Лариса БУХАНОВСКАЯ, Астана қаласы №6 емхананың бас дәрігері:»ДӘРІГЕРГЕ ВЕБ-САЙТ АРҚЫЛЫ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ»

0 150

 

Толғанай Сейітқалиқызы:

– Жаңа туған, айы-күні тол­май шала туған бала­лар­­ға ре­цепт бой­ын­ша қо­сым­ша те­гін та­мақ беріле ме?
– Қазақстан Республикасы Ден­­саулық сақтау министрінің 2011 жылғы 4 қарашадағы «Те­гін меди­циналық көмектің ке­піл­дік беріл­ген көлемінің шең­­берінде амбу­ла­ториялық дең­гейде белгілі бір ауру­лары (жай-күйі) бар ха­лық­ты тегін қам­тамасыз ету үшін дә­рілік зат­­тар­дың және меди­ци­налық мақ­­­сат­тағы бұйым­дар­дың және ма­ман­­дан­дырылған емдік өнімдер­дің тізбесін бекіту туралы» №786 бұйрығына сәйкес, меди­­­циналық көрсеткіштер бойын­­ша өмірінің алғашқы күні­нен бас­­тап жа­санды тамақ ішетін сә­би­лерге құр­ғақ қоспа түріндегі ба­лалар тама­ғы рецепт бойынша те­гін беріледі.
Астанадағы барлық емханада жаңа туған балаларды толықтай жә­не аралас жасанды тамаққа кө­ші­ру жөніндегі комиссия жұ­мыс іс­тейді. Әр балаға қатысты сол комиссия мүшелері шешім шы­ғарады. Сон­дықтан, алдымен учас­келік балалар дәрігеріне жо­лық­қаныңыз жөн.

Айдарбек Айыпов:

– Флюорографиялық тексеруден жылына бір реттен артық өтуге болмайды ғой. Солай ма?
– Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау министрінің 25.04.2011 жылғы «Туберкулезбен күрес жөніндегі кейбір мәселелер туралы» №218 бұйрығына сәйкес, азаматтар флюоротексеруден жылына бір рет өтуге міндетті. Аурудың көрсеткіштеріне байланысты, науқас ауырған немесе туберкулезбен ауырған адаммен қарым-қатынаста болған жағдайда, оны қайта өтуді дәрігердің өзі шешеді. Яғни, дәрігер қажет деп тапса, тексеруден өткеніңіз жөн.

Мира Болатқызы:

– Көкшетау қаласынан келіп едім. Жұмыс істемей­мін және Астанада тіркелмегенмін. Жүктілігім бойын­ша қайда есепке тұруым керек?
– Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 88 және 91-бабына сәйкес, әрбір әйел жүктілігіне байланысты нақты мекенжайы бойынша бекітілген емханаға «Д» есепке тұруға құқылы. Бұл ретте сіздің Астанада тіркелуіңіз талап етілмейді.

Айгүл Дүйсенова:

– «Тұмауға қарсы егілуім қажет пе?» деп сұрағанымда, дәрігер: «Бұл өз ер­кі­ңіз» деп жауап берді. Сонда қа­лай, ме­нің ағзама оның керек, не ке­рек емес екенін білетіндей, мен дә­рі­гер емеспін ғой. Бұған не дейсіз?
– Қазақстан Республикасында тұмауға қарсы егу міндетті болып саналмайды. Дегенмен, иммунитеті төмен, жиі ауыратын, бронхиалды астмасы бар науқастардың вакцина қабылдағаны жөн. Бұл ретте пациенттің пікірі міндетті түрде есепке алынады, себебі, тұмауға қарсы егу біздің елде азаматтардың еркімен жүргізіледі. Тұмаудан сақтануды ойластырған әр адам ең алдымен учаскелік терапевтке қаралуы керек. Өз басым егілудің бұл түрін қолдаймын.

Айтжан Молдабаева:

– Заң бойынша менің дә­рі­герді, емхана мен аурухананы таңдауға құқым бар ма?
– Қазақстан Республикасы Үкіме­ті­нің 2011 жылғы 1 қарашадағы «Бас­тапқы медициналық-санитариялық кө­мек көрсету қағидаларын және аза­мат­тарды бастапқы медициналық-сани­тариялық көмек ұйымдарына бекіту қағи­даларын бекіту туралы» №1263 қау­лысы негізінде азаматтардың бас­тап­қы ме­дициналық-санитариялық кө­мек көрсететін ұйымға бекітілуі тұ­рақ­­ты немесе уақытша тұрғылықты, жұ­мыс істей­тін, оқитын жері бойынша бір әкім­шілік-аумақтық бірлік шегінде дәрі­гер­ді, ме­ди­циналық ұйымды еркін таңдау құқы негізінде жүзеге асырылады.
Азаматтар БМСК ұйымының біреуі­не ғана бекітіле алады. Сонымен бірге ол бекітілген халық санының норма­тивтеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Астана емханаларындағы жүктеменің көптігіне байланысты азаматтарды емханаға бекітуді тіркеу нақты мекенжай бойынша жүргізілуде.

Қызғалдақ Балғабекқызы:

– Дәрігерлер мүлде бала көтере алмайтынымды айтты. Қолдан ұрықтандырудың мүмкіндіктерін пайдаланып көргім келеді. Бірақ, ол ақылы екенін жақсы білемін әрі бұған дейін де бір перзент сүйеміз бе деген үмітпен қаншама қаражатты босқа жібердім. Айтыңызшы, Лариса Викторовна, өзім тіркелген емхана арқылы ЭКҰ-ға квота ала алам ба?
– Қазақстан Республикасы Ден­­сау­лық сақтау министрінің 30.03.2011 жылғы «Ұрпақты болу­дың қо­сал­қы әдіс­тері мен техно­логия­ла­рын жүргі­зу ережесін бекі­ту ту­ралы» №162 бұй­­­ры­ғына сәй­кес, 2010 жылдан бастап экстра­кор­­по­ральды ұрық­тан­­ды­ру тегін ме­дициналық көмектің кепіл­дік бе­рілген көлемінің шеңберінде жүзе­ге асырылады. Егер бедеулігіңіз анық­талса және Рысқұлов көше­сіндегі 8-үйде орналасқан №1 пери­на­тал­дық орталықтың отбасын жос­парлау бөлімшесінде қаралып жүр­сеңіз, жоғарыдағы бұйрықтың негі­зінде ЭКҰ процедурасын қажет ете­тін пациенттер тізіміне тіркелесіз. Пери­на­тал­дық ор­талыққа жолдаманы белгілі тек­серулерден өткеннен кейін учас­келік дәрігеріңіз жазып береді. Отбасын жоспарлау бөлімшесінің гине­колог-эндокринолог дәрігеріне жазылу үшін алдына ала 43-27-25, 43-27-39 немесе 43-27-21 телефондарына хабарласуыңызға болады.

Мәрияш Қайыржанова:

– Қандай жағдайларда квота бойынша шетелде емделе аламын? 
– Квота бойынша шетел­де е­мделу үшін Үкіметтің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы қау­лы­сымен бе­кітілген «Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасы азаматтарын бюджет қаражаты есе­бінен шетелге емделуге жіберу туралы ережеге» сәй­кес, емдеудің біздің елімізде қол­­да­­нылмайтын, жоғары тех­но­ло­гиялық тәсілдері қа­жет болған жағ­дайда, ел азаматтары ше­телде емде­луге жіберіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 16 =