Ломбард жағалағандар

0 160

Қаражаттан қатты қиналған жандарға ломбард деген нағыз «іздегенге сұраған» болып тұр. Қысылғанда қысқа мерзімге қарыз бере қоятын бұл қызмет түрін сонау 15-ғасырда Францияға Ломбардиядан келген италиялық көпестер әкелген екен. Содан бері әлемнің қай елінде де сұранысы жоғары кәсіп түріне айналды. Тек Италияның өзінде соңғы бірнеше жылда ломбардтардың саны 4 есеге ұлғайған. Ал біздің елде бір кездері екінші деңгейлі банктер несие беруді тоқтатқан кезде ломбардтардың «айы оңынан туып», жұмыстары тіптен жанданған болатын.

Несиені тегін ақшадай көретін жұртшылық бүгінде банктерді ғана емес, ломбардтарды да жағалап жүр. «Алтын әшекейлерімді ломбардқа салып, ақша алдым» дегенді айналамыздағы адамдардан жиі естиміз. Қарапайым халық үшін мекен-жайыңды, тіркеуіңді, табысыңды қазбалап, сілікпеңді шығаратын банктен гөрі, тек бір құжатпен мәселеңді шешетін ломбард тәуір. Олардың шарты да қарапайым. Кепілдікке бір құнды зат беріп, қысқа мерзімге қаржы ала аласыз. Уақытыңыз да көп кетпейді. Ары кетсе 10-15 минуттың ішінде несиені рәсімдеп, ақшаны қолыңызға алып үлгересіз.

Кейде қарыз алмауға болмайтын жағдайлар әр адамның басында кездеседі. Айталық, пәтердің жалдау құнын төлеу керек болады немесе туған күн, той-мереке келіп қалады. Осылай аяқ астынан шабылып, ақша іздеп әбігерге түскен кезде ломбардтан артықты таппай қаласыз.

Ломбардты төңіректейтіндер тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдар деген түсінік бар. Араққа үйір адамдар жағалайды дейтіндер де табылады. Негізінде олай емес. Бұл қызметке жүгінушілердің арасында студент те, зейнеткер де, орташа табысы бар, тұрақты жұмыс істейтін жандар да бар. Әлемдік дағдарыс алқымнан алған тұста ломбардқа жағдайы тәуір адамдардың өзі қымбат тондарын, небір құнды тасы бар әшекей-бұйымдарын алып, қарыз алған екен. Мұндай жағдай қазіргі таңда дамыған елдерде көп кездеседі дейді зерттеушілер. Ғаламтордағы мәліметке жүгінсек, мықты деген Италияның өзінде халық жаппай ломбардты жағалап кеткен. Тіпті, алтын тісіне дейін ломбардқа салып, келесі айлыққа дейін нәпақасын табатындар көбейіп кеткен. Аз уақыттың ішінде бұл елде алтын сатып алатын 28 мың сауда нүктесі ашылған.

Ал Астанада керісінше, ломбардқа келушілер саны азайған көрінеді. «МКО Ломбард БС» ЖШС менеджерінің айтуынша, осыдан бір жыл бұрын күніне келетін адамдардың саны 20-дан асатын дейді ол. Ал қазір 5-10 адамнан артық келмейді. «Біздің «саудамыз қызатын кезі» – мереке күндері. Қыздарына сыйлық алғысы келген жас жігіттер, ана-апаларын, әкелерін қуантқысы келген жандар қаптап кетеді осында. Біз өзімізге де, клиенттерімізге де ыңғайлы болсын деп кепілдікке тек алтын ғана емес, электрондық құрылғылар, тұрмыстық техника да аламыз. Тіпті қалтателефонға да қарыз ақша береміз. Менің ойымша, ломбардқа келіп, аз уақытқа несие алудың ешқандай айыбы жоқ», – дейді менеджер.

Менеджермен сөйлесіп тұрғанда, бір жас қыз келе қалды. Өзін Айсұлу деп таныстырған бойжеткен бұрын ломбардтарды маңайлап көрмегенін, қазір ақшадан қатты қысылып тұрғанын айтты. «Өзім – студентпін. Шұғыл арада ауылға кетпекшімін. Жолға ақша керек. Сондықтан ұялы телефонымды кепілдікке қалдырып, қарызға ақша алмақшымын. Құрбыларымның көбісі алтындарын салып, ломбардтан ақша алатын еді. Солардан көргенім ғой», – деді ол.

Жеңіс даңғылы бойын жағалап келе жатып, «Дәулет» дүкені маңайындағы «Әлем» ломбардынан шығып келе жатқан жас жігітті әңгімеге тарттық. «Мен ломбардтың адамымын. – деп күлді ол. –Менің пікірімше, ломбард адам жолайтын жер емес. Пайызбен ақша алу дегеніңіз адами тұрғыдан да, ислами тұрғыдан да жат нәрсе. Бірақ қысылғанда барасың, амал жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын неке жүзігімізді, әйелімнің бар «байлықтарын» апарып беріп, ломбардтан 120 мың теңге алдық. Уақытылы төлеуге мүмкіндігіміз болмай, пайызын айына 12 мыңдап төлеп отырдық. Қысқасы, бір айымыз алты айға созылып, 120 теңгені 190 қып төлеп, әрең құтылдық. Міне, тағы қиналып, жұбайымның гауһартасты жүзігін ломбардқа салып, келе жатқан бетім. Құрғыр, жүзіктің гауһар көзі есептелмейді екен. Тек алтынын тексеріп, есептеді де қолыма небары 20 мың теңге берді». Ломбардтан қанша ақша алатыныңыз, сіздің кепілге қоятын затыңыздың құндылығына, сапасына байланысты. Негізінен үстемесі қолыңызға алатын ақшаңыздың 9-10 пайызы аралығын құрайды. Мәселен, егер 100 мыңға дейін қаржы алсаңыз, айына 8,7 пайыз, яғни күніне 0,29 пайызын төлейсіз. Ал 100 мың теңгеден жоғары болса, ломбардтағылар пайызды азайтуы мүмкін. Айталық, алған ақшаңызға күніне 0,23 пайыз, яғни айына 6,9 пайызын өтейсіз. Сондай-ақ, көптеген ломбардтар тұрақты келушілеріне кеңпейілділік көрсетіп, пайызын төмендететіні бар.

Ломбардтағылар кепілге қойған заттарды басы бүтін сақтап қояды. Егер кепілзат арқылы алған несие сомасы ломбардқа уақытында қайтарылмаған жағдайда ол нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде кепілзатты сата алады.

Жалпы Астанадағы ломбард қожайындары соңғы кездері оған келушілердің саны азайғанын айтады. Әрине, адамдар қайбір жетіскеннен үстеме пайызбен ақша алады дейсіз. Ал ломбард қызметін пайдаланушылардың азайғанын өзіміз жақсылыққа жорыдық. Демек, халықтың қарыз алуға қажеттілігі болмағаны.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + 4 =