«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Лифт жөндейтін шеберхана керек

0 184

Елордадағы лифт шаруашылығына жауапты компаниялар өздеріне тиісті міндетті орындамаған жағдайда, әкімшілік шарадан бөлек, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалатын болады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев мәлім етті.

– Біз қазір қаладағы лифт жұмысына жауапты барлық компаниялармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде бүгінде қала лифттерінде тек анда-санда тоқтап қалу ғана болмаса, бірде-бір апатты жағдай жоқ. Қазір сол бойынша талдау жүргізілуде. Лифт жұмысы жөнінде бұрын тұрғындардан шағым өте көп түсетін. Бүгінде ол 80 пайызға азайды. Мысалы, бұған дейін аптасына 40-50 шағым болса, қазір жеті күнде бар болғаны 2-3 шағым ғана түседі, – деген Төлеген Құлұшев компаниялар міндеттерін дұрыс атқармаса, олардың жұмыстарын қалалық Ішкі істер де­партаменті қарайтынын атап өтті.
Ал аталмыш басқарманың Есіл ау­дандық бөлімінің бас маманы Ерлан Қиябаевтың мәліметінше, бүгінге дейін елордадағы 2050 лифт тексеріліпті. Жыл соңына дейін 6900 лифттің қалай жұмыс істеп тұрғаны анықталмақ. Бюджеттен бөлінген қаражат есебінен биыл бес лифт жөндеуден өтсе, келер жылы 20 лифтті жөндеу жоспарда тұр екен. Бірақ оған тұрғындардың келісімі керек көрінеді. Өз кезегінде Астана қаласы ПИК заңды тұлғалар бірлестігі қауымдастығының төрағасы Мизамбек Кенжебаев қалада орталықтандырылған шеберхана құ­рудың маңыздылығын айтты.
– Лифт саймандарын тез табу үшін Астана бойынша орталықтандырылған шеберхана қажет. Сол кезде автоматика, есік, арқан сияқты басқа да қосалқы бөлшектерді апталап іздеп жүрмес едік. Бұл жерде маңыздысы лифттің жайы ғана емес, бастысы – адамдардың қауіпсіздігі. Сондықтан керек-жарақтың бәрі табылатын осындай компания құруға тиіспіз, – деді ол. Сондай-ақ брифинг барысында алдағы уақытта жедел сатылардың қалалық ортақ базасының құрылатыны сөз болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды