Латын әліпбиінде тіл ауыспайды, таңба ғана ауысады

0 527

Парламент Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» тыңдау өтті. Біршама уақыт бұрын елімізде латын әліпбиі туралы мәселе көтерілгенде, жұртшылық оны жылы қабылдаған болатын. Бірақ, бұл нұсқа көпшіліктің көкейіндегісіне дөп келмей қалған сияқты болды. Мұның басты себебі неде? Жаңа әліпбиге диаграфтар не үшін керек? «і», «и», «һ», «х» дыбыстарын қалай ажыратамыз? «У» әрпі неге «w» -ге өзгеріп кетті? Бұл жөнінде латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын парламентте таныстырған Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Ербол аға, латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керектігін жиі ауызға алып жүрсіз. Бізде онсыз да реформа көп. Әсіресе, оқушыларды алайықшы. Бұл жолда оны ескердіңіздер ме?
– Латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керек. Біріншіден, латын әліпбиінде тіл ауыспайды, таңба ауы­сады. Екіншіден, әлемдік лингвистердің айтуынша, дыбыс көп болып, таңба аз болуы керек. Мысалы, ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, соны 26 таңбамен беріп отыр. Бізде 28 дыбыс бар, соны 42 әріппен беріп келеміз. Демек, біздің қазіргі кириллицамыз біздің жазуымызды бұзып отырғаны анық. Яғни, осы арқылы кезінде бұзылған, бүлінген грамматикамызды қалпына келтіруіміз керек.
Дұрыс айтасыз, мұның бар­лығы балаларға өз әсерін тигі­зеді. Бірақ енді солай болады екен деп біз тарихымызды түгендеуден, әліпбиімізді реттеуден қашып отыра бермейміз ғой. Қазір мектептердің барлы­ғында үш тіл бірінші сынып­тан бастап оқытылады. Ағыл­шынды үйреніп жүрген бала бұған да тез бейімделіп кетеді. Мұның артықшылығы болмаса, кемшілігі болмайды.
Мысалы, «мый» деп айтамыз да, «ми» деп жазамыз. Осыдан қазіргі балалар «ми» деп оқитын болды. «Мый» деп үш әріппен жазылу қажет. «Жиналыс» деп жазамыз, «жыйналыс» деп айтамыз. 1959 жылғы реформаға дейін «жыйналыс», «мый» деп жазып келгенбіз. Кейін келіп біз оны бүлдіріп алдық. Міне, осындай бүлінген нәрселерді кириллицамен дұрыстағымыз келеді. Ал ол көзге ерсі көрінеді екен. Бұл қалай? Дұрыс, түсінемін. Ешкім бірден қабылдамайды. Сондықтан латынға ауысқан кезде бірден жазу реформасы соның ішінде қарастырылуы керек.
– «Латын әліпбиімен қазақ тілін меңгеру қиындайды деген әңгіме» орынсыз дейсіз ғой…
– Әрине, орынсыз. Егер латынға көшсек, қазақ тілін кириллицамен оқымаған адамдардың латынды оқуы қиын болып қалады деген әңгіме расында да бар. Егер таңбаға байланысты кітап оқу қиын болса, жұрт қытайша қалай үйреніп жатыр. Мысалы, Қазақстан жастары бір-екі жылда қытай тілін үйреніп алып жатыр. Оларда бес мың таңба бар. Яғни, тіл үйрету мәселесі таңбада тұрған жоқ. Мәселе қажеттілікте болып отыр. Сонымен бірге, мұның бер жағында халық сауатсыз болып қалмайды. Өткен ғасырдың өте қиын кезеңінде он екі жыл латынша жаздық. Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Еркеғали Рахмадиев және тағы да басқа өмірде үлкен жетістікке жетіп, ел тұлғаларына айналған қан­шама азаматтар алдымен ла­тын әліпбиімен сауаттанды. Қырқыншы жылы қайта ки­риллицаға көштік, осы кезде де мықты азаматтар шықты. Мәселе таңбада емес, жазу реформасында болады.
Ең алдымен, жұмыс әліпбиін сынақтан өткізу қажет. Бүгінде ұшақтың билетін латынша жазамыз. Халықаралық поштаны латынша жазамыз. Қазір ала-құла жазып жүрміз. Латын әліпбиі бекітілмеген соң, латынша да әртүрлі нұсқада білгенімізше жазып жібереміз. Халықаралық ұйымдар бізге таңғалады. Құжаттарды әртүрлі таңбамен толтырып береміз. Ең алдымен, менің ойымша, латынға көшкенде, мемлекеттік емес, жұмыс әліпбиін қа­былдауымыз керек. Осы жұмыс әліпбиі сынақтан өтіп, сіңгеннен кейін мемлекеттік деңгейде қабылданатын алфавитке көшу керек.
– Латынға көшу жобасын таныстырғаныңыздан кейін бұл мәселе көпшіліктің қызу талқылауына түсті. Көптеген ұсыныстардың ішінен неге осы нұсқа таңдалды?
– Латынға көшу жөніндегі осы нұсқаны дайындау барысында ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жағы да ескерілді. Жұмыс тобы осы принципті негіз етіп алды. Ең бастысы, бұл нұсқада дыбыстар орнында тұр. Бірде-бір дыбыс ұмыт қалмаған. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілдер институтының жұмыс комиссиясына латын графикасын өзгерту жөнінде 100-ден астам нұсқа келіп түсті. Солардың арасынан суырылып осы нұсқа шықты. Қазақ тілінің төл табиғаты негізге алынумен бірге латын әліпбиін таңдаған себепті халықаралық тәжірибелерге де мән берілді. Дыбыстарды зерттеумен айналысып келе жатқан беделді халықаралық ұйым бар. Ол 1886 жылы ашылған фонетистердің халықаралық ассоциациясы. Халықаралық фонетикалық әліпби де бар. Осы латын графикасындағы фонетикалық әліпбиде 107 әріп, 52 диак­ритикалық таңба және 4 просодия-символ бар. Бұл жүйе арқылы латын графикасының ерекшеліктерін, қолданылу барысын тануға болады. Бұл жобаны Парламент қалаулыларына көрсеткеннен кейін бұқара халық мұны бекітті деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл олай емес. Бұл дегеніміз – жобаны халыққа таныстыру, елдің пікірін тың­дау, ортаға салу деген сөз. Біз ұсынған жоба – ғалымдар мен арнайы мамандардың пікірі. Мүмкін қоғамның басқа да жақсы ұсыныстары бар шығар. Егер бұлай болса, ешкім қой демейді. Біз қанша жерден бұл қанатқақты жоба, халыққа таныстырудамыз, десек те ғаламторда, баспасөз беттерінде «Парламент жарамсыз әліпби шығарды» деген сұхбаттар толып жүр. Ең маңыздысы – бір қадам алға жылжығанымыз, бетбұрыстың болғаны. Латынға көшпес бұрын әлі қанша қадам аттайтынымызды білмейміз, бір ме, әлде екі ме, үш пе, оны уақыт көрсетеді. Ал толық латын әліпбиіне көшу үшін қаншама уақыт керек. Әліпби нұсқасы бекітілгеннен кейін одан туындайтын емле-ережелер жасау, қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерін дайындау, бекіту және халыққа тарату жұмыстары жүргізіледі.
– Өзіңіз айтып отырған алаң­даулардың ішінде көбі «Түріктер қолданып жүр­ген нұсқаны неге пайда­лан­бадық?» дегенге сая­ды. Бұған не дейсіз?
– Латын графикасына тек түріктер ғана емес, ағайын­дарымыз әзербай­жандар, өзбектер мен түрік­мендер де көшкен. Олар­дың тәжірибелері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институт ғалымдары тарапынан толық зерделенді. Әрбір тіл – жекеше құбылыс. Әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Ғалымдар айтпақшы, әрбір тіл ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір ойлау, дүниені қабылдаудың ерекше логикасы. Өзбек тілінде бір сөз айтсақ, қазақ тілінде ол басқаша естіледі. Мағынасы да өзгеріп кетеді. Әліпби әрбір сөздің мағынасы жоғалмайтындай етіп жасалуы керек. Ауызша бір сөзді ойласақ, қағаз бетіне де солай түсіре алуымыз керек. Біздер диакритикалық белгілерді қолдансақ па екен деп көп ойландық. Нүкте, үтір сынды таңбаларды қолдансақ та болар еді, онда бұл латын әліпбиі болмас еді. Кейбір арнайы дыбыстар қазақ тілінде де басқа тілдерде де кездеседі. Мәселен, «в» әрпі өзбек тілінде де бар. «Ж» әрпі қазақ тілі мен түрік тілінде әртүрлі айтылады. «У»-ды қазақ пен орыстың қалай айтатындығын салыс­тырып көріңізші. Осыдан барып біздер классикалық латын әліпбиі мен диаграфтарын қолданамыз деп шештік.
– Қазақстандықтардың келіспеушілігін туғызған да осы диаграфтар емес пе?
– Біз неге диаграфта бір дыбыс­ты екі әріптің көмегімен беріп отырмыз? Егер біз ә ні – ä деп бер­сек, а әрпі баршаға танымал. Ал мынау ä ойлап шығарылған. А – қатаң дыбысталады, ә – жұмсақ. Жобамыздағы ае әріптері ә әрпін береді. Жарты ғасырдан бері фонетиканы зерттеумен айналысып келе жатқан біз­дің аса қадірменді профессорымыз Әлімхан Жүнісбек кезінде Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен негізге сүйенеді. Өйткені Ахмет атамыз ае диаграфын қолдану арқылы ә дыбысын беруге болады деген. Мұндай тәжірибе өзге елдердің тәжірибесінде де бар. Бір қызығы, ә әрпі тек қазақ тілінде ғана емес, каталондықтарда, испандықтарда, ағылшын тілінде де бар. Сондықтан ол – халықаралық әріп. Е әрпі – қазақ тіліндегі қатаң жұбы жоқ жалғыз әріп. Мәселен, а – ә, о – ө, ұ – ү, ы – і. Міне, тоғыз дауысты дыбыс. Сондықтан да біздер Е нің көмегімен ае, ое, ue деп жұмсақ дауыстыларды ұсындық. Егер біз жұмсақ айтылатын дауыстыларды беру кезінде нүкте, үтірді пайдаланар болсақ, бұл тек сурет болып қалар еді. Дыбысты емес, таңбаны таңдасақ, ұялы телефондардағы смс-терде адамдар аже, аке деп жазар еді. Мұның соңы төл әріптерімізді ұмытуға әкеп соғар еді. Дауыссыз дыбыстарды жазба күйінде бергенде, біз h әрпін таңдадық. Біріншіден ол қатаң, екіншіден, sh, ch дыбыстарын қабылдау жеңілірек. Өйткені ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгерген қауым үшін бұл – үйреншікті жағдай. Бізге 25 әріп пен сегіз диаграфты білсек болды. Ң диаграфын ng осылай алып отырмыз. Ағылшын тілінде де ң бар. Біздегі диаграф сегіз болса, ағылшындықтарда 20-дан асып жығылады. Сол үшін де қазақ тілі құрып кететін болды деп қауесет таратудың керегі жоқ.
– В, ф, ц әріптері ше? Мүмкін тек төл әріптерге ғана басымдық беру керек шығар. Бұған не дейсіз?
– Бұл тек орыстарға тән дыбыстар емес қой. Әрбірден соң орыс тіліне бұл дыбыстар батыстан келген. Барлық тілде кездесетін әріптер. Бұл жерде де біз Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымына сүйенеміз. 1924 жылы Қазақ білімпаздарының сиезінде Ахмет Байтұрсынұлы сырттан енген кейбір ды­быс­тардың қазақ тілінде сақталуына айрықша мән берген. Мысалы: «…қазақ тілінде сақталуға аз да болса ақысы бар «һ»; өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса, сөздер бар» деп айтқан. Ислам дінінің енуімен бізге араб, сосын парсы тілдерінен ә, һ дыбыстары кездесетін сөздер енген. Мұндай сөздер қазіргі тілдік лексикамызға әбден сіңісіп кеткен. Сол сияқты ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың дамуы әлемнің барлық тіліне дерлік халықаралық терминдер мен атауларды енгізді. Олар мыңдап саналады. Оның бер жағында мектепте оқытылатын әсіресе, жаратылыстану пәндерінде халықаралық ұғымдар сол пәндердің негізін құрайды. Мысалы, физикадағы халықаралық СИ жүйесі, химиядағы Менде­леевтің периодтық жүйесі, ботаника, зоология, гео­гра­фия ұғымдарының басым көп­шілігінде в, ф, ц әріптері кездеседі. Оларды терминдік мәнде пайдалану үшін бұзбай айту және жазу керек. Қазіргі кезеңде жаһанданумен бірге қаншама халықаралық терминдер енуде. Осыларды да ойлағанымыз жөн. Жалпы халық тіліне, қоғамға енген терминдер бірте-бірте біздің ұлттық тіліміздің ажырамас бөлігіне айналады. Тіл өзінің ішкі әлеуеті арқылы да, сонымен бірге сырттан енген сөздер арқылы да үнемі толығып, байып тұрады. Мәселен, ағылшынның төл сөздері олардың бүгінгі тілдік қорының 15 пайызын ғана құрайды екен, орыс тілінде мұндай түпнұсқа сөздер 35 пайыз шамасында. Қазір бұл екі тілдің байлығына, қолданылу ауқымына, әлемдегі беделіне ешкім күмәндана алмайды. Бұл арада оқырман дұрыс түсінуі керек, біз тілімізді шұбарлаймыз деген міндеттен аулақпыз. Мұндағы басты мәселе – тілдің қолданылу кеңістігін күшейту, заман ағымынан кейін қалдырмау.
– Х и h дыбыстарын бір ғана H/h әрпімен жазуды ұсындыңыз, кішкене ұқсастығы бар, бірақ әртүрлі әріптер емес пе? Х дыбысын kh деп жазуға болмай ма? С мен Ш әріптерін қалай ажыратамыз? Ashat – Асхат немесе Ашат, ashana – асхана немесе ашана?
– h дыбысы бірнеше сөзде кездеседі. Әлі дұрыс жазу үлгісі дайын болмағандықтан, қателесу байқалып отыр. Мәселен, орыс тілінде «она» деп жазамыз, «ана» деп айтамыз. «Алег» деп айтамыз, «Олег» деп жазамыз. Яғни, айтылуы бір басқа, жазылуы бір басқа. Х, Һ дыбыстарында да солай. Сол сияқты sh дыбысына қарапайым халық көп мән беруде. Ол үшін жоғарыда жазғанымыздай, арнайы емлелік ережелер болады, орфографиялық сияқты сөздіктер дайындалады. Сол кезде бәрі орын-орнына қойылып, көпшілікке әліпбидің мәні ашыла түседі. Қазір латын графикасындағы әліпби бекітілгеннен кейін ғалымдар бірлесіп жұмыс істеп, оның ережелерін бекітіп, бұл қалың көпшілікке оқу орындары арқылы, қазіргі дамыған ақпараттық жүйелер арқылы жеткізіледі. Сол шақта жаңа әліпби лингвистикалық әрі қоғамдық құбылыс ретінде жұмыс істей, яғни қолданыла бастайды.
– Шынында да, бұл сөздік тезірек енбесе, әсіресе, оқу­шы­ларға қиын болатын сияқ­ты. Мысалы, Kuelaeshting kuejewi – Күләштің күйеуі, zhylqyshy – жылқышы дегенде қай жерде қандай әріп тұр­ғанын шатастырып отырады.
– Иә, орфографиялық сөз­діктен қарау керек және ережеге бағыну қажет. Қазақ тілінде екі дауысты қатар тұрмайды. Сондықтан бір әріп қылып оқисыздар. Қалғаны – диаграф. Балалар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйренуде. Оларға қиын болмайды. Тек дұрыс жаза біліп және дұрыс айта білу керек. Еліміздегі әрбір бесінші адам ағылшынша біледі. Ал қазақ тілі аса ауыр тілге жатпайды. Сондықтан латын қарпі үлкендерге де, кішілерге де қиындық туғызбайды. 25 әріпті бір жыл бойы үйренбейді ғой. Әр күні бір-бір әріптен үйренеді. Біздер әбден жайлылыққа үйреніп қалғанбыз. Әлі-ақ бұған да үйренеміз. Латынға көшу бір күннің тірлігі емес.
– Я мен ю әріптері қайда кетті? Қазақша қою, қияр, сия, ұя, ою, аю секілді сөздерді латын тілінде қалай жазамыз?
– Я әрпін алар болсақ, орыс­тарда мұндай әріп болмаған. Я – иа деп айтылады. Ал ю болса иу деп айтылады. Бұл жобада дыбыстардың орнына қолданылатын таңбалар көрсетілген. Қияр сөзін qiar деп, қою – qoiw деп жазамыз. 1957 жылға дейін кириллицада осылай жаздық. 1950 жылғы кітаптарды оқысаңыздар я, ю әріптерінің болмағандығын көресіздер. Қазіргі кезде сайттарда, әлеуметтік желілерде айтылып жатқан пікірлердің баршасынан байқайтындарыңыз Парламентте ұсынылған әліпби жобасын бәріміз білетін кирилл әліпбиімен және ағылшын тілінің латын әліпбиімен салыс­тырады. Бұл аса дұрыс бола бермейді. Біз жаңа әліпбиді өзіміз кетейін деп отырған кирилл немесе басқа тілдік семьяның тілі ағылшын тілімен салыстыра алмаймыз. Бұлай бейімдеу жаңсақтау. Ең басты ғылыми қағида – қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін сақтау. Кейбір тұстарда ғана әлемдегі әліпби жасау тәжірибелерінің тікелей әдістеріне емес, ғылыми әдіснамаларын қолдану қажет.
– Әліпбидің осы нұсқасын дайындауға қанша уақыт кетті?
– Әрбір ғылыми жұмыс екі бөліктен тұрады. Біріншісі – ғалым мұның бәрін өзінен өткізіп, сіңіріп, қабылдайды. Бұл үшін ондаған жылдар қажет. Қазақ әліпбиінің практикасы мен теориясы Ахмет Байтұрсынұлынан басталады. Кітап шығару үшін де көп уақыт кетеді ғой. Әліпби түзуге кірісетін адам ең алдымен сондай ғалымдардың ғылыми тәжірибелерін жақсы меңгеруі тиіс. Бұл – дайындықтың ең бастапқы және ең негізгі кезеңі. Ал бұл нұсқаға келсек, бұған қатысқан азаматтардың алды тәуелсіздікке жеткен жылдардан бері, ал жасы кішілері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастама көтерген 2006 және 2012 жылдардан бастап ойланған болуы керек.

Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =