Лаңкестер өлім жазасына кесіле ме?

0 13

Кеше Мәжіліс депутаттары қылмыстың 13 түрі бойынша өлім жазасы алынып тасталатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң қабылданғаннан кейін, лаңкестік, жалданып соғысу, диверсия сияқты қылмыстарға өлім жазасы қолданылмайды.

«ҚР-дағы Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутаттарға таныстырған Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев өлім жазасының алғашқы тәуелсіздік жылдарында 26 бапта, 1997 жылы – 18 бапта, 2014 жылы 17 бапта сақталғанын мысалға келтірді. Ел Президенті 2003 жылы мерзімсіз мораторий енгізу туралы құжатқа қол қойған. Бұл шешім өлім жазасы толық жойылғанға дейін қолданылады.

 

Әсет Шыңдалиев өлім жазасы аталған кодекстің 13-бабынан алынып тасталып, тек 4-бабында ғана сақталатынын түсіндірді. «Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы жасалған аса ауыр қылмыс­тар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болуы тиіс. Яғни, соғыс кезіндегі жаппай қырып-жою, азаматтарды өлтіру, соғыс уақытында жасалған геноцидке өлім жазасы қолданылады» деді ол. Заң жобасын талқылау барысында депутат Артур Платонов лаңкестік пен диверсия жасайтын қылмыскерлерге өлім жазасын қолданбау жөніндегі түзетуге қарсы шықты. «Лаңкестіктің халықаралық ауқымы кеңейіп, әлемдік құрылымға төнген басты қауіптің бірі болып отыр. Бүгінгі таңда Ауғанстанда немесе соғыс болып жатқан басқа елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Осы ретте терроризм, жалданып соғысу, диверсия үшін өлім жазасын алып тастау арқылы азаматтардың, мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретіп алмаймыз ба?» деп сұрады ол.

Бас прокурордың орынбасары бұл сұраққа былай жауап берді: «Терроризм, жалданып соғысу, диверсия жасаған адамдар елімізде өмір бойына бас бостандығынан айрылады. Бұл да – ауыр жаза. Егер өлім жазасы қылмыстардың санына қалай әсер ететінін талдасақ, түпкілікті шешімге дау айтатындар да, қолдайтындар да бар. Нақты шешім жоқ. Ал біздің тәжірибеге сүйенсек, кісі өлтірген адамға өлім жазасын тағайындаған кезде бұл қылмыстардың саны былайғы кезеңнен екі-үш есе көп болған».

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − two =