Латын графикасына көшудің қадамы

0 18

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдас­тыруымен 22 шілде күні қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының отырысы өтті.

Онлайн жүйеде өткен бұл ғылыми жиын «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында ұйымдастырылды. Отырысқа Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ж.Құрманғалиева қатысып, жаңа әліпбиді енгізу мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Әліпбиді жетілдіру жұмыстарының барысы туралы Мәдениет және спорт министр­лігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары, орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Әділбек Қаба баяндама жасады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша берілген уақыт ішінде құрамында 70-тен астам ғалым бар ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобы әліпбиді жетілдіруге арналған 8 отырысын өткізіп, Мемлекет басшысы айтқан олқылықтырға жан-жақты ғылыми талқылау жасады. Осы уақытқа дейін латын графикасына негізделген 40-тан астам жоба ғалымдар тарапынан қарастырылды, ғылыми негізге келетін ұсыныстар ескерілді, артықшылықтары әліпби жетілдіруде назарға алынды» деді Әділбек Қаба.
Ұлттық комиссия жанындағы орфогра­фия­лық жұмыс тобының мүшелері осы ғылыми жиында талқылап, мақұлдаған латын әліпбиінің жобасы ұлттық комиссияға жіберілетін болып шешілді. Сонымен бірге емле ережелері де жұмыс тобы мүшелері тарапынан тағы да пысықталып, аталған комиссияға ұсынылатын болды.
Жиналысқа орфографиялық жұмыс тобының құрамындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық, Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің және
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мүшелері қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =