Ләззат Күнгейбаева: Еліміздің туын Олимпиадада көтергім келеді

0 131

Әйелдер арасындағы әлем чемпионатында 81 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан  бұрымды боксшымыз Ләззат Күнгейбаева Қазақстан құрамасының қоржынына төртінші алтынды түсірген болатын. Әлем рингінің шаңын қаққан аруымыз кезінде дизайнер болуды қалапты. Алайда, Астана қазақ аруының өмір жолын жаңа арманмен ұштастырған екен. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған спортшымызды сырлы әңгімеге тарттық.

– Ләззат, кішкентайыңызда дене­шынықтыру сабағын асыға күткен­дердің бірі болдыңыз ба?
– Керісінше. Спортқа еш қызық­пайтынмын. Мектептегі дене шынықтыру сабағынан түрлі сылтаумен қашып кетуші едім, ал қатыссам, көңіл-күйім бұзылатын. Суретті жақсы салдым. Үйдегі машинкамен киім тіккен ұнайтын. Әпке-сіңлілерім мен тігіп берген көйлектерді киіп алатын. Өскенде дизайнер боламын деп ойладым сол кезде.
– Ал, «боксқа әкем жетеледі» депсіз бір сұхбатыңызда…
– Үйде – алтаумыз. Балалардың ортаңғысымын. Әкем төсенішті жайып жіберіп бізді күрестіргенді жақсы көретін. Бәрін жерге жығатынмын. Ағам да жеңіліп қалушы еді. Содан үйге қонақ келсе, әкем ылғи мені «Бұл қызым – «мастер спорта» деп мақтайтын. Бір күні әкем бір жерге ертіп шықты. Сөйтсе, бокс секциясына жаздырмақшы екен. Сонда «Неге мен? Ағаларым қатыссын. Қызбын ғой! Қыздар нәзік болу керек» деп қатты ренжіп жылағаным есімде. Ол ғана емес, бір рет мамам екеуміз кафеде отырсақ, бір аға жақындап, визиткасын берді. Ауыр атлетиканың жаттықтырушысы екен. Сүйегім ірі, дене бітімім спортшыларға келетіндіктен мені штанга көтеруге тартқысы келген ғой. «Байқап көрсеңші» деп көндірмек болған анама да ренжігенім бар сонда.
– Қанша қашсаңыз да, спорттан бір-ақ шыққаныңыз қалай?
– Шымкентте мектеп бітірген соң, үміттенген грантқа түсе алмай қалдым. Ал, ақылы оқуға жағдай келіңкіремейді. «Оқуға келесі жылы қайта тапсырып көремін, қазір бос жатпай жұмыс істей берейін» деп Астанаға көшкен ата-анамның жанына бардым. Қызықтың бәрі Астанада басталды. Қалада жұмыс іздеп жүрген кезім ғой. Мамам құжаттарымды жинауға кеткен. Бір кезде маған кимоно әкеп тұр. Сөйтсе, шаруа үстінде бір кісімен танысқан. Ол күрестің бапкері болып шыққан. Мамам «Ауыр салмақтағы қызым бар» деген ғой. Бапкер бірден мені ертіп келуді сұраған. «Жұмысты өзіміз жасаймыз. Қатысып көрші, сенен нағыз спорт шебері шығады» деп әке-шешем екі жақтан көндіре бастады. Көңілдеріне қарап бір-екі рет барып көрейін дедім де, сол жерде молынан қалғанымды байқамай да қалдым. Үш айдан соң самбо мен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңіске жеттім. Ересектер тобына өттім. Самбодан үш рет Қазақстан, екі мәрте Азия чемпионы атандым.
– Міне, қызық. Бәрі самбодан басталды деңіз…
– Күрестегі жетістіктерімнің арқасында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша грантқа түстім. Бір күні маған боксқа қатысу туралы ұсыныс айтылады. Оны да бір байқайын деп шештім. Бокстың ережелерімен таныстым, қимыл-қозғалыстарын меңгердім. Бапкер не үйретсе де, бір көргеннен қағып алатын болдым. Бар-жоғы екі аптадан кейін Қызылордада өткен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, бокстағы алғашқы жеңісіме қол жеткіздім.
– Әуесқой бокста жүргеніңізге алты жыл екен. Осы уақыт ішінде талай биікті бағындырдыңыз. Боксшыны жеңіске жеткізетін не?
– «Еңбек – бәрін жеңбек». Бапкерім Берік Маржықпаевтың миыма құйған басты ұраны. Мені чемпиондыққа тәрбиелеуде осы кісінің үлесі зор. Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінде уақыты тығыз болса да, бірін де қалдырмай, оқу-жаттығу жұмыстарымның басы-қасында жүреді. Мені ешқашан бос отырғызбайды. «Демалыстың өзі белсенді болу керек» дейді ол. Қыста шаңғы, жазда велосипед тебемін, жүзуге барамын, гимнастикаға да қатысамын. Өйткені, бізге жан-жақты дайындық қажет. Боксшы өз қалпын сақтап, кез келген уақытта шаршы алаңға шығуға дайын жүруі тиіс. Сондай-ақ, мен бүкіл жарыстарымның жазбасын қайталап көремін. Қарсыластарымның техникасын зерттеймін. Қай жерде қате кетті деп өзіме анализ жасаймын.
– Кәсіби қулықтарыңыз бар ма?
– Жарыс алдында біріккен оқу-жаттығу жиыны болады. Әлем чемпионатындағы сондай дайындықта финалда қарсыласым болған америкалық Шадасия Гриннің қимыл тактикасын бақыладым. «Қайдан шыққан боксшы, «новичокке» ұқсамайды» деп таңғалдым. Сөйтсе, ол 15 жасынан кәсіби бокспен айналысып, әуесқойға енді ауысқан екен. Жаттығу кезінде онымен солақай секілді жұдырықтастым. Рингтегі жекпе-жекте ол оң жақтан жасалатын қатты соққыларды күтпегеннен аздап сасып қалды. Сондай-ақ, дайындықта қарсыластарым қарап тұрса, өз техникамды білдіртпей, өтірік бірдеңе істеп жүремін.


– Демек, қазір белсенді демалыстасыз ғой?
–«Спецназда» қызмет еткім келеді. Сол үшін заңгер мамандығын оқып, екінші жоғары білім алып жатырмын. Сондай-ақ, денешынықтыру бойынша Еуразия ұлттық уни­верситетіндегі магис­тра­тураға дайындалып жүрмін.
– Нені армандайсыз?
–Арманым көп. Спортқа келгелі үлкен жарыстарды үзбей тамашалайтынмын. Жеңіс тұғырына шығып, көк туды көтерген спортшыларды көргенімде, көзіме жас келетін. Оларға қарап, «Шіркін, Қазақстан туын барша халықтың алдында желбіретсем екен» деген арманым болды. Әлем чемпионатында бұл тілегім орындалды. Енді еліміздің көк байрағын Олимпиада ойындарында көтергім келеді. Әзірге олимпиада ойындарында менің салмағымдағы бокс жоқ. Рио-де-Жанейроға барайын деп, салмақ тастамақ болғанмын. Бапкерім рұқсат бермеді. «81 келіден жоғары санат келесі олимпиада ойындарына қосылып қалуы мүмкін, соған дайын­даламыз» деді.
– Оған дейін төрт жыл бар ғой. Жеке өміріңізге қарағанда спорт бірінші орында ма?
– Спорт – әзірге бірінші кезекте. Өйткені, ғашық болып, іздегенім осы дейтін жігітті кездестірмедім. Ал, тұрмыс құрған соң, күйеуімді әркез бірінші орынға қоятын боламын.
– «Іздегенім – осы» дейтін қандай жігіт, құпия болмаса?
– Қарапайым, бағындыра білетін, бәрін өзі шешетін, қолынан іс келетін пысық болса деймін болашақ жұбайым. Жігіттер боксқа қарап, «күйеуіңді жұдырығыңда ұстайтын» шығарсың деп күледі. Ал, жақын достарым «Өмірде сені рингте нокаутқа жіберетін қыз деп айта алмайсың» деп таңғалады. Боксшы болсам да, жаны нәзік қыз баласымын.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 4 =