Лариса БУХАНОВСКАЯ, Астана қаласы №6 емхананың бас дәрігері: ЕМХАНАҒА НАҚТЫ МЕКЕНЖАЙ­ БОЙЫНША­ БЕКІТІЛЕ АЛАСЫЗ

0 132

IMG_3347

Рыскелді:

– Мекенжайым бойынша теміржол вокзалы ауданында тіркелгенмін. Бірақ, оңтүстік-шығыс шағын ауданында пәтер жалдап тұрып жатырмын. Сіздің емханаға бекітілгім келеді. Бұл мүмкін бе?   

– Иә, сіз нақты тұрып жатқан орныңыз бойынша біздің емханаға бекітіле аласыз. Ол үшін учаскелік терапевке бекітілу туралы өтініш пен жеке куәлігіңіздің көшірмесін ұсыныңыз.

 

Валентина:

Қазақстан Респуб­ли­касында тұратын туыс­қан­да­рыма уақыт­ша қонаққа кел­ген­мін.  Бұл жерде маған ақысыз меди­ци­на­лық қызмет  көрсетіле ме? 

– Егер сізге жедел меди­ци­налық көмек көрсету қажеттігі туындаса, онда Қазақстан Республи­касы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 «Кепіл­ден­ді­рілген көлемдегі тегін меди­ци­налық көмектер тізімін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, сіз­ге тегін медициналық көмек көрсетіледі.

 

Қызғалдақ:

– Терапевте «Демік­­пе» диагнозымен дис­­пан­­сер­лік есепте тұрмын.  Ме­нің­ тегін санаториялық-курорт­тық ем алуыма бола ма?­ Бұл­ мәсе­лемен қайда және кім­ге баруым керек? 

– Көрсеткішіңізге байланысты учаскелік дәрігердің жолдауымен сіз Бурабайдағы «Қарағай» санаторийіне бара аласыз. Ол үшін кезекке тұруы­ңыз керек. Алдымен тексеріліп жүрген учаскелік дәрігерге бары­ңыз, сосын кезекке жазылыңыз.

 

Орынтай:

– Кішкентай баламның геморройы бар. Сіздің емханада амбулаторлық негізде балама операция жасатуға мүмкіндік бар ма?

– Бар. Біздің №6 қалалық емханада амбулаторлық хирургия орталығы жұмыс істейді. Сіз осында келіп, хирургтың кеңесінен кейін балаңызға операция жасата аласыз.

 

Бақытбек:

– Мен – зейнеткермін. Көп жылдан бері буындарым ауырады. Дәрігерлер маған «Остеоартроз» диагнозын қойды және бес күнге «остенил» дәрісін жазып берді. Дәріханаға барсам, бұл препарат қымбат екен. Оны тегін алуыма бола ма?

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылғы 13 желтоқсандағы №726 бұйрығына сәйкес, өзіңіз бекітілген емхананың учаскелік дәрігері көрсеткішіңізге орай сізге рецепт жазып береді. Сол бойынша дәріханадан бұл препаратты тегін ала аласыз.

 

Мүслима:

– Балаларым жиі ауырады. Дәрі-дәрмектерді  сатып алу үшін көп ақша кетеді. Емханадан тегін дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігім бар ма?

– Иә, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 14 қарашадағы №786 бұйрығына сәйкес, белгілі ауру­лармен ауыратын адамдар амбу­латориялық деңгейде тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде тегін дәрі-дәрмектермен және меди­ци­налық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Балаңыз дис­пан­серлік есепте тіркелген болса, тегін медициналық көмек көрсету кепілді көлемі шеңберінде учас­келік дәрігер балаңыздың сырқатына байланысты тегін дәрі-дәрмектерге рецепт жазып береді. Сол бойынша «Гиппократ» дәріханасынан өзіңізге қажетті дәрілерді ақысыз ала аласыз.

 

Үміт:

Құрметті демалыстамын. №6 емха­на­ға тіркелгенмін. Сырқатым бойынша дис­пан­серлік есепте тұрмын. Аяғым да жиі ауырады. Үй жағдайында емделуге құқығым бар ма?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 жел­тоқ­сандағы №1472 «Тұрғындарға стационар алмастырушы көмек көрсетуді бекіту туралы» қау­лы­сына сәйкес, алдымен участ­келік дәрігердің қабылдауына келіңіз. Тексерілген соң, қазіргі уақытта үй жағдайында тегін медициналық көмектің қажеттілігі анықталса, дәрігерлер сізді үйіңізге барып емдейді.

 

Риза:

– Мен баламды уақытынан ерте босандым. Салмағы талапқа сай болмағандықтан, перзентханада туберкулезге қарсы егілмеді. Енді сол екпені алсақ бола ма?

– Қазір балаңыздың салмағы қанша?

– Екі келіге жақындап қалдық.

– Бұл екпені баланың салмағы екі келіге жеткен соң ғана алуға болады. Ол үшін участкелік дәрігеріңізге барып, жағдайды түсіндіріп айтасыз. Медбике сізге екпе жасала­тын арнайы күнді белгілеп береді. Сосын емханаға барып БЦЖ вакцинасын ала­сыз­дар. Жалпы, балаңыз бір жас­қа келгенге дейін емханаға ай сайын балаңыздың ден­сау­лы­ғын тексертіп отыруыңыз керек.

 

Марал:

– Оңтүстік Қазақ­стан облысынан көшіп келдім. Қазір Кемел көше­сіндегі №10 үйде тұрып жатырмын. Қала­лық №6 емханаға бекітілуіме бола ма?

– Иә, Кемел көше­сі №6 қалалық емха­на­ның аумағына жата­тын­дықтан, сіз біздің медициналық мекемеге бекітіле аласыз. Ол үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы №1263 қаулысына сәйкес, алдымен №6 емханаға келіп, мекеме басшысының атына өтініш жазасыз. Сосын жеке куәлігіңіздің көшірмесін ұсынып, емханаға тіркелесіз. Содан кейін дәрігерге қаралуыңызға болады.

 

Сайра:

– Екі жерде жұмыс істей­мін. Сол екі жер­ге бірдей еңбекке жарамсыздық қағазын алуы­ма бола ма?

– Болады. Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің 2012 жыл­ғы 31 қазандағы №1241 қау­лы­сы­ның 2-тармағының 23-тар­мақ­шасына сәйкес, емдел­ген дәрігеріңізге мән-жайды түсін­діріп айтыңыз. Біздің елімізде екі жерде жұмыс іс­тей­тін азаматтар аталған қаулының негізінде еңбек­ке жарамсыздық қағазын екі жұмыс орнына да ала алады.

 

Мереке:

– Алты перзентті дү­ни­е­­ге әкелген көпбалалы ана­мын.  Компьютерлік томо­г­ра­фия­дан өтуім керек. Бұл ретте мен секілді көпбала­лы аналарға қандай да бір жеңіл­­дік қарастырылған ба?

–  Қазақстан Республикасы­ Үкіметінің 2009 жылғы 15 жел­тоқсандағы №2136 қаулы­сы­мен бекітілген тізімге сәйкес, дәрігердің жолдамасы бойынша сіз тегін компью­тер­лік томографиядан өте аласыз.

 

Мұрат:

– Жасым 46-да. Осы жылы скри­нин­г­тік тексеруден өтуім керек пе?

– Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 16 наурыздағы №145 және 2012 жылғы 26 желтоқсандағы №887 бұйрықтарына сәйкес, биыл 1968 жылы туғандардың, яғни, сіздің де скринингтік тексеруден өтуіңіз керек. Ол үшін алдымен  учаскелік дәрігеріңізбен хабарласыңыз. Ол сізге скринингтен өтуге жолдама жазып береді.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + five =