылмыс құрамы бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап бере аламыз.

Заңгердің айтуынша, жалпы ойындар, пирамидалар және өзге күмәнді істер неғұрлым кең таралса, құзырлы органдар оларға одан сайын назар аудармайтындай көрінеді. Ал барлығын заң мен жа­уапкершілік тұрғысынан қарасақ жөн болар еді. Бірақ өкінішке қарай, осы қылмыстарды тергейтін Қаржы мониторингі комитеті тергеу бас­тамақ түгіл, жағдайға баға беріп, ресми позициясын да жарияламай отыр. Тек біз жолдаған сауалға орай жауапты тек мамыр айының аяғында бере аламыз деді. Өйткені мамандар бұл мәселені тексеруге енді кіріссе керек. Лотерея саласын қадағалайтын Мәдениет және спорт министрлігінен де шұғыл әрекеттер байқалмайды.

Ақиқат сөзде алалық жоқ…

«Мұсылманның өмірі мен табысы кездейсоқ бақытқа емес, маңдайының тері арқылы болу керек» деген Алла Тағала құмар ойынды харам етудегі көптеген хикметтерінің бірінде. Лотерея ойнатудан шаш етектен пайда көрмейміз, қайта елдің жағдайын көтерсек дейміз деп азар да безер болатын танымал жандар, шынымен, халықтың қамын жеп жүр ме? Ел сү­йіп тыңдайтын әншілердің осындай тірлікке бет бұруы және кәсіпті халықтың қалтасынан іздеуі дұрыс па? Осы сауалды өнер адамдарының өзінен сұрадық.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:

– Тек қана мұсылман емес, барша адамзат баласы өз бақытын еңбектен табады. Карл Маркс бұл жайды «Адамды адам еткен – еңбек» деп бір ауыз сөзбен тү­йіндеген. Бұл күнде ел ішін ала тайдай бүлдіріп жатқан лотерея ойынын мен кездейсоқ табыс емес, қылмыс дер едім. Өйткені «жұлдыздардың» мынандай пандемия жағдайында бір-бірімен жарыса жағаласып лотерея ойнатып жатқаны заңға да қайшы, адамгершілік нормаларына да сыймайды. Өз кезегінде бұл жұрттың ашу-­ызасын тудыруда. Қазір бұл бала «лотерея ойнамаңдар» деп елге «ақыл» айтуда. Ал егер құқық қорғау органдары тарапынан қылмысы әшкереленбесе, ойнай беретін болып тұр ғой. Ернар деген әнші баланың аз уақыт ішінде жұртты алдап, жинап үлгергені 200 миллион теңгеге жуық. Ал егер финпол келіп құрықтамаса, шімірікпестен елдің қалтасын аяусыз үптеп, миллиардтаған ақшаны беті бүлк етпестен жинап ала беретін болып тұр ғой сонда. Сондықтан жұлдыздар ойнатып жатқан қазіргі ло­терея­ны тез арада тоқтатып, заңдық негізде шаралар қолдану керек. «Жұлдыздардың» лотереядан пайда көрмейміз деуі ақылға сыймайды, шындыққа жанаспайды. Өзіңіз білесіз, фанерщиктер ақысыз-пұлсыз ешқандай жерге аттап баспайды.
Эстрада саласының кейбір өкілдеріне осылайша базынасын айтқан дәстүрлі өнер иесі әлеуметтік желі арқылы халықты «бопсалап» жүргендерді әнші деу­ге болмайды дейді. Соңғы кездері әнші, блогерлер ғана емес, 1000, 2000-3000 теңгеге дейін құр билетті сатып, «Көлікті болғың келсе, ұтысқа қатыс» деп үгіттейтін белгілі де белгісіз инстагерлердің лотерея ұйым­дастыруы белең алып барады. Ең сорақысы – ұтысқа қойған көліктің де, зәулім үйдің де көп жағдайда жалған боп шығатыны. Оңай олжа жерде жатпайтынын білсе де, соқыр сенім және әйтеуір ұтып қалармын деген есек дәмемен қатысып, аузын құр шөппен сүрткен жұрт қаншама.

Ердос ҚАНАЕВ, «Жігіттер» тобының әншісі:

– Мынау жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды жалған дүниеге әркім әртүрлі қарайды. Біреу қамшының сабындай қысқа десе, біреу өлместей көреді. Біреу адамгершіліктің арынан аттамай жүрсе, біреу «менде бола берсе, бола берсе» деп өмір сүреді. Қарынның қамын ойлап қанағатсыздық ете берсең, Қарынбайдың кебінін кигізе салу Аллаға түк те емес. Бірақ әр адамның мақсаты адам болып өмірге келді ме, адам болып өту болу керек. Басқа жаратылыстардан айырмашылығымыз осында. Әйтпесе мал екеш мал да тойғанда күйсегенін тоқтатады. Мен мұны не үшін айтып отырмын? Әңгіменің тұздығы – лотерея. Осы күнге дейін байқап келемін, қос-қостап машина, ана жақтан үй, мына қаладан пәтер ойнатып, ислам дінінде харам дүниелерді адалға шығарып, ертең нан алайын деп отырған соңғы ақшасын мүмкін ұтып қалармын деп тігіп жіберіп, қарыздан қарызға батып, шыбын жанын шүберекке түйіп отырған халықтың ақшасына ұтыс ойнату сәнге айналып бара жатыр. Рас, ұтыстан көз аша алмай қалдық. Бәрінде тегін жатқан батпан құйрық. Арам дүние деп айтылмас үшін ішіне қайырымдылық деп қосып қоясыздар. Ол қанша қайырымдылық болса да адал емес.
Ақиқат сөз – ащы дәрі, сескентсе де ем демеуші ме еді? Өзге емес, бір сахнада жүрген замандастың жанайқайы қай әншінің жүрегіне жетер екен? Қазір шоу-бизнесің дәурені жүріп тұрғанда жас та, кәрі де «табынатыны» жұлдыз боп тұр. Ендеше елдің сеніміне ие болғандар бұл әрекеттің алаяқ­тық екенін мойындамай, ұтыс деп қалта қаға берері анық. Ал айды етегіңмен жаба алмайтының секілді, шындыққа жанаспайтын ұтыстардың ішінде кілтипандар көп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − three =