«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЛОМБАРД КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕС ПЕ?

0 404

Кездейсоқ қаржыдан қысылсаңыз, бірден «кімнен қарыз сұрасам екен?» деген ойға келесіз. Қымбатшылық қос бүйірден қысып бара жатқан мына заманда жатың түгіл, етбауыр  жақының да сұраған ақшаңды қолыңа ұстата салуы екіталай. Не істеу керек? Бір-ақ амал бар – алтын, күміс, гауһар сияқты әшекей бұйымдарыңыз болса, ломбардқа өткізіп, уақытша туындаған қиындықтан құтыла аласыз.45645645

Астана қаласында бүгінде 140-тан аса ломбард бар екен.

Ломбард – көнеден келе жатқан қаржы бизнесі. Көптеген елдерде банктерге балама ретінде жұмысын жандандырып, халықтың көңілінен шығып жүргенін де мойындамасқа болмайды. Мәселен, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Швеция, Жапония сияқты дамыған мемлекеттерде жас шамалары жиырма мен елудің арасындағы адамдардың көбі банктерден несие алғаннан гөрі, ломбардтардың қызметіне жүгінгенді жөн көреді екен. Өйткені мұнда аталған бизнес орындары үкіметтің қатаң бақылауында. Лицензиясыз бір күн де жұмыс істей алмайды. Әрі оны жыл сайын жаңартып отырулары қажет. Сондықтан бәсекеге қабілетті болу үшін пайыздық мөлшерлемелерін азайтып, рейтингілерін көтеруге тырысады. Сөйтіп, халықтың сеніміне ие болады.
Ал, бізде ше? Мүлде басқаша. «2006 жылдан бері ломбардтарды лицензиялау тоқтатылды. Содан бері ерінбеген екінің бірі осы бизнес­тің құлағынан ұстауға көңілі құлап тұрады. Неге десеңіз, керемет табыс көзі. Көпшілігінің кредит бергені үшін пайыздық мөлшерлемесі де жоғарылап барады. Оның үстіне ол бақылаусыз қалған. Соның салдарынан кейінгі екі жылдың ішінде еліміздегі ломбардтар арқылы 700-ден аса ұрланған заттардың сатылу фактісі анықталды» дейді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысы заңдылығын қадағалау департаментінің басшысы Құсайын Игембаев.

Ұрланған мүліктерді қабылдайтын ломбардтар, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында көп кездеседі екен. Дегенмен, Астана қаласы да мұндай келеңсіздіктерден кенде емес. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы бір ломбардтан үш ұрлық бойынша алтын бұйымдар алынса, Астана қаласында бір ломбардтан екі ұрлық бойынша ұрланған заттар тәркіленген. Құсайын Сапарғалиұлының айтуынша, осының барлығы бұл саланың нормативтік акті бойынша қатаң тәртіпке келтірілмеуінен болып отыр. Тәртіп жоқ жерде қылмысқа жол ашылады. Қаладағы бірнеше ломбардтарға бас сұқтық. Барлығының да жұмыс істеу мәнері бір сарындас. 999 сынамадағы алтынның әр грамын – 9500-10000 теңгеден, 750 сынаманы – 7000-8000 теңгеден, 585 сынаманы – 6500- 7000 теңгеден алады екен. «Астра-ломбард», «Ломбард-Gola», «Анет-капитал», «Алтын төбе», «Аржан ломбард», «Ломбард тау», «Актив ломбард», «Бөлім ломбард» сияқты толып жатқан несие­ден ақша сауып отырғандар қатары жылдан-жылға арта түсуде. Неге? Өйткені сұраныс бар. Күн сайын тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікке, коммуналдық қызметке баға өскен сайын қысқа жіп күрмеуге келмей адамдар жалақыдан жалақыға дейін қаржыдан қысылғанда қолдарындағы алтын жүзіктері мен бағалы тастарын осы ломбардқа өткізіп амалдайтын көрінеді.

4654654654

Алайда, ломбардтар жұмысы уақытша ақшадан қиналған адамға пайдалы сияқты көрінгенімен, шындап келгенде, мұнда да толып жатқан қолайсыздықтар баршылық. Көптеген жерлерде кепілге қойған затыңызды өзінің бағасынан анағұрлым кем бағалайды. Екіншіден, уақытында үстемесін төлеп алмасаңыз, дүниеңізді өзге адамға сатып жіберуі әбден мүмкін.
Жұмыс істегендеріне бес-алты жылдың жүзі болған Күйші Дина көшесіндегі «Астра-ломбардқа» келгенімізде кезекте бірнеше адам тұрды. Мұның мәнісін ережесімен таныса келе түсінгендей болдық. Мұнда баға басқаларға қарағанда анағұрлым жоғары. 999 сынаманың әр грамын – 15000 теңгеден, ТМД алтындарын – 10625 теңгеден, түрік алтындарын 9000 теңгеден алады екен. Кепілдік мерзімі де үш күннен бір айға дейін.

Зейнет жасындағы ақ шашты ана бірнеше алтын бұйымдары мен гауһар көзі бар жүзігін тапсырды. Әңгімеге тарттық.
– Екі бөлмелі пәтерде тұрамын. Өткен айда тұрмыстағы жалғыз қызым ақшадан тапшылық көріп, мойнындағы несиелерін жабу үшін менен қарыз сұрады. Шыдай алмадым, қолымдағы барымды бердім. Енді, міне, келесі айға дейін ломбардқа алтын бұйымдарымды өткізіп, ақша алып тұрмын. Бұл да болса, қиналғанда демеу. Қазір кім қарыз береді, шырағым?» деді.

Бұл – барлық ломбардтарға тән таныс көрініс. Алайда осындай қаржыдан қысылған жандарға қол ұшын созумен қатар мұндай орындардың кейбір сұғанақтардың қылмыстық жолмен тапқан дүниелерін қолма-қол ақшаға айналдырып алуға қолайлы мүмкіндік туғызатыны да қынжылтады. Өйткені кепілге затын қойып, ақша алушыдан тек жеке басты куәландыратын құжаттан басқа тапсырылған дүниелерінің құжаттары сұралмайды. Ол адамның нақты бет-әлпеті суретке түсірілмейді. Соның салдарынан кейде, тіпті басқа біреудің құжатын беріп, алтын бұйымдарын тапсыратындар да кездеседі екен. Міне, осындай немқұрайлылық пен жа­уапсыздықтың кесірінен ұрылардың қолды қылған қымбат ұялы телефондары мен әшекей бұйымдарын ломбардтар сатып беріп отыр. Бұлай деуімізге жақында ғана Астанада өткен еліміздегі заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде республиканың Бас прокуроры Жақып Асанов «Өткен жылы елімізде 44 мың пәтер ұрлығы тіркелді. Одан ұрланған заттар, әсіресе, қымбат ұялы телефон, алтын, жақұт, гауһар тастармен көмкерілген құнды жүзіктер ломбардтар арқылы ақшаға айналдырылған. Оның ең басты себебі, қазір осы несие беру мекемелерінен лицензия талап етілмейтіндігінде. Сондықтан кез келген қалталы адам қаланың қай бұрышынан да осындай бизнес орнын ашып ала алады. Әрі оның жұмысы бақыланбайды. Біз мұны тоқтатуымыз керек. Үкіметтен осы ұйымдардың жұмысын реттейтін, мемлекеттік саясатты қалыптастырып, нормативтік актілер әзірлейтін өкілетті мемлекеттік органды белгілеуін сұраймыз. Ломбардтардың несие беру қызметіне қатаң тәртіп орнату қажет» деген сөзі дәлел.

Расында да, еліміздің ірі қалаларында ломбардтық бизнеске кең жол ашылғанымен, оның заңдық реттеу тетіктері түпкілікті қарастырылмаған. Мәселен, ұрланған заттарға күдік келтіріп тұрса да кез келген ломбардты құқық қорғау органы қызметкері тексере алмайды. Ол үшін соттың санкциясы болуы керек. Тіпті, ұрланған заттарды қабылдағаны үшін ломбард иелеріне жауапкершілік те қарастырылмаған.
Алдағы уақытта осы олқылықтар ескеріліп, ломбардтардың жұмысына қатаң бақылау орнатылады, сөйтіп, қазір елімізде өршіп тұрған ұрлыққа тосқауыл қойылады деген сенім мол.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды