«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Лицензиясынан айырылды

0 141

Отандық 32 банктің арасынан 16-шы орынды иеленген банктің басына қара бұлт үйірілді. Кеше Ұлттық банк «Астана банкі» АҚ-ның салымшыларына ақпараттық хабарлама таратты. Аталған қаржы институтының өзінің және тұтынушыларының шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. 18 қыркүйекте Ұлттық банктің басқармасы қабылдаған шешімге сәйкес, салымшылардың теңгемен және шетел валютасымен жинаған депозиттерінің, төлем карточкасы мен банк шотындағы ақшаларының жоғалмауын «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» (ҚДКБҚ) қорғайтыны мәлім болды. Алдағы уақытта сот шешімімен банк күшпен жабылатын болса, ҚДКБҚ халықтың кепілдендірілген қаражатын қайтарады. Кепілдіктің ең жоғары шегі теңгемен ашылған депозиттер бойынша – 10 млн теңгеге; шетел валютасымен ашылған депозиттер бойынша 5 млн теңгеге дейін. ҚДКБҚ-дан ақшасын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, нотариустар және қорғаушылар қайтара алады. Алайда олар банк шотындағы қаражатын ғана алады. Айта кетелік, «Астана банкінен» жалпы құны 41,2 млрд теңгені құрайтын заңды тұлғалардың депозиттері ашылған.
Банктің басқару органдарының құзыреті Ұлттық банк төрағасының бұйрығымен тағайындалған уақытша әкімшілікке жүктелді. Ол сот банкті жабу туралы комиссия құрылғанға дейін жұмыс істейді. Соттың банкті күшпен жабу туралы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін 14 күн ішінде ҚДКБҚ отандық банктерге «Астана банкінің» салымшыларымен жұмыс істеуге хабарлама жасайды. Ол банктің қаржылық ахуалы тұрақты, кеңейтілген филиалдық желісі болуы шарт. ҚДКБҚ ондай банкті таңдаған кезде «Астана банкінің» салымшылары кепілді қаражатын қайтарып алу үшін сол банкке арыз береді. Банк-агент салымшылардың құжаты түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төлем жасайды.
Айта кетерлігі, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ осы банктегі екі депозитінде 7,35 млрд теңгесін сақтағаны туралы ақпарат бар. Айтпақшы, осы жазда «Astana LRT» ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиев елордамыздағы жеңіл рельс­ті көліктің құрылысына бөлінген 257, 6 млн АҚШ долларының «Астана банкінде» «қатып» қалғанын мәлімдегені белгілі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды