«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Локомотив» – «Астана»: 79:78

0 178

«Астана» баскетбол клубын бір қырсық айналдырып алды. Дәл осындай есеппен алдыңғы ойында «Нижний Новгород» командасына жол берген еді. Енді Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубымен болған матчта да 79:78 есебі тіркелді.

Осы есептің өзі ойынның өте тартысты өткенін аңғартады. Краснодардың командасы – Еуропаның мықты командаларының бірі. Ал плей-оффқа өту үшін барын салып жатқан «Астана» да оңай шағылатын жаңғақ емес. Елордалықтар сырт алаңда өткізген соңғы үш ойында да жеңіліске ұшыраған. Сәйкесінше «Локомотивтің» де жеңіссіз сериясы үш матчтан тұрады.
«Астана» ә дегеннен әбжіл қимылдап, белсенді болды. Ал алаң иелері басында адымдарын аңдып басып, бірсыдырғы ойын көрсетті. Қонақтардың қолайына келген алыс­тан лақтырған доптың біразы ұпайға айналды. Шамасы «Локомотив» қарсыласын бұл жағын жете бағаламаған сияқты. Нәтижесінде «Астананың» 29 рет лақтырған добының 13-і діттегеніне жетті.


Жан алысып, жан беріскен кездесудің тағдыры соңғы 8 секундта шешілді. Краснодарлықтар есептегі басымдықтарын сақтап қалу үшін, қорғанысын бекемдеді. Нәтижесінде бір ғана ұпай айырмашылығымен «Локомотивтің» асығы алшысынан түсті.
«Астана» сапынан 26 ұпай жинаған Джастин Картер ең нәтижелі ойын көрсетті.
Енді «Астана» Ұлттық лига шеңберінде 4 сәуір күні Ақтаудың «Каспий» командасымен ойнайды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды