Ләззат ҚАПЫШЕВА, «Қазақ радиосы» әдеби-сазды редакциясының жетекшісі: БҮГІНГІ ЖУРНАЛИСТЕР БАҚЫТТЫ

0 573

Ләззат ҚАПЫШЕВА

Қырық жылға таяу уақыттан бері журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген әріптестеріміздің бірі – Ләззат Қапышева. «Журналистер отбасы» аталып кеткен оның жары да, бала-шағасы да телевидение мен радионың маңында. Аудандық газеттің қазанында қайнап, мамандығының барлық сатысынан өткен өзі – бүгінде «Қазақ радиосы» әдеби-сазды редакциясының жетекшісі.
Қалам ұстағандардың кәсіби мерекесі қарсаңында Ләззат Мейрамханқызына бірнеше сауал қойып, пікірлескен еді тілшіміз. Әңгімені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Ләззат Мейрамханқызы, сіз аға буынның көзін көріп, тағылымын сіңірдіңіз. Журналистиканың кешегісі мен бүгіні алақаныңыздай таныс. Енді сіздің соңыңыздан ерген әріптестеріңізге үлгі болсын, бұл салаға қалай келдіңіз, кім ықпал етті?

– Менің журналистикаға келуіме әкем көп ықпал етті. Ол – Торғай облысы Амангелді аудандық халық театрының тұңғыш режиссері. Сол жерде отыз жыл еңбек еткен әкемнің де әу бастағы арманы журналист болу екен. Алайда, сол кездегі партия коми­теті оның өнерге де жақын екенін біліп, мәдениет саласына тартқан. Өйткені, ол «Қара жорға» биінің шебері еді, бойындағы талантының арқа­сында дүние жүзі жастары мен студент­терінің Мәскеу фестиваліне қатысқан.
Хош, сонымен әкем жазу-сызудан қол үзіп, ауданда алғаш рет көр­кем­өнерпаздар үйірмесінің іргесін қалайды. Оны халық театры дәрежесіне көтеріп, республикалық, одақтық фестивальдерге жетелейді. Бірақ әкем Мейрамхан өзінің орындалмай қалған арманын маған жиі айтатын еді. Содан кейін Алматы қаласындағы әкемнің ағасы, белгілі журналист Әбілфайыз Ыдырысовтың жетелеуімен оқыдым, қолыма қалам алдым. Университет қабырғасында оқи жүріп, 1977 жылы Амангелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінен еңбек жолымды бастадым. Одан кейін облыстық телерадио комитетінде, Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде қызмет еттім. «Қазақстан» теле-радио корпорация­сында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Онда журналистиканың барлық сатысынан өтіп, Сағат Әшімбаев, Рафаэль Жұмабаев ағаларымнан тәлім алып, «Кел, балалар, оқылық» хабарын аштым. Мұнда тәжірибемді шыңдап, қоғамдық-саяси редак­цияның әйелдерге арналған «Сырласу» тележурналының редак­тор-жүргізушісі болып тағайын­далдым. Осы хабарды жүргі­зе жүріп, бармаған жерім, бас­паған тауым аз. Мен студияда отырып хабар жасаған жоқпын, ауыл әйелдерінің ахуалын, жетім балалардың кешегісін, тағдырын, қарттар үйіндегі қариялардың жағдайын, жүйке ауруларын емдейтін диспансердегі әйелдердің күйін зерттедім. «Қаракөздер неге темір торға түседі, қалай жүйке ауруына шалдықты, балаларын не үшін тастап кетті?» деген сауалдарға жауап іздедім. Алматы, Қарағанды өңірлеріндегі әйелдер колонияларына, тергеу изоляторларына табан тіредім. Оларды қақаған қыста жалаң аяқ күйінде шашынан сүйреп, көлікке тиеп жатқан әскерилерді көрдім. Сондай күндерде бір балақайдан хат алғаным әлі есімде. «Мен мектепке баратын едім, анам түрмеде жатыр, шашымды кім өріп береді» деп жазыпты ол… Әсіресе, «Жат жанарға жаутаңдап…» атты хабарымда ұзақ және жемісті еңбек еттім деп ойлаймын. Мұнда «Бөбек» қорымен бірлесіп, еліміздегі жетім балалардың тыныс-тіршілігін көрерменге кеңінен көрсетіп бақтым. Осы хабардың арқасында аналар баласын тапты, әжелер немерелерімен қауышты. Мәселен, Қостанай облысында бір әйел сәбиін қоянжырық болып туғаны үшін тастап кетіпті. Сол әйел менің хабарымнан кейін көп ұзатпай төртінші сыныпта оқитын ұлын қайта бауырына басты.

Мұнымен қоймай, жетім жеткін­шек­­терімізді іздеп, Американың бір­неше штатына бардым. Сонда таң қалғаным, америкалықтар қазақ балаларының өте алғыр, ақылды, сұлу екенін айтады. «Осындай балақайды тастап кеткен қандай адамдар, қандай ата-аналар?» деп кіжінеді олар. АҚШ-тан оралысымен, Әділет және Білім министрліктерімен, Парламент Сенатымен бірлесіп, «Қазақстан» ұлттық арнасынан тұңғыш рет «Жанарынан үзілген балапан жас» атты хабар жасадым.

Осындай уақиғалардың басы-қасында болып, көзбен көргеннен кейін болар, «Журналистика – өзіңнің емес, өзгенің дертін, мұңын арқалау» деп айтамын үнемі. Және өзге топыраққа тағдыр жазуымен кеткен қандастарымды іздеп, аналық һәм журналистік міндетімді адал атқардым деп ойлаймын.

– Сіз – журналистиканың қос кезеңін – кеңестік журналистика мен тәуелсіз журналистиканың тіршілігін көзіңізбен көргендердің қатарындасыз. Салыстыра саралап көріңізші…

– Біз – аға буынның хабарын көрген, ақылын естіген, тәлімін алған ұрпақпыз. Сағат Әшімбаев, Камал Сейітжан, Ғаділбек Шалахметов, Төлебай Қаймолдинов, Жүрсін Ерман, Нұртілеу Иманғалиұлы, Қайнар Олжай, Рабат Жәнібеков сынды ағалардың қамқорлығын сезіндік. Енді айтарым, сол кездегі журналистика мен қазіргі журналистиканы салыстыруға келмейді. Бүгінгі әріптестерім ол кездегіден әлдеқайда бақытты. Өйткені, қазіргі журналистер ескі, көне, мүмкіндігі аз техникалармен жұмыс істемеген, біз сияқты күңгірт студияда отырған жоқ. Эфирге шығар алдында киетін киімімен, бет-әлпетінің сұлулығымен, имиджімен арнаулы мамандар айналысады. Ал, бізде… ондай болмады.

– Десе де, сол кездегі журналистика салмақтырақ көрінеді…

– Өте дұрыс айтасың. Неге? Өйткені, ол шақта эфирде маман журналистер жұмыс істеді. Қазір нағыз журналистер тасада қалып қойды да, экранға «әнші жұлдыздар» шығып кетті.

– Жолдан қосылған жолбикелер дейсіз ғой…

– Жолбике деп те айта алмаймын. Олар да өнерде жүрген адамдар. Бірақ мен журналистер жағындамын. Себебі, әріптестерім сценарий жазушы ғана болып қалды, оны оқып беруге әртістер шығып кетті. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын». Мәселен, мен «Сахнаға шығып ән саламын» деп айта алмаймын ғой. Сондықтан, әртістер де ойлану керек, таныла түсу үшін журналистің нанын тартып алудың қажеті жоқ.

Біз заманымызда зерттеу нысанына бардық, көзімізбен көрдік, жанымызды салып жаздық, оны жүрегіміздің елегінен өткізіп сараладық, содан кейін көрерменге ұсындық. Ол сондықтан көрермен көңілінен шықты, санасына сіңді. Ал, әртістердің оқып бергені оның жүрегінен шыққан сөз емес, аузынан ғана тарайды. Сондықтан да көрермен кеудесін селт еткізе алмайды.

– Отыз жыл осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде айтыңызшы, қазіргі журналистикаға не жетіспейді?

– Бірінші, ізденіс жетіспейді! Біз газет-журналдарды құр жібер­мей­тін едік, кітапханаға жиі бас сұғып тұратынбыз. Зерттейтін тақы­ры­бы­мызға осылай дайындалатынбыз. Расын айту керек, тележурналистикада жүргендердің дені «жұлдыз» болып кеткен. Жастар тележурналистиканы танымал болудың жолы ретінде ғана қабылдайды.

Екінші, бәсекелестік бар…

– Бәсеке деген жақсы емес пе?

– Білім жағынан бәсеке болса, қуанар едім ғой. Олар материалдық ахуа­лымен бәсекеге түседі. Оған жету­дің оңай жолдарын табуға құш­тар. Сондықтан, жастардың ойы да шектеліп қалған сыңайлы. Қит етсе, интер­нетке жүгінеді. Мәселен, менен «Семей өңіріндегі Абай ауданында қандай жерлер бар, Баянауылдан қандай тұлғалар шыққан?» деп сұраса, тақылдап айтып беремін. Сан жылғы ізденісімнің жемісі ол.

Тағы айтарым, қазіргі журналисти­каны кінәлай беруге де болмайды. Расында, бұл сала үкімет тарапынан, мемлекет деңгейіндегі қамқорлыққа зәру. Журналист неге пәтер жалдау керек? Неге мардымсыз айлық жалақыға қарап отырады? Осындайда Шерхан ағаның «Түйенің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дегені ойға оралады. Сол сияқты біз әлемнің, қоғамның проблемасын, мұңын, жырын шерте жүріп, соның астында қалып қоямыз.

…Біз қызық халықпыз. Мысалы, әнші тойда өнер көрсететін болса, аузын ашып, ақысын сұрайды. Ал журналист сол әншіні де, әкімді де, кәсіпкерді де мадақтайды, жазады, істерін танытады жұртқа. Бірақ сол үшін ақы сұрап көрдік пе? Әрине, жоқ.

Бұрынырақта ақын-жазушылар әлдебір ауылға ат басын бұратын болса, сый-сияпатымен, ат-шапанымен қарсы алатын. Ал қазір ешкім керек қылмайды. Бірақ даңғазалатып «Әнші келе жатыр» десе, әкелері алты айлық жолдан келе жатқандай қуанады. Құрмет те, қошемет те соған көрсетіледі. Біздің қатарластар «Қыз Жібекті», Алпамыс батырды, Қобыландыны, «Батыр Баянды» оқыған болса, менің немерелерім «Ауырмайды жүрек» деп шырқатып жүр. Біздің қатарластар Фаризаға, Ақұштапқа еліктеді, қазіргі жастар әнші болғысы келеді. Бірақ, біздің елде «әнші көп, Шәмші жоқ».

– «Журналисті екі аяғы асырайды». Жаңа ғана «Қазақстанда бармаған жерім, баспаған тауым аз» дедіңіз. Сондай сапарларыңыздың бірінде көрген-түйген бір уақиғаны айтып беріңізші.

– Менің қолымда бір жүзік бар. Мұны аңғарған жанның бәрі «Сіз адайдың қызысыз ба?» деп сұрайды. Қазақ адамның киген киіміне, сақина-сырғасына, ер-тоқым, жүгеніне қарап, қай өңірдің тумасы екенін таныған ғой. Әлгі де адай сақинасы еді.

Бірде лауазымды кісінің шаңыра­ғын­да қонақ болып отырып, қабырғадағы Бекет атаның кесенесі бейнеленген картинаға көзім түсті. Содан бастап Маңғыстау өңірін түсімде көретін болдым, бір көрсем деп аңсайтынды шығардым. Әйтеуір, жолым түсіп, Маңғыстау облысының Шетпе ауданына бардым. Сонда мен түскен үйдің әжесі келіп, «Енем аймаққа белгілі сынықшы Мыңкісі әулиенің ұрпағы еді. Түнде түсіме кіріп, «Қалтаңдағы сақинаны түсте келетін қонақтың қолына сал» деп аян берді» деп, осы жүзікті қолыма салды. Содан бері мұны саусағымнан шешкен емеспін, көзімнің қарашығындай сақтап жүр­мін. Бұл уақиғаға мен де, менің айна­лам­дағылар да таң-тамаша болды.

Осы сапарымнан кейін батысқа тағы бірнеше рет барып, Бекет ата туралы сюжет жасадым, деректі фильм­ түсір­дім. Менің хабарларымнан кей­ін өңірге асыққан адам қарасы да көбей­ге­нін естідім, министр, депутат­тар­дың сапарлағанын көзіммен көрдім. Жүрген жерімде Бекет ата, оның айна­ла­сындағы үш жүз алпыс әулие туралы айтып жүрдім. Осындай әңгіме кезінде де Маңғыстауды көргісі келетін­дерді көп байқайтын едім. Содан кейін де Мыңкісінің ұрпағының сақи­насы маған келген шығар деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − two =