©2020 Астана Ақшамы
Латын әліпбиін таңдау – саяси шешім емес
«Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспары жарияланғалы елімізді латын әліпбиіне көшіру мәселесі қызу пікірталастар тудыруда. Осы таңдаудың өзін Тәуелсіз Қазақ елінің геосаяси бағытын өзгертетінінің белгісі ретінде қарастырушылар да бой көтерді.
Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде өз ойын былайша жеткізді:
– Бұл үдеріс (латын әліпбиіне көшу мәселесін айтып отыр. – ред.) жақсы дайындықпен және ойластырылып жүргізілуі қажет. Осы орайда, XX ғасырда кириллица алфавиті негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әрі қарай Қазақстанның әліпби ауыстыру тұрғысындағы мақсат-мүддесі шетелдік серіктестердің назарын аударып отырғанына тоқталған Президент:
– Кейбіреулер бұдан Қазақстанның геосаяси артықшылығының өзгеру «айғағын» көргендей болғаны мүлде негізсіз. Оған еш негіз жоқ. Бұл туралы мынаны айта аламын. Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік. Қараңғы бөлмеден қара мысық іздеудің қажеті жоқ, оның үстіне, ол онда ешқашан болмаған. 20-40-шы жылдары латын әрпі қолданылғанын еске салып өтпекпін. Бұрынғы КСРО-ның одақтас он бес республикалары ішінен одақтың тарауына дейін үшеуінде ұлттық тіл латын тілі болып келген. Қазақстанның еуразиялық интеграцияға қатысуына келсек – бұл біздің принципті таңдауымыз. Біз дұрыс бағытта алға жылжып келеміз деп есептеймін, экономикалық интеграция бүкіл әлемнің міндеті болып саналады. Біздің дамып келе жатқан экономикамыз жаңа нарықты талап етеді, сондықтан, біз саяси емес, экономикалық интеграцияға қадам басып келеміз. Елдің саяси егемендігі мәселесі талқыланбайды, – деді.
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ